Ұл ұяты – әкеде, қыз ұяты – шешеде
Қобыланды қазақпын, батыр елмін,
Қозы – Баян қазақпын, тату елмін.
Қожанасыр қазақпын, аңқау елмін,
Абай туған қазақпын, ақын елмін, – деп ақындар жырлағандай жақсы қасиеттерді бойына сіңірген, ұлтымызға тән абзал қасиеттерді ана сүтімен ұрпағына дарытып, туы жығылмаған қазақ елінің даңқын асырған аналарымыз қаншама. Ананың қоғамда, отбасында алатын орны ерекше. Ана – мейірім көзі, ақылшы, тәрбиеші, шаңырақтың жылуы, әулеттің берекесі, бітістіруші шебер дәнекер, қаһарман тұлға. Сол себепті де ұлылық анадан басталады деп бағалаймыз. Қазақтың көшпелі дәуірінде қыздарды, әйелдерді өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі деп қараған. Әйел – ол ибалы қыз, инабатты келін, қайырымды қарындас, аяулы ана, ардақты апа, данагөй әже. Қазақ халқының ұлттық педагогикасында «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген әдемі тұжырыммен ұрпақ тәрбиелеген. Әкенің әр қадамы, шешімді ойы, ананың шеберлігі, ақылы, әженің ақылман әңгімесі, естелікке үндейтін ертегілері нағыз тәрбие көзі болып, ибалы қыз, ержүрек ұл тәрбиелеген.
Әйел-аналардан қолына найза ұстаған батыр, даңқты тұлғалар да өз қоғамында көпке танылып, ұрпаққа өшпейтін өнеге жолын салып кеткені белгілі. Айбике анамыз батырлығымен танылып, Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы орналасқан Жоңғар әскерлері туралы мағлұматтар жеткізіп, жеңіске жетуде бірден-бір ерліктің үлгісін көрсеткен батыр-Ана. Абылай ханның қызы Айтолқын анамыз әкесімен бірге жорыққа қатысса, Абылай ұрпағы, Қасымқызы Бопай анамыз ірі шайқастарда ерлік көрсеткен. Қаракерей Қабанбай батырдың жары – Гаухар ана ерлігімен танылса, қызы Назым әке-шешесімен бірге жорықтарда атойлаған. Найман елінің батыр қызы атақты садақшы Жанделі батырдың да ерлігі ел аузында. Шыңғыс ханның тұсында ел қорғаған Бәйке мен Биба батырлардың, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Әлия мен Мәншүктің ерлігі, жау басып алған аймақта 300 рет ерлік көрсеткен ұшқыш Хиуаз Доспанова сияқты батыр аналарымыздың ерлігіне тәу етіп, бүгінгі жарқын болашағымыздың негізін қалаған асыл аналардың өмір тарихын ұрпаққа жеткізу парыз деп ойлаймын. Шығыстың шоқ жұлдызы Әбілқасым Фердоусидің 30 жыл жазған «Шаһнама» еңбегін 11 айда тәржімалаған Тұрмағамбет атамыздың аударма жырларын, басқа да өсиетті жыр жазбаларын киізге орап, 1937-38 жылдары қуғын сүргін уақытында аса мұқияттылықпен бүгінгі ұрпаққа жеткізіп ерлік жасаған Тұрмағамбет атамыздың зайыбы Биға әжемізбен қалай мақтанбасқа!
Сондай-ақ белгілі жырау Жиенбай бабамыз өн бойы тұнған өнерін халқына ұсынып халықты таңдай қақтырар өнер иесі болған. Ел ризашылығын білдіріп ат мінгізіп, шапан жапса, жанындағы жандарға сыйға тартады екен. Бойына өнер, асыл қасиет жиғанымен дүние жинамаған кісі болыпты. Бірде арқа жаққа барып, жыр-жырлап Сыр бойына қайтарда сыйға тартқан 300 жылқыны айдап қайтады. Бұл жаймен Сыр елі хабардар болып күтеді. Сөйтсе Жиенбай әкеміз жол жөнекей жылқыларды таратып, өзінің астындағы шолақ жорғасымен елге келіпті. Ауылдың би-болыстары Жиенбайды сынамақ болып ескертпестен қонаққа келіпті. Шай ішіліп, біраз әңгіме дүкен құрған соң, қонақтар қозғалақтап кетпек сыңай танытады. Сыртқа шықса бір тайқазан ет қайнап жатады. Сөйтіп Жиенбай атамызды сыннан сүріндірмек болған би-болыстардың алдында атамыздың сағын сындырмай, мерейін үстем еткен зайыбы Балшаш әжеміз екен. Астына мініп жүрген жалғыз жорға атын сойдырып «Жиенбай ұяттан өлгенше, құдай жолы болсын» дедім деген екен. Не деген көрегенділік? Әйел ананың ақылы, ерлігі жайлы бүгінгі аналар, келер ұрпақ оқып, танып тәлім алса. Ал бейбіт өмірдің батыры болған аналарымыз Социалистік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова, Пиян Жұқаева сияқты еңбектің батыры болған аналарымыздың өмірі өшпес өнеге. Қазақ өнерінің, мәдениетінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Шара Жандарбекова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Шамшат Төлепова сынды ән мен жыр әлемін бағындырған тұлғаларымыздың есімдері бір-бір тарих. Қазақ әйелі қай салада, қай заманда өмір сүріп, еңбек етсе де рухы мықты ұрпақ өсірді. Жазу-сызу жоқ заманда да әжелеріміз, аналарымыз үй тәрбиесінде өз ұрпақтарын үш ауыз сөзбен «Жаман болады», «Сауап болады», «Обал болады» деген ұғыммен тәрбиелеп ержүрек ұл, инабатты қыздың бойына адамгершілік, адалдық гүлін еге білген. Сондықтан қазақ халқының болмысындағы, дүниетанымындағы бар игі қасиеттердің тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы әйел – Ана деп саналған. Халқымыздың татулығын, береке-бірлігін келтіруші де Ана екеніне тарих куә. