» » » Дәстүрің тұрсын, дін аман

Дәстүрің тұрсын, дін аман

Бабамның дәстүр әдебі,
Тәрбие-тәлім әдемі.
Ескеріп жүрсе әр ұрпақ,
Өнеге сабақ кәдені.
Жиғандай кітап сөреге,
Көз салып қара көнеге.
Ғибрат содан аласың,
Бабаның жолы өнеге.
Атыраудан Алтайға, Оралдан Ала­тауға дейінгі ұланғайыр өңірді жай­лаған қазақ халқы «Жері байдың – елі бай» деп, көшіп-қонып мамыражай өмір сүрген, еркіндікті сүйген, сайын даланы төрт түлікке толтырып, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанған халық. Сол дәстүр-салт бабаларымыздың сара жолымен бүгінге дейін жалғасуы ұлттық болмысымыздың сақталуы деп қуанамыз. Сол баба өнегесін өркендетіп, тәлім тамырын тереңге жіберетін, қазақ халқының бойына сіңген асыл қасиеттерінің жойылмай ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне ықпал ететін күш, ол – халық педагогикасы.
Халықтық педагогика дегеніміз не?
Ертеде бабаларының жазу, сызу жоқ кезде де: обал болады, сауап болады, жаман болады деген үш ауыз сөзбен ер жүрек ұл, ибалы қыз тәрбиелеп, қазақтың даңқын шығарған. Әр аталықта ұрпақ үшін ұялмаудың жолын қатаң қадағалап отырған.
Халықтық педагогика – ата-ба­ба­ла­рымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары, ата кәсібі, шешендік өнері. Ұрпаққа тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес беруде тәрбие құралының бір сабағы жоғарыда сөз еткендей ырым-тыйымдар. Қазақ дәстүріндегі бұл тәрбие түрі ұрпақты жаман әдет, жат пиғыл, әдепсіз істерден сақтандыру құралы болған.
Мысалы, үлкеннің алдын кесіп өтпе, ақты жерге төкпе, ақты баспа, адамды айналма, босағаны керме, адамды, малды аттама тағы басқа тыйымдармен әдепсіздік белгісінен ұрпағын аулақтап, шектеу салып отырған. Бұл тыйым үлгілері халықтық педагогиканың тәрбиелік іс-шаралары болмақ.
Қазақ халқы баласын мейірімділікке, имандылыққа баулыған. Өйткені ұрпағының болашағы үшін оған берер тәрбиені үлкен жауапкершілікпен сезініп, тәрбие басы – әдептілік деп білген. Сондықтан әр ата-ана баласына алдымен өзін сыйлап, құрметтеуді үйретіп, әр істегі жауаптылығын қатаң қадағалаған. Қыз баланың тәрбиесіне терең мән беріп, «Қызға қырық үйден тыйым» деген тәмсіл қалдырған. Себебі «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деп бағалаған. Қыздың бойындағы ізеттілік, ибалық, көрегенділік нәресте кезінен ана сүтімен, ал ер балаларда намыстық, қайсарлық, батылдық, еңбекқорлық әкеден көрген-түйгенімен қалыптасады.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген ұғым осыдан қалған.
Қазақ ұғымында жас келіндер ақсақалы бар үйдің төріне шықпайды, әйел адам ерте тұрады, кісі бетіне бажырайып қарау әбестік болады, қазақ әйелі ерлер отырған жаққа көз салмайды, қазақ әйелі ерінің бетіне қарсы келмеген, әйел мал бауыздамайды, дұғаны ішінен оқиды.
Ертеде жаңа түскен келін ертемен тұрып, ауылдағы үлкен үйлердің түндігін ашқан. Қайны, қайынсіңлілеріне ат қойып иба жасаған. Міне біздің байырғы аналарымыздың әдебінің әдемілігі айқын екенін осыдан көруге болады. Себебі, ана – барлық өмірдің бастауы. Ана сәбиді өмірге әкелумен қатар оның адам болып қалыптасуындағы ең жауапты тұлға. Қазіргі аналарымыз осы жауаптылықты сезініп ұрпақ тәрбиесіндегі өзінің аналық міндетін қалт жібермесе нұр үстіне нұр болар еді. Сөзге құлақ түрмейтін, ақылды ашуға жеңдіріп алатын, өз баласына жұдырық ала жүгіретін аналар қай жерден қателесті?
Әрине олар халықтық педагогикадан шеттеп қалды, салт-дәстүр мәдениетімізді айналып өту, мән бермеу сәт сайын сүріндірді. Сондықтан қоғамда нашақорлық, жеңіл жүрістілік, менмендік, озбырлық, қатігездік күш алып барады. Бабаларымыз «Қыз өссе – елдің көркі...» деп, қыз баланы төріне отырғызып, оның бойына сыпайылық, мейірбандық, адалдық, іскерлік, еңбекқорлық қасиеттерді дарыта білген.
