Бір ән

Әлемдік көркемөнердің ішінен ойып орын алатын қазақтың әні мен күйі, суреті мен мүсіні, архитектурасы мен ескеркіштері заманнан-заманға озып, бүгінімізге жетті. Мұның бәрі әрбір халықтың тарихы мен тағылымын, мәдениеті мен өркениетін сол заман тынысының демін сездіріп, рухани сусынның нәрлі бастаулары болған жайттан хабар берері сөзсіз.
Атақты француз суретшісі Леонардо до Винчидің «Мона Лиза» картинасы, ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Отеллосы», А.Пушкиннің «Татьянаның Онегинге жазған хаты» деп аталатын туындысы, айта берсек таусылмайтын қазақ көркемөнерінде осындай даңқты да атақты, көркемөнер шеберлері қайталанбайтын туындыларының арқасында халқының жадынан мықтап орын алды емес пе? Бір әнді ғана алайықшы. Қазақ тарихындағы зар илеп, запыран құсқан, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама заманындағы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» әні – халық тарихы болса, Ж.Нәжімединов пен Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні – халқымыздың әнұраны. Қожаберген жыраудың да, Жұмекең мен Шәмшінің де бағын ашқан осы әндер. М.Мақатаевтың қаншама керемет өлеңдері болса да, халқымыздың көбі оны «Фариза қыз» әнімен таниды. Қай автордың да бағын ашатын оның бір туындысы. Осы туынды олардың шығармашылығының негізгі тірегі сияқты шабытына шабыт беріп отырады. Кешегі Ақан сері «Балқадишасымен», Біржан сал «Теміртасымен», Балуан шолақ «Ғалиясымен», Кенен атамыз «Көкшолағымен», Ілияс «Құлагерімен», Сәкен «Көкшетауымен» танымал болғаны сынды бүгінде де бір әнімен танымал болған бір жан Сыр елінің талантты тумасы, ақын Сәнімкүл Желдербаева апамыз.
С.Желдербаеваның «Ақ босаға» әні кеңестік дәуір кезеңінің қасаң саясатын бұзып-жарып, өмірге келген ән. Орыс үкіметінің бодандық қамытын киіп, тұншыққан халқымыздың рухын оятып, өзінің саналы саясатын, даңқты дәстүрін, өнегелі өмірін, тағылымды тарихын еске салып, оны құрметтеуге, қастерлеуге шақырған ән құдіреті өміршең жолға түсіп, бірнеше буын ұрпағымыздың бақыты мен шаттығының куәсі болды. Әннің сөзі мен сазы (әні М.Рүстемов) ұлт қайнарында суарылып, ұлт құнарына егілгендігі сонша әуен мен сөз астасып барып, қазақтың кең сахарасына қанат қағып ала жөнеледі. Кәдімгі қазақ көрегендігі, қазақ көңілінің дарқандығы, қазақтың таңғажайып танымы алтынның құймасындай таза жатыр. Бірінен-бірі биіктеп, бірінен-бірі асып түсетін шумақтардан соң, қайырмасындағы халықтың сүйсіну, шаттану, зор қуанышқа кенелу сезімдері саусағымыздың саласындай бір-біріне қалтқысыз қауышып тұр. «Қыз аттаған келіп боп ақ босаға...» деп басталатын әннің алғашқы жолының өзінде ғажайып ғұмыр жатыр-ау! Қандай ғұмыр десеңізші?! Нәзік жандардың ғұмыры.