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген халық даналығы осыдан туған. Қазақ қызын «Қыз баланың жолы жіңішке» деп жан-жақты тәрбиелеген, ешуақытта оны кемсітпеген. Перзенттің тұңғышы қыз болғанда «Ырыс алды – қыз» деп жақсы ырымға жорып, қуанған. Қыз баланы аз күнгі қонақ деп тазаны кигізіп, дәмдіні жегізіп, үйдің оң жағынан төрінен орын беріп аялаған. Қыз балаға қырық үйден тыйым деген философиялық қағидаға орай, қыздарының тәрбиесіне зор мән берген. Барған елінде тәрбиелі, ана көргендігімен танылсын, деген биік ұғым тұрған. Сол себепті де қазақ әйелі отбасының берекесі ретінде, алар орны баға жетпес құндылықпен пара-пар болған. Қазақ қызы әдебімен, ибасымен, намысымен, қайсарлығымен, тапқырлығымен танылса, ақылды, берекелі әйел болмысын жасаған.
Ерте кезде аналарымыз ер азаматын пір тұтып, ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеп өз абыройын, өз беделінің тұғырын жоғарыдан танытқан. Ал аталарымыз, ер азаматтар әйелдің сағын сындырып, рухын құлатпаған. Өйткені тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – Анадан таралады. Баланы тоғыз ай көтеріп, дүниеге келтіріп қана қоймай, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызып, туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да Ана. Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын, тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән-өлеңі, ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып орындайтын – бесік жыры. Қаһарман бабамыз Бауыржан Момышұлының бір ұлағатты сөзіне құлақ салсақ «Жаудан да қорықпаған қазақ едім, қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ әйелден қорқам, екіншісі – немересіне ертегі айтып беретін әженің азайып бара жатқанынан қорқам, үшіншісі – дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді, үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке жоқ» деп мұңайған екен зиялы жан. Ғасыр жылжып, қоғам дамыды. Әлемді шарлаған жаһандану үдерісі толассыз жүруде. Тәлімі мен тәрбиесі сан ғасырлар өтсе де, небір нәубеттерді бастан кешірсе де намысы жығылмаған, рухы құламаған қазақ халқын да алаңдатуда.
Ата-бабаларымыздың ырым-тыйымдары да, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, мәдениеті де шеттеп қалғандай. Ер-азаматтардың көп бөлігі жұмыссыз болса, әйел – аналар отбасының асыраушысы болып базар жағалап кетуі, ертелі-кеш балалардың қараусыз қалуы, сабақтан соң күн тәртібі нақтыланбай бос жүруі бала тәрбиесіне зор нұқсан келтіруде. Бала тәрбиесі мұндай салғырттыққа, сылтау, себеп іздестіруге төзбейді. Күні бойы жұмыстан, тірлік күйбелеңінен кешке бір уақыт қана бас құралып, балаға назар аудару тым жеткіліксіз. Қалта телефонының таң тамашасы таусылар емес. Бұрын аналарымыз әкең келе жатыр дегенде зор құрметпен әкеге ілтипат жасап, дастарқан басында асты әкенің бастауы, ас ішкенде «сөйлеуге болмайды, кітап, газет оқуға болмайды» деп тәрбиелеуші еді. Ал қазір дастарқан басында бір-бір телефонға шұқшиып, ауық-ауық жалтақтап, отбасы деген берекелі бірліктің тынышын кетіру әке мен ананың өздеріне үйреншікті әдет болып барады. Ең қорқынышты жайт – осы. Жасөспірімдер арасында шылым шегу, нашақорлыққа бой ұру, балаларын тастап, қараусыздығына еш алаңдамайтын әкелер мен аналар жайлы ақпараттар жиілеп барады. Бейбіт өмір, тыныш заманда мемлекет қамқорлап тұрғанда өмір сүрудің күрделенуі алаңдатуда. Әлеуметтік желіні қолдануда да балаларға дұрыс бағыт-бағдар беру, қадағалау жеткіліксіз. Қыз бала тәрбиесінде де олқылықтар көптеп кездесіп жатады. Әжемнің әңгімесі, ақыл өсиеті құлағыма келгендей: қысқа көйлек киме, жай ғана жымиып күл, қатты дауыс көтеріп сөйлеу әбестік деген сөздері жылы леп ескендей ойыма оралады да тұрады. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деген әдемі ұғым да алыстап бара жатқандай. Халқымыздың мақал-мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата-ананың қадір-қасиеті туралы асыл сөздерді табар едік.
