Шайырдың ақындық мұрасы
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ әдебиеті өз тарихында бұрын болмаған ерекше дамуды бастан кешкенiн танығандай болдық. Осы тұста бұрынғы Түркістан өлкесі, Сырдария облысы, Қазалы уезіне қарасты Қуаңдария болысының 2-ауылында «Ақтайлақ» деп аталатын жерде туып, өмір сүрген Тұрмағамбет Ізтілеуов (9.06.1882 – 15.05.1939) ақындығымен соңына мол мұра қалдырған даңқты шайыр.
Ауылдың ишан, молдалары Алдашбай, Қожабай, Ораз алдынан алғаш сауат ашқан Тұрмағамбет жастайынан-ақ өлең жырға айналып, бұл талабы Бұхара қаласындағы Мир-Араб, Көкілташ медресесінде араб, парсы, түрік, шағатайша білім алуымен байланысты ашыла түскенiн көремiз. 1900 жылы жазылған «Мәрдi дихан» дастанының соңында Тұрмағамбеттің:
«Мазмұны-насыр сөз ед, назым етiп,
Сөйледiк «Мәрдi дихан» мәслихатын.
Қайрылып қанша уақыт қарағанмен,
Біреудің біреу білмес көзбен затын.
«Ердің өзіне қарама, сөзіне қара,
Өткеннің ойда осы нақылиятын.
Уәләкiн, ой тап-тайыз, тәнәкар-аз.
Ақмақтық тартып жүрмiз машақатын.
«Көкілташ тәлібілімі Тұрмағамбет,
Доғарды «Мәрдi дихан» хикаятын» деп медреседе оқып жүргенде (18 жасында) қара сөзді өлең етіп жазып дастаншылдыққа, мысалшылдыққа ұмтыла бастаған ақын екенін аңғартады.
(«Назым» жинағы, Алматы – 1972 ж.177-б). Қазақи ауылда туып, Шығыстық білімге ден қойған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ақындық өміріне шығыстың шоқ жұлдыздары Низами, Физули, Наваи, Фирдауси, Хожа Хафиз, Шайхы Сағди, Омар Хайям, Рудаки, Жами мен Бедилдің әсері мол болған. Ал ақынның Әбу Рaйхан Бируни, Әбу Нәсiр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бабур, Ұлықбек сияқты ғұлама философтар мен даңқты тарихшылардан сусындауы – оның кемеңгер ойшылдыққа жетуiне, жан-жақты білімін тереңдетуіне, жаратылыстың жұмбақ сырын түсiнуiне кең жол ашты, заман және оны жасаушы адамзаттың тарихындағы рухани құндылықтарды игеруге әкелді.
«Физули, Шамси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз бу һәммәси,
Мәдәт бер я шағири фәрияд» деп Ұлы Абай сиынған шығыстың жеті пірінің бірі Фирдауси ізімен әлемдік эпопея атанған «Шаһнаманы» он бір буынды қара өлең ұйқасымен еркiн жырлап шығуы Тұрмағамбеттiң ерекше ақындық бітім-болмысын танытатын биіктік.
Кеңес дәуiрiне дейiн де, кеңес дәуіріндегі өмірінің соңғы уақытына дейін қолынан қаламын тастамаған Тұрмағамбет ақын өз талантын туған халқының рухани қазынасын байытуға арнады.
Оның қаламынан туған шағын өлеңдер мен қисса, дастандар, хикая толғаулар мен айтыс өлеңдері, рубайлары мен ғибратнамалары, нақылдары мен шешендік үлгілері кеңес дәуiрiне дейiнгi кезеңде ел iшiндегі Жиенбай, Тұрымбет, Орынбай, Молдахмет, Үбісұлтан, Мұзарап, Рүстембек, Күндебай, Әбділда сияқты жыраулар арқылы Сыр өңiрiне, Қазақстан жеріне кең тарады.
Бұхарадан алған білімімен еліне оралған ақын әкесi Ізтілеудің салдырған мешiтiнде бала оқытумен айналысады.
«Ілімнің құлпын қолға ұстасаңдар,
Басқаның байқарсыңдар бар ақпарын.
Ата-анаң бәріңнің де мәз боп отыр,
Қалды деп, молда болып, қарақтарым» дейді ақын 1905 жылы жазылған «Шәкірттерге» өлеңінде.
«Ұстаз ұсынысы», «Өнер бәйгесі», «Балаларым», «Арқаңның ауруы не қозбайтұғын», «Жігіт жарастығы», «Ұлдарым», «Төрт дос», «Ата мен бала», «Насыбай», «Шылым» атты өлеңдерімен ақын жастарды білімге құштарлыққа, тазалық пен ұқыптылыққа, адалдық пен береке-бірлікке, татулыққа, еңбексүйгіштікке және жамандықтан жиренуге шақырады.
