» » » Талай бел, талай құба жолды басып...

Талай бел, талай құба жолды басып...

1961 жыл.  Оныншы сыныпты бітіріп тұрмыз. Оқу жылы аяқталып, мемлекеттік емтихандарды тапсырып болғанбыз. «Аттестат» деп аталатын арман болған көк қағазды алатын сәт жақындаған сайын жүректі лүпілдеткен қуаныш пен қанша жыл мектеп партасында бірге отырған достарымызға деген қимас сезімдеріміз араласып ерекше бір толқулы сәтті бастан кешіп жүрген кездеріміз еді.

Түске таман екі-үш бала үйге беттеп келе жатқанда үй жақтан түтін көтерілгендей болды да, аз уақыт ішінде алаулаған жалынға ұласты. Іле өрт сөндіруге ұмтылған жұрттың айғай шу араласқан дауысы шыққан соң бір шақырымға жуық алқына жүгіріп біз келемін дегенше қамыс қақырадан шыққан от үй салуға әкелген үйінді қамысты қоса өрт құшағына алған екен. Көпшіліктің ішінде ерекше қимылдап, қасындағы кесек сарайды қорғап, оның ішінен құжаттар сақталады-ау деген кәрзеңкелер мен керек-жарақты шығарып, күйелеш-күйелеш болып жүрген сары балаға көзім түсіп кетіп еді, ол өзімнің кластасым, әрі көрші тұратын досым – Жақан болып шықты.
Осы бір оқиғадан кейін достығымыз одан әрі күшейіп туыстыққа айналып кеткен. Онсыз да мектепке бірге барып, бірге қайтып жүрген біз одан сайын жақындаса түскендей болып едік. Көп достардың ішінде ерекше сырлас жандарға айналғанымызды сезбей де қалдық-ау, шамасы! Сырттай қараған адамдар ішінде біз екеумізді ағайынды ба­уырлар шығар деп те қалатындар да аз емес еді.
Кешегі Кеңестік әскер   қатарында қызмет ету кезінде де, жоғары оқу орындарында оқып жүрген кездерде де бір-бірімізден алыста болғанмен   байланысымыз үзілмей үнемі хат жазысып,  аман-саулық білісіп, жағдай сұрасып тұрдық. Хаттармен бірге бір-бірімізге әртүрлі кейіпте түскен суреттерімізді   жіберу арқылы  күнделікті бірге жүр­гендей күй кешетінбіз.   Екі араға бір жеті, он күн жүретін хаттарымыз уақытынан кешігіп жатса кадімгідей алаңдап жүретінбіз. Ол кезде осы күнгі балалардың қолындағыдай ұялы телефон деген жоқ, сым арқылы хабарласатын жай телефон дегендеріңіз де екінің бірінің үйінде бола беретін нәрсе емес еді.
 Біздің жастық кезеңдеріміздің мәні де осындай хат алысу арқылы байланысып, бір-бірімізге деген сағыныш сезімдерімізді, бір-бірімізге деген достық ықыласымызды үздіксіз сезініп отыруда жатқан шығар деп ойлаймын.
Айта кетерлігі, мектепті бірге бітірген кластастарымыз Сәду Қалимаханов, Ахмет Сайымбетов, Темірбек Жайсаңбаев, Исабек Ерімбатов, Құралбек Ербощаев, Сәбит Тайманов сияқты ауданға белгілі азаматтар бірі әскери қызметін аяқтап, бірі жоғары оқу орнын бітіріп келісімен өмір мектебінің табалдырығынан да бірге аттағандай болдық. Жосалының, Қызылорданың әртүрлі мекемесінде қызметке кірісіп кеттік. Тағы да сол байланысымыз үзілмей, отбасымызбен араласып-құраласып тұрдық. Бір-біріміздің тойларымызды атқарып, құдаларымызды күтісіп, туысқан жандардай құдалықтарымызда жүрдік.
Уақыт шіркіннің сынаптай сырғып тез өтіп кететінін кейін сезеді екенсің. Сезгенде де қатарымыз сиреп, әр жерде біреу-екеуден қалған кезде түйсіну қандай қиын?!
Кеше ғана ортамызда жайраңдап жүрген Жақанның да мәңгілік мекеніне аттанған достарының қатарын толтырып, біз үшін сағынышқа айналғанына жылдың жүзі болыпты. Зымыран уақыттың еншісіне айналған бір жыл оның жүрегімізге жазылып қалған жарқын бейнесін ұмыттырмай, қайта өзіне ғана тән салмақты да байыпты сөздері мен тиянақты істерін көз алдымыздан тізбектей өткізуде. Көңілімізде бәрі сайрап тұр. Тек, айта бастасаң...