«Алты аға бірігіп – әке болмас,
Жеті жеңге бірігіп – ана болмас» деген сөзде де терең ой жатыр. Ата-ананың бар тілеуі балаға бағышталған. Отбасынан дұрыс тәлім-тәрбие алған ұл мен қыз ешқашан ата-анасын жерге қаратпайды, ұрпағын жылатпайды. Сәби шағыңда ата-анаң қалай бағып қақса, қартайғанда оларды солай алақанға салып, аялап күту қандай ғанибет! Ұл мен қыздың әдептілігінің негізі – ата-ананы риза қылып, үнемі алғыс батасын алуында. Сонда ғана үлкендердің мерейі тасып, ұл-қыздарының өркені өспек.
Қазақ халқында «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілек тілеген. Қарты бардың қазынасы бар деп қарт ата-әжелерін байлық санаған. Ал қазіргі уақытта кейбір келеңсіз жайттарды естіп қалсақ көңіл құлазиды. Өз қолы өзіне жеткен жаста ата-анасынан алшақтап, қайырымсыздық, қатыгездік танытатындар да жоқ емес. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.
Абай атамыздың «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» дейтіні содан шығар. Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, пейіл-береке оның барлық мүшелерінің ырысы, ойға алған істерінің берекесі, оң бастауы болмақ. Ал балалардың жанжалшыл, дөрекі дөкірлігі – ата-ананың қаупі, азабы. Ондай ата-ана үнемі алаңдаумен күн кешеді. Ұл мен қыздың әдептілігінің негізі – ата-ананы риза қылып, үнемі алғыс батасын алуында. Отбасында ата-ана ризашылығына бөленген қыз бала өзі аттаған босағасының шамын жарқырата түседі. Ондай жаннан ибалы келін, аяулы ана, ардақты әже қадамдарына жол ашылады. Бұл тәрбиедегі бақыт кілті. Жұмақ табанының астында дейтін байырғы аналарымыздың бүгінгі өркені осындай аналар болмақ. Сол себепті сөз басында тілге тиек болған даңқты аналарымыздың ізін жалғар бүгінгі аналар өзінің «Ана» деген қасиетті аттарына кір келтірмесе екен. Әйел – аналардың ішімдікке әуес болуы да қоғамға қауіп туғызады. Бұл үлкен дерт. Ақ орамалы кіршіксіз, ақ дастарқаны ананың ақ пейілімен толып тұрған отбасында бақ-береке мәңгілік тұрақтап қалады. Өзім 22 жыл мектепте тәрбие ісін басқарғанымда нағыз тәрбие құралы халықтық педагогика екенін терең түсініп, насихаттап келемін. Ата-бабамыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдары – нағыз тәрбиенің бағдаршамы. Әр ата-ана өзін жаспын демей осыны ұқса. Әр ата-ана ең қасиетті азық – рухани байлық екенін, оның бар қазынасы кітапта тұрғанын балаларына түсіндірсе. Әр ата-ана уақыт тауып баласының жан дүниесіне үңілсе. Әр ата-ана баласын қорғаштап өзімшілдікке емес, қоғамшылдыққа, көпшілдікке, отаншылдыққа тәрбиелесе. Әр ата-ана ақпаратпен танысып, газет-журналдар оқып, өзінің жан дүниесін байытып отырса.
Өз өміріме сәл шегініс жасап, еске алсам газет-журналдардағы жағымды тәрбиелік ұғымдарды мұғалімдер бөлмесіндегі әріптестеріме оқып беретінмін, ортақ ой бөлісетінбіз. Қызықты кітаптарды бір-бірімізге насихаттап отыратынбыз. Жұмысымды аяқтап үйге келіп, келіндік міндетімді атқарып отбасының ас-тамағын беріп, ыдыс-аяқ жуып болып, үйдегі ата-енеме газет-журналдар оқып беретінмін. Ол менің күнделікті күн тәртібім еді. Ең бастысы – үлкейген кісілерге қызмет ете отырып, өзімді рухани байытатынмын, үлкендердің ризашылығына бөленетінмін. Қазір әр қадамымдағы сәттіліктерім үлкендерден алған батаның киесі болар деп шүкіршілік етемін. Қазақ деген текті халықтың киесі – әйел-Ана ғой. Сондықтан әйелдер кеңесі барлық ауылда жанды қызмет атқарса, сол ауылды көркейтуге үлес қосқан аналар жайлы айтып, кейінгі жас келіндерге таныстырып, олардың да жақсы істерін, отбасылық тәрбиелерін қолдап, мадақтап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Ұл ұяты – әкеде, қыз ұяты – шешеде дегендей әкеге де, шешеге де ұят әкелмейтін ұрпақ өсіру басты мақсат.
Зарипа ТАСЫМОВА,
№29 орта мектеп директоры
№29 орта мектеп директоры