Достар, достар, қайдасыңдар?...
Дөңгелеген дүние-ай деп қалай айтпайсыз мұндайда. Кеше ұлымыздың айдары, қызымыздың тұлымшағы желбіреп, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның не екенінен алаңсыз, тек қана қуанышты күндерді елестеткен бейкүнә бала едік.
Ал қазір, ұрпақ өсіріп, олардан немере-шөбере сүйген ақ сақалды ата мен ақ жаулықты анаға айналып шыға келдік. Әрине, қиялға ерік берсең, ұстатпайтын-ақ сағымдай жылжып өтіп жатқан жылдар. Оған қарап ой тоқтатпау, шегініс жасамау да мүмкін еместей. Бала шақ пен қарттық кезеңдегі аралықта қаншама өмір, еңбек тәжірибесі қатар өріліп, алға ұмтылумен келдік осы күнге. Әлі де бір тыным таппай елдің, туған жердің қажетіне жарасақ деген ойдамыз. Адал нан тауып, айналамызды өркендетсек, гүлдендірсек деп ерінуді білмедік. Қоғамның бір бұрышына кірпіш болып қаланып, іргесін берік етсек деп үлкен мақсат қойдық алдымызға. Сол сүрлеуде шаршап-шалдықпай, кейінгіге үлгі болсақ, жақсы ат пен абыройлы іс қалдырсақ деп тыным таппадық әрбірде. Сондай асыл мұратты арқалай жүріп, біріміз ғалым, біріміз ұстаз, енді біріміз дәрігер, құрылысшы, тағы басқа мамандық иесі болсақ деп арман асқарында жан-жаққа кете бардық. Өйткені Алланың жаратқандағы жұмырбасты пендеге берген зор нығметі осы деп ұғындық. Өмірдің бар мәні де осында жатыр деп түсіндік. Осы арман-мақсат біздерді алдамады, алға жетеледі. Кері тартып кетпеді, өрге сүйреді. Қанатымызды талдырмай, биіктерге самғатты. Жасытпады, ерік беріп жігерлендірді. Міне, осындай ұстаным, осындай өмірлік қағида осы жылы мектеп бітіргеніне елу жыл толатын №26 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп түлектеріне де өмірден өз орнын табуға жол көрсетіп, бағыт сілтеп, шабыт берген-ді.
Иә, алтын ұя мектептен түлеп ұшып, ұстаздарымызбен қимай қоштасқанымызға тұп-тура жарты ғасыр. Осыбір уақыт аралығы кешегі тай-құлындай құлдыраңдаған балапан жастан жетпістің желкенін керген салиқалы да саналы ата-әжелік өнегеге аяқ бастыртыпты. Сонау 1972 жылдары әрбіріміз болашақ қамымен өмірдің әр тарабына қол созып кете барып едік. Зымыраған уақыт өз дегенін істемей қоймайды екен. Қазір қарап отырсақ, қатарымыздың сирегені байқалып, сол бір қызықты шаққа деген сағынышымызды тудырса, бір жағынан етжақын болып өскен сыныптастарымызға деген риясыз сезім көңілімізді күңірентеді. Олардың қатарында бет біткеннің сұлуы, атына заты сай Ажаркүл Айбатырова, қай ортада жүрсе де, жарқырап жүретін Күләш Кірқабақова, дос көңілін жықпайтын, үнемі біреуге жақсылық істегісі келіп тұратын Света Қожабаева, Айнаш Жарылқасынова, Мәкеш Мұхтарбаева, Тоты Пірмаханова, Қалдыгүл Оспановалардың болғаны, әрине, жанымызға батады. Сондай-ақ жігіттің сұлтаны әрі парталасым Мирхан Назарқұлов, Серік Қосназаров, Мырзатай Қосбергенов, Кенжебек Мешітбаев, Әділ Қарақойшиев, Қалдыбай Мадияровтардың нағыз азаматқа тән қасиетін ұмыта қойғанымыз жоқ. Ал сыныптың қайбір істе болсын ұйымдастырғыш қабілетімен көзге түсетін Камал Үргенішбаев, Бердібек Кенжеев, Сәдірбек Досжанов, Рахманбек Бүркітбаевтар көбімізді адамгершілік болмысымен тәнті ететін достардан еді.
Білім ұясында оқушының жанынан табылып, соған бар сүйіспеншілігін төгетін ең бір қадірлі адам кім десе, әлбетте, ұстаз дер едік жарысып. Сол айтқанымыздай, бес жыл бойы шәкірттерін ізгілікке, игілікке баулып, бойындағы асыл қасиеттерін дарыта білген сынып жетекші апайымыз Әлина Көбееваның жарқын бейнесі жас шәкірттерінің жадында сақталып қалғаны ұстазға деген құрметтің белгісі болса керек. Апайымыздың балаға деген қамқоры, аналық мейірімі бір төбе әңгіме.
Адам баласының өмірінде балалық, жастық, орта және қарттық шағының әрбірінің өзіне тән ерекшелігі болатынын білеміз. Балалық пен жас кезіңде мөлдір, кіршіксіз таза болсаң, орта жаста ойлана бастайсың. Себебі, өзіңе ғана емес, отбасыңа да жауапкершілік аласың. Алпыс, жетпіс деген жаста елдің ағасы мен жағасы болып, елдік істерге араласасың. Көрген-білгеніңді түйіп, оның ішінен маржанын теруге, жай ғана теріп қоймай, кейінгіге жақсы дүние қалдыруға тырысасың. Бәрінен де қанша жыл өтсе де, алтын ұя мектебің мен ұстаздарыңа, сыныптастарыңа деген жылы сезімің мен ақ пейіліңнің өзгермейтіні ғажайып құбылыс.
Пернеш ӨТЕПОВА