Шіркін осындайда ақын не жазушы болып тумағаның өкініш!
Айтамын деп, не қағазға түсіремін деп іске кірісе бергенде жаңа ғана көкірегіңде ию-қиюы келісіп тұрған дайын сөздердің үріккен торғайдай пытырлай ұшып, жан-жаққа шашырап, бірде-бірі қалмай жоғалып кететінін қайтерсің?!
Әйтпесе дос туралы жазу, оның өткен өміріндегі елеулі кезеңдерді жіпке тізгендей оқырман көз алдынан өткізу, жақсы істерін ұрпаққа ұсынып   өнеге ету кейін қалған біздердің парызымыз емес пе?!
Иә, жоғарыда айтқанымдай, Жақан екеуміз тонның ішкі бауындай араласып, бір-бірімізден тіл көмегімізді де, қол көмегімізді де аяған жандар емес едік. «Оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын» дегендей, оның істеген оғаш істері болса мен, менің артық кетіп жатқан жерім болса ол уақытылы жөндеп, бір-бірімізге басу айтқан кездеріміз де,  көніспей кеткен жерлеріміз де болмап еді. Осының өзі жанымызбен ұғысып, жүрекпен сезініп, бір-бірімізге сүйеу болғанымыздың дәлеліндей еді.
Оған себеп болған қоныстас көрші­лігіміз, отбасы  болып аралас­қандығымыз еді деу аз. Мінезіміз ұқсас, көзқарасымыз да  алшақ емес еді – десем толыға түсетін шығар. Екеу­міздің де техника тілін білуге құш­тарлығымыз, мамандығымызға жан-тәнімізбен беріліп, бұл жағынан да бір-бірімізге сүйеу болғандығымыздың  да жарасқан достығымыздың нығая түсуіне әсері болған шығар деп ойлаймын.
Мен автокөлік қызметін көр­сету мекемесінде инженер, кейін осы мекеменің басшысы қыз­метін атқар­ғанымда Жақан аудан­дағы ірі кәсіпорын «Қазақтың ауыл­шаруашылығы техни­калары» бірлестігінде инженер болып   біраз уақыт қызметтік қа­рым-қатынаста да болдық. Ол кезде автокөліктің жол мәселесі қиын болатын. Аудандағы жолдардың 70-80 проценті қара жол салынып, пайдалануға берілген жолдардың өзі талапқа сай емес. Автокөліктердің тез істен шығып, болмаса күштік қуатының уақытынан бұрын азаюы қалыпты нәрсе. Сондықтан жағдайын айтып келген жүргізушілерге қосалқы бөлшектер тауып беріп, тоқтатпай жүргізуде Жәкеңдей азаматтардың икемділігінің арқасында жұмыстағы талай қиындықтарды артқа тастадық.
Қолына түскен техниканың қай түрі болмасын балаша күтіп баптайтын ұқыпты жан еді. Оның қарамағына берілген көлік зауыттан жаңа шыққандай таза, дарылдаған, парылдаған артық дауыстан ада, рөліне отырған бойдан «газымды бас» деп ытырынып тұратын. Мініп жүрген көлігін жалтыратып таза ұстап, үнемі күтім жасап бабында ұстау – оның негізгі машығы еді десек те болар. Жемі суы қанық, жараулы бедеудей баппен ұстаған машинасы оны ешуақытта далада қалдырып көрген емес.
Аудандағы №14 кәсіптік-техникалық училищесі директорының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарған кезеңі Жәкеңді екінші қырынан көрсетті. Ауыл балаларына ауылша­руашылығы техникаларының қыры мен сырын үйрету, олардың тұрғылықты қыстақ мектебіндегі өздері қатарлас балалармен достық қарым-қатынастарын қалыптастыру жұмыстарында да икемділік танытты. Училище мұғалімдері мен оқу шеберлерінің ауыл балаларының ата-анасымен тығыз байланысын орнатуға күш салды. Жылма-жыл училище оқушыларының контингентін толықтырып отыруда елеулі еңбек сіңірді.
Тәуілсіздік жылдарының қарс­а­ңында, тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарындағы қиын кезеңдерде «Агропромтехника» өндірістік бірлестігі болып құрылған мекеменің бас инженері болды. Ауылшаруашылығы құрылымдарына техникалық жәрдем көрсету сол кезде күрделі жағдайларға тап болды. Қай мекемеге де оңай болған жоқ. Десе де жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен сала жұмысына деген икем дағдылары, жаңа істерге бас­тайтын тынымсыз ізденіс бұл кезде де Жәкеңнің бойынан табылды дей аламын.