Ақын мешітте балаларға дәріс берумен бірге өзі өмір сүрген ортасында да ақындығымен, білімділігімен, ғалымдылығымен, адами артықша қасиетімен, қара сөзге де шеберлігімен ұстаздық ете алды.
Т.Ізтілеуовтің әдеби еңбегі туралы 1936 жылдан бастап пікір айтқан ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Тұрмағамбет – ХХ ғасырдың бас кезіндегі түркизм-шағатаизм стилімен ұштасқан қазақтың шығысқа тән қиссалық жазба әдебиетінің Сыр өңірінде тууының басында тұрған ақын. Ол осы мектепті қалыптастырды. Оның бұл бағытын түсінгендер Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет болды» деп тұжырымдайды. («Ленин жолы» 24.07.1982 ж)
Сыр өңірінде даңқы кең жайылған Тұрмағамбет ақындық өнерімен өзінен кейінгі әдебиетіміздің белгілі ақын-жазушылары – А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Қ.Әбдіқадыров, Н.Бекежанов, Ә.Оңалбаев пен Қ.Баймағамбетовке де бала күнінен әсер етіп, олардың ақындық сезімдерін оятқан. («Назым» жинағы. Алматы – 1972 ж. 7-б).
Тұрмағамбет ақын шығыстың араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін толық игерген тіл маманы. Өз өлеңдеріне оны молынан пайдаланады, аракідік орыс тілінің де сөздері ұшырасады, көп тілді білу – пайдасын ұққан ақын оны өлеңдерінде қазақтың төл сөзіндей қолданысқа түсіреді.
Мысалы, «Назым» жинағында «Қудай-ақ гуләйттаған айдын көлге» (103-б), «Указнөй түн болған соң келер молда» (168-б), «Баярдың болуында мүлкі аманда» (173-б) деген өлең жолдарында орыс сөзі қолданыста жүрсе, «Жасымнан назым сөзге шебер едім», «Шаһналық шаммен қайнар шөген едім» деген өлең жолдарында назым, шаһналық, шөген сөздері арабша екенін аңғару қиын емес. Парсы, шағатай тілдері өлеңдерінде мол.
Осыдан болар, оны зерттеуші ғалымдар «Тұрмағамбет түркі тілінің тірі сөздігі» деп атап кеткен.
Тұрмағамбет көп тілді білу идеясын өз кейіпкерлері арқылы да танытып отырады. Оның «Рүстем-Дастан» хикая-дастанындағы биік дарақ басындағы самұрық құстың ұясында өсетін Дастан баланың самұрық құстан 73 тіл мен 12 ғылымды игеруі осы тілектің айғағы. Шығыс тілдерін жетік меңгерген Тұрмағамбет ақынның айрықша белгісі – назирашылдығы. Оның «Назым» жинағына енген жеті қиссасы мен «Шаһнама» дастаны – шығыс сюжеті негізінде өлеңмен жазылған әңгімелер мен аңыздар, прозалық шығармалар екені айқын:
«Қолайлы халық тыңдайтын сөз бар ма? деп,
Мен едім ертелі-кеш кітап «тінткен».
Сондағы оқиғаны назым еттім,
Әйтпесе, емес сөзге ішім дерткен» дейді.
Т.Ізтілеуов өміріндегі елеулі бетбұрысты кезең 1934 жылы болды. Бұл жылы ақын Алматы қаласында өткен Қазақстан Жазушыларының тұңғыш съезі мен халық шығармашылығының республикалық І слетіне Оңтүстік Қазақстан облысынан делегат болып қатысып, талантты ақын келесі 1935 жылы Қазақстан Өлкелік Партия Комитетінің шақыртуымен Алматыға келеді. Қазақ ССР Оқу комиссиаратында ғылыми қызметке алынады.
Сол жылдан бастап Казрайком секратары Л.Мирзоян тапсырмасымен «Шаһнама» атты әлемдік эпопеяны парсы ақыны Ә.Фирдауси ізімен жырлауға кіріседі.
Бұл кезде ақынның 60-қа қадам басқан шағы болса керек. Өлеңінде:
«Елу жас ердің мінсе еңсесіне,
Күннен күн кимейді екен күй мен көрнек.
Өз жасым онан-дағы өтіңкіреп,
Алпысты алдымдағы қалдым сермеп» дейді.
Елу поэма, қырық мың жолдан тұратын дастан небәрі он айда, 1936 жылы жазылып біткенімен, ақынның көзі тірісінде жарық көрмей қалады.
