» » » Имандылық үйінің тұсауы кесілді

Имандылық үйінің тұсауы кесілді

Мешіт – мұсылман қауым үшін пендесін Аллаға бір табан жақындататын, ауызбірлік пен имандылыққа үндейтін бірден-бір қасиетті орны есептеледі. Мұндай  орданың көбеюі – елдің бірлігін нығайтып, ынтымағын арттыруда да маңызы жоғары. Сол айтқанымыздай, Ораза айт күні Төребай би ауылында жергілікті тұрғындардың көптен күткен имандылық үйі – "Жүсіп қажы" атындағы мешіттің ашылу салтанаты өтті.   
Онда ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,  "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, жұртшылыққа тілегін арнады.
– Баршаңызды таңнан бері бала-шағамызға осы мешіттің шарапаты тисін деп келген қадамдарыңызға Алланың нұры жаусын. Иісі мұсылманға қасиетті болған Ораза айт мерекесі құтты болсын. Алла Тағала Құран Кәрімде жүрегінде иманы бар, сенімі мол адам ғана Алланың үйін тұрғызады дейді. Мешіт тұрғызған адамның Жаратқан иеміз дәрежесін көтеріп қояды. Ұлық Пайғамбарымыз айтады: "Кім жер бетінде көгершіннің ұясындай болса да мешіт салса, ертең оған ақыретте Алла Тағала жәннаттан зәулім сарай сыйлайды. Мешіт – бұл қасиетті мекен. Оның ішіне адам кірген уақытта тау-тау күнәларымен келеді. Сол мешіттің ішіне кіріп, екі ракағат намаз оқыған кезде әр рүкіғ, сәждеге барған сайын үстіндегі тау-тау күнәсі құлап, мешіттен шыққанда анадан жаңа туған сәби секілді күнәсінен айырылған күйде шығады" деп. Сондықтан да мешіт адамды рухани тазартатын жер. Сонымен қатар тек құлшылық қана емес, жастарды, өскелең ұрпақты ата-анасын, үлкенді құрметтеуге үйрететін мектеп те. Еліміз егемендік алғанда 40-қа жуық қана мешіт болса, қазір оның саны 2700-ден асқан. Бұл да міне, елдің тыныштығы менбейбітшілігінің арқасы деп білеміз. Иә осындай имандылық үйінің бірі бүгін Төребай би ауылына да келіп жетті. Бұл мешіттің салынуына әрине, әрбір елжанды азаматтың, ағаларымыз бен көкелеріміздің маңдай тері сіңді. Осындай халықтың игілігі жолындағы еңбектеріңізге Алла разы болсын, – деді бас имам.    
Мұнан соң Жосалы ауылдық округінің әкімі Әлімбай Білжанов жиналған көпшілікке жүрекжарды лебізін білдірді. 
– Бүгін ауылымызда мерекелі күн болып жатыр. Әспеттеп айтқанда, аспаннан шұға жауған күн. Осы ауылдың баласы, басшысы ретінде толқынысты күйде тұрмын. Халықтың тілегі қабыл болады деген. Біз ырымшыл халықтың ұрпағымыз. Айтта Алла Тағала осындай үлкен сый-құрмет беріп жатыр. Мешітіміз құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін. Мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан азаматтарға көптен-көп алғысымды айтамын, – деді ауыл әкімі ақжарма тілегін жеткізіп.      
Салтанатты іс-шараны бұдан әрі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бақытжан Ахметбек жылы лебізімен жалғады. "Жүсіп қажы тектінің тұяғы, текті ортадан шыққан діндар. Бұл кісінің діттегені қазақылық, патриотизм. Кезінде елде имандылықтың өркен жаюына септігін тигізген. Жүсіп қажы – ағартушы әрі ұстаз болған. Екінші қыры –диқаншылығы. Ауданда "Жүсіп қажы ағашы", Жүсіп қажы жоңышқалығы", "Жүсіп қажы төбесі" бар. Ол кісінің отырғызған талдары әлі бар. Сыр бойында 1917 жылға дейін 100 мешіт болған. Соның біреуі осы мешіттің орны. Халыққа айтарымыз, мешіт бос болмасын. Жұма намазға қатысып отырыңыздар. Қазақ елі аман болсын" деді ол.      
Жаңа мешіттің лентасын Жосалы ауылдық округінің әкімі Әлімбай Білжанов, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, ауыл ақсақалы Жақсылық Жалғасбаевтар қиып, ел игілігіне берді.
Жиында мешіт салу ісінде өзгеге үлгі көрсеткен, игі бастамаға себепші болып, қолдау көрсеткен бірқатар азаматтар мен демеушілік жасаған ел жанашырларына  алғыс хаттар тапсырылып, сый-сияпат жасалды.
Су жаңа мешітте алғаш мәрте Құран оқылып, жиналған көпшілікке ас берілді. Іс-шара ақсақалдардың ақ батасымен қорытындыланды. 

Сәрсенкүл АҚКІСІ
04 мамыр 2022 ж. 780 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031