Жастайынан қалыптасқан техникаға деген қызығушылығы, өз ісіне деген сүйіспеншілігі, бойдағы білім мен   өмірлік тәжірибесі Жәкеңнің аудандық аумақтық басқарманың техникалық қадағалау бөлімінің басшысы ретіндегі жұмысында да үлкен кәдесіне жарады. Мекемедегі жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, жол көрсеткен ақылшы ұстаз, сыйлы аға ретінде де ұжым құрметіне бөленді.
2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Бұл кезеңдер Жақаң үшін екінші тынысы ашылған еркін құстай шарықтап жаңа өмірге қадам басқан шағы десек жарасар. Себебі бұл кезде ол техника тізгінін өзге қолға өткізіп беріп, сүйікті машығы – аң, құс атып, дала дастарқанынан дәм татып отыруға толық мүмкіндік алған. Ағасы Қоңырбай ақсақал мен оның достары Сахи Кішенов, Қали Шыңғысов сияқты ағаларының соңына еріп жүріп, соларға қызмет көрсете жүріп үйренген – аңшылық өнері. Аңшылық өнер дегенде бұл – мыңдап, жүздеп дала жануарларына қанды қасап жасау емес. Ондай іспен айналысатын адамдарды аңшы деу обал. Олардың бұл жерге кірістіруге болмайтын өзінше атауы бар. Ал Жақаңдікі – анда-санда туған жердің тұмса табиғатымен сырласып, сүйікті даласының саф ауасын жұта жүріп, табиғат сырына құлақ түру, өздері «перелет» деп атайтын қызықты құбылысты тамашалай жүріп үстінен ұшқан топ үйректен біреуін топ еткізіп дорбаға салу. Кешкілік бала-шағасымен көрген қызықтарын бөлісе отырып, жас сорпаны сораптай тарту.
Дала демекші, Нұра мен Қарақұм даласында Жақаң баспаған жер аз. Жер атау­лары мен оның тарихын, ол жердің құмы сазы, жануарлары мен өсімдіктері, суының қанша тереңдікте жатқаны, басқа да жайларды білгіңіз келсе Жақаңнан сұра дер едік. Мұның үстіне барар жерін айсыз қараңғыда  адаспай табатын жершілдігін қосыңыз.
Есіме түскен тағы бір қызығын айта ке­тейін, жаздың күні шілде ортасынан ауып, тамызға ұласар тұсында: Пәлен төбенің құмы пі­сіп бабында тұр. «Белім сырқырайды», «Тізем бастырмайды» деп мазаны алушы едің, сені бір емдеп келейін  – деп, еріксіз машинасына мінгізіп алып бірсыпыра достарын емдеген де кездері болды. Көлдің жағасы болса ау құрып жіберіп, дала болса атып алған қоянын сойып, қазанға салып жібереді де сені алдын ала үйіп даярлап қойған ыстық  құмға көміп,  басыңа сексеуіл бұталарынан мосы жасап көлеңкелейді де, бұрқ ете қалған теріңмен салқындап 20 минут жатқаннан кейін тұрғызып алып, дайындап қойған сорпасынан ішкізеді. «Ал енді мұздай су ішпе», «тоңазытқышқа жолама», «түсте салқын тамға жатпа» деген сияқты тапсырмаларын үйіп-төгіп үйіңе әкеп тастайды. Осындай екі-үш рет алған табиғи емнен «құлан таза айығып кеттім» деген достарымыз аз болған жоқ. Соның бірі – өзіммін.
Иә, Жақан досымыз көненің көзіндей, табиғаттың өзіндей бір ерекше азамат еді. Көңілінің кіршіксіз тазалығы әр ісінен, сөйлеген сөзінен көрініп тұратын.
Бүгінгі күні соның бәрі сағынышқа айналып, кеудеге өксік тірелгендей күй кешетін күндер көбейіп тұр. Жастық кезеңнің талай қызықты күндерін бірге кешкен, кеше ғана бірге жүріп, ортамыздағы орны суи қоймаған асыл досымызға бүгінгі күні ештеңе айтып мойнын бұрғыза алмайтынымыз қандай өкінішті?!

Амангелді АҚЖІГІТОВ,
еңбек ардагері
25 қыркүйек 2021 ж. 531 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031