Елім деп соққан жүрегі
Заманымыз бір, әріптестік әрі шығармашылық байланыста жүретін Сәкеңмен арада біраз жыл өткен соң қайта жолығып сыр-сұқбат құрудың сәті түсті. 90-шы жылдардан басталған Қазақстанның тәуелсіздігін құру жолындағы қиын-қыстау кезеңдері бізді де айналып өтпеді. Біріміз қалаға, біріміз далаға дегендей, біз де Сырдан Таразға қарай қоныс аударып едік алайда, мен болсам, елге қайта оралып, оған қызмет етуге мүмкіндік алдым. Зейнеткерлікке шыққан соң Таразға қайта оралған шағымда Сәнтөре Пірманов деген Сырдың серісімен тағы бір жүздесудің орайы келді. Арада қаншама жылдар өтсе де Сәнтөре сол өзгермеген баяғы қалпында. Қалпында дейтінім, досына ашық сырласатын, жайдарлы, көңілі даладай кең, болмысы барынша қарапайым, дикторға тән таза сөз, таза дауысымен тыңдаушысын еркін баурап алатын шеберлігі мен шешендігі кімді де болса өзіне тәнті ететін қасиеті сол қалпында сақталыпты.
Тек аздап жүдеңкіреген сыңайлы. Бойындағы біз аңғарған бұл өзгерісті ұтымды әзілмен жеткізіп қыран-топан күлкіге батырып, мәре-сәре еткен Сәкең әрі қарай әңгімесін Сыр еліне қарай бұрып, әдемі әңгіменің тиегін ағытты.
Шіркін, біздің Сәкең бір өзі бір энцеклопедия дерлік бағаға ие тұлға ғой. Алдымыздағы астан ауыз тигенміз болмаса, рухани тойып, рухани баюдың не екенін сезінген сыңай танытып, оның әңгімесіне басымызды изеп, құптаған сыңай ғана танытып отырдық. Бір жылдың құлыны болғандықтан ба Сәкеңмен еркін қалжыңдасып, еркін сырласатыным бар.
– Оу, Сәке мына дүниенің бәрі ана шақшадай басқа қалай сыйып тұр десем:
– Шақшадай бас, шарадай болатын кездер болмай ма? – деп әдемі ғана жымыятынын қайтерсің.
Бойына артық салмақ жинамайтын Сәкең қашанда бабына келген жүйріктей, тұмшаулы томағасын сыпырған қырандай түлеп қияға қыранша қарап, жүйріктей жұлқынатынын оның жазған өлеңдері танытып тұрады. Бір ғана «Қармақшым менің осындай» деп аталатын өлеңінің өзі қаншама ұрпақ өкілдерін тәрбиеледі?!
Бұл өлеңде Қармақшы деген жердің ақыны, батыры, шайыры, жырауы, әулиесі, биі, бегі, аруы, тарихи-мәдени ескерткіші, аңы-құсы, тұзы-дәмі айта берсең сөз жетпейтін ерекше қасиеттері өлеңмен өріліп, жыршылық шабытпен жырлануы бұрын-соңды болмаған қайталанбайтын құбылысты жыр деуге боларлық дүние.
Бұл «Жыр-өлең» қай кезде де, қай жерде де Қармақшыны танытудың беташар жыры боп қалады деуге толық қақымыз бар. Жиенбай жырау мақамымен жұмыс жасайтын К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры Әйгерім Ешбаеваның репертуарынан түспей келе жатқан бұл жыр – Сыр өңірі жырауларының Жыр керуенімен болашаққа жол тартып барады.
1954 жылдың 10-шы шілдесінде Сыр өңірінде туылған Сәнтөре Пірманов Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың (қазіргі Қорқыт атындағы университет) қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген соң – өсіп-өнген ақ бесігі болған Қуаңдария ауылында алғашқы қызметін бастады. Жастар ұйымына жетекшілік ете жүріп, аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінің (қазіргі «Қармақшы таңы» газеті) әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне келді. Кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің референті, «Байқоңыр» телекомпаниясының қазақ редакциясының меңгерушісі қызметін атқарды. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста Жетісу өңірінің шұрайлы мекенінің бірі Тараз қаласына қоныс аударған ол шығармашылық істен қол үзбей жүріп Тараз қалалық мәдениет комитетінің бас маманы, облыстық қазақ драма театры директорының көрермендер жөніндегі орынбасары, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, облыстық мәдениет, ақпарат және туризм департаментінің иснпекторы, облыстық қазақ драма театрының әдеби-драмалық бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. 2011 жылдан облыстық қазақ драма театрында әртистер труппасы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келді. Қазір зейнеткерлік жасқа жеткен Сәкең құрметті еңбек демалысында.
Оның «Құралай», «Қармақшы таңы», «Жұлдыздар түнде жарқырайды» деп аталатын жыр-жинақтары сүйікті оқырмандарының қолына тиді. Сонымен бірге ол «Бәйшешек пен бозторғай» драмалық ертегісінің және «Театр – өнер жүрегі» зерделеу кітабының «Ұлы Жібек жолы», «Тараз-2000», «Айша бибі – Қарахан» тарихи сценарийлерінің авторы.
С.Пірманов Кенен Әзірбаевтың 120 жылдығына арналған аймақаралық, Тараздың 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйраларының жүлдегері, 2007 жылғы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған Ұлттық «Астана – Бәйтерек» әдеби жабық бәйгесінің бірінші жүлде иегері. Оның оннан аса драмалық ертегілері мен қойылымдары облыстық театрда бірнеше жылдардан бері үзбей сахналанып келеді.