Парсы ақыны Әбілқасым Фирдауси өз «Шаһнамасының» соңында Махмұд сұлтанға хат жазады. Махмұд сұлтанның зорлығына өлең құдіретін қарсы қойып:
«Дүние бітпей өлмейтін
Мен – жаһанның бұлбұлы.
Менен қалған «Шаһнама»
Хош иісті сөз гүлі…
Бұл әлемдік – қазына,
Махмұд үшін ашпадым.
Қалды асыл артымда,
Адам үшін тастадым» – дей келе:
«Соқтым парсы еліне,
Сөз қорғаны құламас» деп өзінің туған халқының жойылып бара жатқан тілі мен ұлттық ерлік, батырлық рухын көтергенін паш етсе, Тұрмағамбет ақын «Шаһнаманың» соңында:
«Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім ғой деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім» деп өр ақындық рухпен тіл қатады бізге.
Т.Ізтілеуовтің көзі тірісінде-ақ оның шығармашылығы жөнінде Т.Жүргенов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Үсенов, К.Алтайский еңбектерінде пікір айтылғандығы, өлеңдері «Творчество народов СССР» кітабында басылғаны, СССР ғылым академиясы Тұрмағамбетті халық творчествосын дамытуға еңбегі сіңген еліміздің белгілі қайраткерлері қатарына қосқандығы, Қазақ ССР Орталық Атқару Комитеті Президиумы 1936 жылғы 21 декабрьдегі №77 қаулысында «Шаһнаманы» жазуға сіңірген еңбегін ерекше атап көрсеткені, сонымен бірге ақын шығармалары мектеп оқулықтары мен бағдарламаларына енгізіліп, орта мектепте оқытылғаны М.Байділдаев зерттеулерінде (1956-1971) толық қамтылған. С.Мұқанов, Қ.Бекхожиннің орта мектептің VIII класына арналған хрестоматиясына (А.ҚМБ. 1937 ж. 60-69-б) «Шаһнамадан» Сам батыр туралы үзінді берілсе, Ә.Үсеновтің орта мектептің IX класына арналған хрестоматиясында (А.ҚМБ. 1937 ж. 75-98-б) «Алып қыран», «Көктем», «Үш банқор», «Шаһнамадан» «Залдың балалық кезі» үзіндісі берілген. А.Әлібаев, Ә.Қоңыратбаевтың бастауыш мектептің ІІІ класына арналған оқу құралында (АҚБ. 1936 ж. 104-106-б) «Алып қыран» өлеңі берілген. Дегенмен 1949 жылғы космополитизм туралы қаулыға сәйкес, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыздың ұлттық рухын бейнелейтін тұстар ұлтшылдық деп танылып, оқытылуға, жариялануға тыйым салынғандықтан Т.Ізтілеуов шығармалары әдебиетімізден алынған сыңайлы.
Қазіргі мектеп оқулықтарының ішінде VIII кластың «Рауан» баспасынан шыққан әдебиет оқулығында Т.Ізтілеуовтің «Адамдық іс», «Ақыл-тон, аңдағанға тозбайтұғын» өлеңдері оқытылып келді. Ал «Мектеп» баспасынан шыққан төл оқулығымызда тағы да Т.Ізтілеуов шығармалары оқытылмайды. Неге?…
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы 8 июльдегі қаулысын басшылыққа ала отырып, Т.Ізтілеуов шығармалары оның жанашыр ұрпақтары мен ғылыми зерттеушілер, ақын-жазушылар арқылы қайта қолға алынды. М.Әуезов, F.Мүсірепов, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, О.Нұрмағамбетова, Р.Бердібаев, М.Байділдаев, А.Тоқмағамбетов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Адамбаев, шежіреші қарттар Ү.Аяпов, Ә.Қайнарбаев, ақын-жыраулар М.Жүсіпов, Р.Жиенбаев, Қ.Баймағамбетов, Ә.Оңалбаев, Тұрмағамбеттің зайыбы – Биға қария, баласы – Әбдірауықтың арқасында ақын мұралары халқымен қайта қауыша бастады.
Ең алғаш үш бөлімнен тұратын («Жәмшитнама» – 12 мың жол, «Рүстем-Дастан» – 24 мың жол, «Дарапнама» – 4 мың жол, барлығы 40 мың жол) «Шаһнама» дастанының М.Әуезовтің алғысөзімен 1961 жылы 12 мың жолдық «Рүстем-Дастаны» ғана осы атпен тұңғыш рет 70 мың данамен жарық көрді.
Он екі мың жолдық «Жәмшитнама» бөлімі мен төрт мың жолдық «Дарапнама» бөлімі Тұрмағамбеттің араб тіліндегі қолжазбасы күйінде. ҰFA-ның қолжазба қорынан алынып, зерттеуші ғалым М.Байділдаевтың жеке архивінде ғалым қайтыс болғанына дейін сақталып келген. (Б.Жүсіпов. «Шаһнама туралы шындық». Қаз. Әдебиеті. №51, 52. 2004 ж).
Тұрмағамбет ақынның өлеңдері, тақпақтары, рубайлары, нақылдары, мысалдары, айтыстары, әр кезде болған ақындар айтысына аралық сөздері, дастандары «Назым» деген атпен тұңғыш рет 1972 жылы «Жазушы» баспасынан М.Байділдаевтың құрастыруымен 30000 дана болып шықты. Екінші рет «Назым» жинағы Т.Ізтілеуовтің 100 жылдығына орай мол данамен 1983 жылы қайта басылып шықты. Осы жылдың 19 ақпанында Жосалы кенті орталығындағы бұрынғы Сарыөзек көшесіне ақын есімі берілді.
1980 жылы ақынның туған жерінен оған арнап мавзолей салынса, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған жылдардың нәтижесінде ақынның туған ауылы «Ленин» кеңшары қазір Тұрмағамбет есімімен аталады. Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен бекітіліп, Қазақстан халқына ұсынылған 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ақын Т.Ізтілеуовтің сонау 1936 жылдан осы уақытқа дейін жарияланбай келген «Шаһнама» дастанының «Жәмшитнама», «Дарапнама» бөлімдері қосылып, «Рүстем-Дастан» бөлімімен толықтырылып профессор A.Алматовтың жауапты шығарушылығымен екі кітап болып «Шаһнама» деген атпен 2004 жылы жарық көрді.
Дегенмен іздер болсақ, ақынның артына қалдырған мұралары әлі де өз деңгейінде зерттеліп, жарияланып, танылып отырған жоқ.
Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейінгі ұрпақ ақын Т.Ізтілеуовтің қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихына қаншалықты еңбегі сіңген қайраткер екенін білер. Ал бүгінгі және келешек ұрпақтың Т.Ізтілеуов мұраларымен сусындап, рухтануы үшін халыққа білім беру мен мәдениет қызметкерлеріне, әдебиет жанашырларына, ізденушілерге талай тер төгу керек-ақ.
Ақын Т.Ізтілеуов шығармалары арқылы қазақ тілінің шұрайлы бай тілін игеруге, шешендік ой түюге, нақыл, ақыл, өсиет сөзден мол үлгі алуға болады. Адамгершілік, жоғары парасаттылық пен дүниені тану, адамды тану, табиғатты тану, жаратылысты тану, жақсылық пен жамандықты түсіну, сұлулықты сүю ерліктің асқақ рухы, ұлтжандылық пен имандылық туралы ой қорытындысы – ақынның асыл қазынасы.
Ал «Шаһнама» дастаны арқылы ақын өз оқушысын замандардың заңғарына жетелейді, ақындық қуаттың қайнарын қанып ішкендей рақат дүниесін сыйлайды сізге.
Тұрмағамбет ақын әлемі өзгеге ұқсай қоймайтын өзгеше әлем. Ол – шығыс әлемі.
2007 жылды аудан әкімінің (Б. Қаюпов) 21 сәуірдегі №63-Ө өкімімен «Тұрмағамбет жылы» деп жариялады. Ақын Т.Ізтілеуов мұралары өзінің туған халқымен бірге жасау үшін де, бүгінгі мен келешек ұрпақ оның құнды ақындық мұрасын игеруі үшін де оның шығармалары толықтырылып қайта шығарылса, жалпы білім беретін орта мектептің барлық сатысында (бастауыш, негізгі, бағдарлы) оқытуға енгізілсе, гуманитарлық бағыттағы, арнаулы, жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне Т.Ізтілеуов шығармашылығы жайлы дәріс өткізілсе, нұр үстіне нұр болмас па еді.
1932-1939 жылдар бойына бар болғаны Бұхара қаласындағы медреседе оқығаны үшін молда деген жалған айып тағылып, әдеби, мәдени, тарихи ортадан шетке қағылып, қудаланған ақын өзінің бойындағы құдіретті ақындық қуатын туған халқына сарқа жұмсауына жағдайы болмаса да, тар қапастағы түрме тамұқты Тұрмағамбет ақын өлеңімен пейіш еткенін біреу білсе, біреу білмес.
«Кейінге нені тастап кетемін деп,
Ішкенім у сияқты болды кермек» деген екі қатар өлең жолының өзі-ақ ақынның өмірлік мақсат-мұратын аңғартса керек.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қармақшы ауданының
құрметті азаматы