С.Желдербаева әннің сөзін аса талғампаздығымен, зор жауапкершілікпен өрнектеуді мақсат еткені анық аңғарылады. Аттанып бара жатқан қыз да, түскен келін де, көшпенді өркениетіміздің көркі болған босағасы берік, кең керегелі, көктен сәуле кіргізетін, шаңырақты, үйдің киесін, қадір-қасиетін түсінсін деген ишара жатыр. Осындай кие мен қасиеттен тұратын үйдің босағасын аттап, шыққан қыз бен түскен келін қазақ деген халықтың негізін қалайтын ұлы күш екені даусыз. Азғантай жолға арда қазақтың болмысын сыйғызған сырбаз азаматқа бергісіз апамыз С.Желдербаеваның ғұмырнамасына келер болсақ, тағылымға толы өнегелі өмір екенін көреміз. Сырдың саңлақ сүлейлерінің жолындағы өзіндік қолтаңбасы бар тұлғалы ақынды тани түсеміз. С.Желдербаева 1932 жылы ақпан айында қазіргі Ақжар ауылында дүниеге келген. Ауылға жақын жерде орналасқан Бестам мектебінде оқып, бұл мектепте жоғары класс болмағандықтан, жоғары класты Қармақшы ауданының орталығынан бітірген. Әкесі Байтұрсын колхоз жылқысын бағып, 1942 жылы майданға аттанған. Сұрапыл соғыстан оралмаған. Анасы Зерімкүл колхоз жұмысына белсене араласып, колхоз құрылысының алғашқы легінде болған. 10 жасында әкесіз қалған Сәнімкүл Сазанбай, Бесбай деген аталарының, аңшы, әрі мерген нағашы атасы Алпысбайдың қамқорлығында болған.
Ақын анамыздың сәбилік және балалық шағы Қазақ елі тарихындағы алапат жұт және сұрапыл соғыс жылымен тұспа-тұс келіп, өз өлеңінде жырлағанындай «Бойымыздан бұрындау, ойымызды түзедік» демекші, үлкендерше ойлап, үлкендерше еңбек етуге қалыптасқаны аңғарылады. Қаралы үйдің қайғысы, жетім мен жесір зары жастай құлағына сіңген С.Желдербаеваның өз әкесі Байтұрсын да Ұлы Отан соғысынан оралмады. Жастай халық мұңы, ел зарымен біте қайнасып өскен ол мектептен кейінгі білімін бұрынғы Н.Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт ата) институтында жалғады. Институтты бітірісімен Ұлытау өңіріне алған жолдамасымен Жезқазған қаласындағы Жезді деп аталатын орыс-қазақ мектебінде алғашқы педагогикалық қызметін бастайды. Кейін Жосалыға келіп, ұстаздық қызмет етеді. Өмірлік серігі Науқанбек есімді жігітпен отау құрып, Қызылорда қаласына келеді. Қаладағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде ұстаздық қызметін жалғастырып, осы оқу орнынан зейнетке шыққан. Ұзақ жылдардағы педагогикалық іс-тәжірибесінен алып, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Мәнерлеп оқу» атты әдістемелік құралды құрастырған.
Педагогикалық істе жүріп, қолынан қаламын тастамаған ақын С.Желдербаеваның өлеңдер жинағы «Жүректегі жауҺарлар» деген атпен жырсүйер қауымның қолына тиді. Елбасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында құрастырылған «Сырдария» кітапханасының 200 томдығына Р.Наурызбаева мен С.Желдербаева өлеңдері бір том болып енді. Зейнет жасынан кейін де Қорқыт ата университетінде «Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығынан студенттерге дәріс оқыған. Өмірінде ұстаздық пен ақындық өнерді қатар алып келген Сәнімкүл апамыз төбе басында отырып төрелік айтар тоқсан жастың биігінде тұр. Екі ғасырды көктей өткен өнегелі де ғажайып бекзат ғұмыр осылайша біздің ортамызда жүр. Сәнімкүл апамыздың сөзі мен ісіне, жалпы болмысына қарап, бой емес ой түзеген талай ұрпақ өкілдерінің еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүргені аян. Олай болса, «Лұқпан хакім» ұрпағымен мың жасағанындай сіздің ғибратты ғұмырыңыз мыңжылдықтарға жалғассын деп тілеймін Сәнімкүл апа.
Бүкіл шығармашылығыңыздың аққайнары болған «Ақ босаға» әнін өміріңіздің ақ желкеніндей, алыстағанды өзіне шақырып, жақындағанды бауырына басар сүйіспеншіліктің ұясы еттіңіз. Осы ұяның қамқоры халық екенін сіз білесіз.
Мен сізді біртуар халқымыздың құрметті де қадірлі адамы деп танып келемін.

Т.ДОСЫМОВА,
білім және мәдениет саласының ардагері
05 мамыр 2022 ж. 876 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031