Тыйымдар арқылы әр баланың әр басқан қадамын түзетіп отырған. Қай ұлттың болмасын тәрбие ісінде басты негізге алатын қайнар көзі – ұлттық тәрбие. Себебі әр халықтың бала тәрбиелеу ісінде көнеден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына сай өзіндік сара жолы бар. Қазақ зиялысы Жүсіпбек Аймауытов «Адам баласының мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы, тәрбиенің әртүрлі болуынан». Адам баласының ұрлық істеу, кісі тонау, өлтіру сияқты қылмыстарды жасауы тәрбиенің жетіспегендігінен деп тұжырымдайды. Ел болу үшін – бесігіңді түзе дегендей есін білген бала туған жер, ата жұрт ұғымын білу керек. Әрбір әке, ана Ата мекен, Ата жұрт құдіретін санаға құйып өсіру керек. Отбасы – тәрбиенің бастауы. Отбасы – шағын мемлекет. Алғаш тәрбие сатысы отбасында басталады. Елдіктің басты нышаны – тіл. Қазақ тілі – ұлтымыздың ұлы қазынасы. Тіпті ұлы ғұлама М.Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп тұжырымдайды. Тілімізді дамытуда ұрпақтың ой санасын арттыруда ауыз әдебиетінің алар орны ерекше. Онда ертегілер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер, жырлар, дастандар барлық ұрпақ тәрбиесінің өркендеуі жолындағы ұлы еңбек, тәрбие құралы. Халық ертегілердегі, аңыздардағы батырларды, әртүрлі тұлғаларды сомдай отырып, жақсыдан үйренуге талпыныс жасауға, болмаса да ұқсап бағуға, жаманнан бойын аулақ салуға үндейді. Ал жастардың ой санасын өрістетуде, ақыл-ой тапқырлығын дамытуда ауыз әдебиетіндегі айтыс жанрының орны ерекше.
Қазақта «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман» деген даналық ой бар. Жақсы мен жаман деген өлеңінде Сүйінбай ақын:
«Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай
Жамандар өтірікші, өсегі көп,
Ел жұрттың іріткі салар арасына-ай» деп топшыласа, жақсыларды:
«Жақсы жігіт ел жұртының қала­сындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма-өрік ағашындай» деп дәріптейді.
Ал Майлықожа ақын:
«Ақылды жігіт адал жүр,
Ұрлық қылып мақтанба.
Ұрлық, өтірік, жалған ат,
Мұсылманға жаққан ба?
Елге келген салмақты
Жақсы жүрер көтеріп,
Көпті көрген ер жігіт
Көсем болар төселіп» деп жырлайды.
Міне жақсының жолы – жарық күн. Жақсы адам елдің ырысы. Ұрпақ тәрбиесінде мақал-мәтелдердің де маңызы зор болған. «Жаңбыр жауса – жер ырысы, Батыр туса – ел ырысы», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп өнегелі өрісті ұғымды халық педагогикасында ұрпақ бойына жастайынан сіңіріп отырған. Рухты да тұлғалы бабаларымыз ел тағдырын өз тағдырынан биік қойып, ұлтының тұтастығымен жерінің бүтіндігін мұрат етіп, елдің тәуелсіздігін, азаттығын аңсап өткен. Қандай сын сағаттар, толайы нәубет төнсе де ел бірлігімен, тұтастығының арқасында ұлттық рухымен кез келген қиындықты артқа тастай білген. Өйткені қазақ – Ұлы халық. Ұлы халық майдаланбау керек. Ұрпақтың намысы, ары тым биік болуға тиісті. Қоғамдағы келеңсіз жайттарға жол беру, адами болмысынан айырылып, түрлі қылмысқа бару тек заңмен жазалануға тиіс. Ұрпақ тәрбиесінде сүріну – отбасылық тәрбиеде халықтық педагогикадан алшақ қалу, бағаламау деген сөз.
Жүсіп Баласағұн бабамыздың пікірінде: Біріншісі – ақыл, оны ашулану, өшігу күңгірттендіреді, екіншісі – достық, оны күншілдік бұзады, үшіншісі – ұят, оны тойымсыздық, ашкөздік жояды, төртіншісі – жақсы тәрбие, оған нашар орта әсер етуі мүмкін. Бесіншісі – бақыт, ал оны қызғаншақтық бүлдіреді.
Міне еліміз Тәуелсіздік алғанына – 30 жыл. Заманымыз тыныш, бейбіт өмір сүруде. Күншілдіктен, ынсапсыздықтан ада болып, ұрпақ тәрбиесіне қатты алаңдайтын сәт туды. Ұлттық болмысымызды жоғалтпайық.
Зарипа ТАСЫМОВА
11 қыркүйек 2021 ж. 806 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031