«Әнші балапан хикаясы» ертегі (1999 ж), «Жунглиден келген Маугли» ертегі – фантазия (2003 ж), «Ұлыстың ұлы күні» аңыз – дастан (2004 ж), «Мұз қаладағы ғажайып» ертегі – думан (2004 ж), «Нұр жаудырған наурыз» аңыз-думан (2005 ж), «Қызғыш құс» монодрама (2007 ж), «Наурыз көк Нәурізек» салт-дәстүр ертегісі (2008 ж), «Жыл басы – Наурыз» дәстүр-салт ертегісі (2009 ж), «Наурыз патшалығының құпиясы» қиял-ғажайып ертегісі (2012 ж), «Наурыз – көктем жүрегі» қызықты хикая (2013 ж), «Аялдама» поэтикалық драма (2013 ж) сияқты драмалық туындылар оның әр жылдардағы еңбегінің жемісі.
Осындай шығармашылық істің иесі құрметті де қадірлі, ҚР Театр қайраткерлері одағының Қазақстан авторлар қоғамының және ҚР Журналистер одағының мүшесі, 2012 жыл қорытындысы бойынша «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалы «Жылдың үздік сценарийсі» номинациясымен марапаттады. Ол Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасының иегері.
Сегіз қырлы, сексен сырлы Сәкеңнің мен білмейтін де қасиеттері де көп болар. Білетінім, ол – ақын, журналист, тілші, жыршы, айтыскер, домбырашы, ұлан ғайыр шежіренің білгірі, диктор сценарист, ұстаз, әдебиетші, тарихшы, зерттеуші айта берсек мол қасиет иесі, жан-жақты жетілген тартымды тұлға.
Сырдың саңлақ айтыскерлері ішіндегі Серік Ідірісов сынды айтыскермен Сәнтөре талай мәрте сөз додасына түсіп, Серіктің айтыскер ақын ретінде танылуына көп еңбегін сіңірген уақыты қаншама?!
Мәдениет саласында қызметтегі кезім. Бірде аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ү.Махамбетованың кабинетіне жарқ етіп Сәнтөре кіріп келді. Үрзахия екеуміз орнымыздан атып тұрып:
– Оу, Сәке сізді де көретін күн бар екен-ау, – деп қуанышымызды жасыра алмай ортаға алдық. Сәкең де өзінің біз сияқты өскен ортасын сағынғаны дидарынан көрініп тұрды. Үшеуіміз шүйіркелесіп айтқан әңгіменің әдемі кестесі төгіліп жатты.
Сәнтөре кетерінде екеумізге қолтабасын жазып пышақтың сыртындай көлемде ғана шығарылған «Жұлдыздар түнде жырлайды» деп аталатын жыр жинағын беріп кетті.
Кітапты парақтағанымда әр өлеңнің мазмұнының салмағын атан түйе көтере алмайтындай екен деп таңдандым да тұшындым.
Туған жерден тыс жүрген ақын жанының музасы не деген керемет өрілген мына өлеңде. Жүрегім жас төккендей неге өксігенін түсінбедім. Өлеңнің соңына дейін оқуға шыдамай, «Сен осындай болмасаң не етер едім?» деп сүйсінісімді жасыра алмадым. Менің замандасымның, менің қатарымның осындай өрелі оймен халқына үн қатуы көңілімді бір биікке көтеріп кеткендей болғаным рас.
Өлеңде:
– Дұғай да, дұғай Сәнтөре
Сәлем айтты дегейсің,
Пойыз жүріп кеткенше
Өлең айтты дегейсің.
Сол баяғы тарамыс,
Арық қалпы дегейсің.
Жоқ дегенді білмейтін,
Қарық қалпы дегейсің.
Өнер жайлы өрт болып,
Жанып жатыр дегейсің.
Жүз жыраудың өмірін,
Зерттеп жатыр дегейсің.
Қазынасын халықтың
Қазып жатыр дегейсің.
Құпия бір дүние,
Жазып жатыр дегейсің.
Алтын басын Тәңірге
Иеді екен дегейсің.
Домбырасы төрінде,
Киелі екен дегейсің.
Өзгеріс аз, өкпе жоқ
Реңінде дегейсің.
Қасиетті Қармақшы,
Жүрегінде дегейсің, – деп төгілген жыр шумақтары елім деп соққан жүректің айтар сөзі екені мәлім.
Өмірінде барға қанағат етіп, жоққа қолымды қайтсем де жеткізем деп тыраштанбаған ақын көңілі шабытымен, шалқар қиялымен кеңіп жатқан жайда. Бүгінде зейнет жасында болғанымен қаламын серік етіп өлеңін дос еткен ақын жүрек шығармашылығын бір сәт тоқтатқан емес. Тараз қаласының таңдай қақтырар тарихи-әдеби ескерткіштері мен кешендері туралы жазары да, зерттеулері де таусылар емес.
Оның тағлым берер тарихи тұстарын сырттан білсем деп келген қонақтарға зерделеуді мұратына айналдырған Сәкең үнемі тынымсыз тірлік үстінде.
Дегенмен, Сыр өңірі, Сыр елі жүрегінде қатталған оның туған жерге деген махаббатын айтып жеткізуге өзінен басқа жанның тілі жете қоймас.
С.Пірмановтай тұстасымның болғаны маған да мақтан, маған да зор мәртебе! Бала жеңіне қарап өседі демекші, Сәнтөренің сөз саптарлары мен аса талғампаздықпен жырланатын жырлары бізді де терең ойға жетелеп оқырмандарымыздың алдындағы жауапкершілік жүгін сезінуге жетелеп отырады.
Қосағы Светамен екеуі ұл-қыз өсіріп, немерелерімен шуақ шаттығына бөленген құрметі әке мен шеше, ата мен әже.
Өзінің ет жүрегімен жазған жырларын туған елінің жүрегінде жаттаулы, Сыр сандығында сақтаулы. Ақын үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін бе?!
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы