» » » Қармақшыдағы кездесу...

Қармақшыдағы кездесу...



 Мамыражай болатын майса мамыр,
Мәуе гүлдеп жатқан кез жайса тамыр.
Атағымды асырып алты Алашқа,
Алматылық ақын қып қойса Тәңір.
... Өстіп шомам қиялға ойша небір.
Бастықпаған тұсы әлі қаламымның,
Таудан беті қайтпаған талабымның.
Қармақшыға келгенін атақты ақын,
Редактор Амановтан жаңа білдім.
Шапағаты талайға тиген адам,
(Әзекеңдей бүгінде сирек адам),
Аупарткомның шешімін айтты бастық,
Үкілі үміт артқандай бейне маған.
– Әр сәт мұны жадыңа түй, жарығым,
Алла текке бермейді сый-дарынын.
Алматылық ақынға қосшы қылған,
Аупарткомның ұмытпа ұйғарымын.
Өн бойымда гольфстрим ағысы өтті,
Бастық маған ашуын тағы төкті.
Сүлейменов хатшыға сонан кейін,
Сүйреп әкеп қолымнан табыс етті.
Бет-жүзіме бір қарап сынай мені,
Сүлейменов Болатбек былай деді:
– Шахановтың көре алмай шапағатын,
Алматыда ақынның жүр-ай көбі...
Жастық шақтың қызықты күндері көп,
Аупарткомнан шыққан соң ілгерілеп,
Бөкең хатшы бастады қонақ үйге,
– Шахановқа барамыз, жүр бері,– деп.
... Естеліктер есімде тұр көптеген,
Жаңа қанат қаққан мен жыр кептері ем.
Қармақшының басшысы Көшербаев,
Қонағы екен әлгі ақын құрметтеген.
Көшербаев болатын жан-жақты адам,
Саналы істі тек қана салмақтаған.
Қорқыт ата тұрғызып кесенесін,
Ақындарын айрықша ардақтаған.
Ізгі адамның ісі еді мұның бәрі,
Шешен еді сөйлесе шынындағы.
Тегін емес әйтеуір бүйрегінің,
Шахановтай шайырға бұрылғаны.
Елекеңнің ел біткен ет жақыны,
Көшелі еткен керексе көпті ақылы.
Көп күттірмей шақыртқан Мұхтар сынды,
Қармақшыға сүйікті кепті ақыны.
Атақ даңқы ол кезде бұлтқа жақын,
Өлеңіне айызы жұрт қанатын.
Көшербаев шақыртқан келді осылай,
Қармақшыға Шаханов Мұхтар ақын.
Бір хатшысы аупартком Бөкең ағам:
– Тайыз болса талабың өте жаман.
Деп жеңімнен сүйрелеп сыртқа ап шықты,
– Мақсатына жігерлі жетеді адам.
Тосады әлі асулар жолда құзар,
Отыздағы шағың бұл орда бұзар.
Шапағатын көрмесе алтын күннің
Сөгілер ме Сырдың да онда мұзы ал.
Лауламайды ұшқынсыз онда жалын,
Жасық болсаң жігітім, болмағаның.
Өмір өзі көрсетіп келе жатыр,
Бір адамды бір адам қолдағанын.
Тау басынан көргенде талаптыны,
Тағы да ойға шомасың қарап мұны.
Тасқа тастап баулиды қыран құстар,
Темір қанат, қан түбіт қанаттыны.
... Үміт... күдік кеудемде тайталасты,
«Жырың нашар» деп сынын айта ма ащы?!
Келген кезде ар жақтан Мұхтар ақын,
Бөлмесінің есігін айқара ашты.
...Есіме алам сонау бір алыс жылды,
Мен сияқты лаулатқан жаңа ұшқынды.
Бір кездері Болатбек Сүлейменов,
Мені Мұхтар ақынға таныстырды.
«Шатпағымды» ұсынған қарап тұрып,
– Ұзақ жолға шығыпсың талап қылып...
Жеткіліксіз жай ғана ақын болу.
Деді маған саусағын қадап тұрып,
...Жарық көрді "Жалында" сол топтамам,
Тағдырыма сыйлаған қанатты үміт.
...Көп еді аға алдымда өмір көрген,
Інісіне отты үміт, сенім берген.
Сол ағалар тап қазір жоқтың қасы,
Бір кездері жырыма көңіл бөлген.
... Жасыл кілем жапқан тұс жер біткенді,
Кездесуді осынау ел күткен-ді.
Шопандардың тойына Шахановты,
Ертеңіне Елекең ертіп келді.
Ұшқан құстай жазғанда жұрт қанатын,
Сахнада саңқылдап Мұхтар ақын,
Жатқа соқты бірғауым жаңа жырын,
Әсіресе ұғымы ұлтқа жақын.
«Бәрекелді-ай» көпшілік десті бәрі,
Балладасын «Ғайшадай» естіп әрі.
Қолын сілтеп қозады Мұхтар ақын,
Тарқамайды ел-жұрттың еш құмары.
Жалт-жұлт еткен ұшқыны жанарының,
Сыйлады қыз ақынға дала гүлін.
Ұзақ уақыт қол соғып тұрды жырға,
Жайлаудағы қалың ел қарақұрым.
Түс ауғанын бір кезде енді аңғарып,
Ақынды әзер босатты толған халық.
Арасында кейбіреу кітабына,
Қолтаңба алып үлгірді жолдан барып...
...Өтті арада қырық жыл бері сонан,
Қасиетті Қармақшы тегіс аман.
Қармақшыда қадірлі Мұхтар ақын,
Сол ағалар танытқан мені саған.
Қуантпаған кез жұртты атым әлі,
Арман алға адамды шақырады.
Мені Мұхтар ақынға табыстырған,
Рахмет, Қармақшы топырағы!
... Талай ақын талабын талдырып бір,
Жетсем деген ұлы Абай – мәңгілік жыр.
... Қармақшыда болатын сол кездесу,
Әлі күнге жадымда жаңғырып тұр.

Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты
29 наурыз 2022 ж. 601 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031