» » » Көңілден көшпейтін бейне

Көңілден көшпейтін бейне

Жақсының жалынды ісіне, жарқын тірлігіне ел-жұрты сүйінеді. Дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние – ердің елге танылуы еңбектің арқасы. Ұзақ жылдар бойы еткен еңбегінің жемісін көріп, халқының құрметіне бөленген, жас ұрпаққа ғұмырымен үлгі болып қалған атпал азаматтың бірі – Қалабай Жүсіпбеков еді.


Еңбек ардагерінің өнегеге толы өмір жолы ұзақ жылдар бойғы аудандық электр жүйесіндегі адал да мінсіз қызметімен байланысты. Ол алғаш рет ауданда 220/35/10 кВ қосалқы подстанцияның іске қосылуына себепкер болды. Мұнан бөлек электр қуатымен жарықтандыруға зор үлес қосты.
Қ.Жүсіпбеков 1942 жылы Иіркөл ауы­лында туған. 1959 жылы №27 орта мектепті бітіріп, аудандық баспаханаға байланыс маманы болып жұмысқа орналасады. Сонда еңбек ете жүріп кәсіптік-техникалық училищеден «тракторшы-машинист» мамандығын қоса алып шығады. Талапты жас мұнымен де тоқталмай, 1962 жылы Украина астанасы Киев қаласының энергетика институтына түседі. Отбасы жағдайына байланысты оқуын орталап, елге оралады. 1964 жылы аудандық дизель электр станциясы мекемесіне электромонтер мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды.
Кейіпкерімізбен қызметтес болған ҚазКСР еңбегі сіңген энергетик, ардагер Шәкизада Ашабаев оның атқарған жарқын ісі мен азаматтық қасиеті туралы айтып берді.
– Ол кезде Жосалы кенті автономды дизель генераторлар арқылы электрмен жабдықталатын. Кенттің бір бөлігі коммуналдық шаруашылық мекемесі генераторымен, келесі бөлігі Жосалы механикалық зауыт генераторынан электр қуатын (ток) алатын. Қалекең коммуналдық шаруашылық мекемесі генераторының операторы болып қызмет істеді. Ал 1969 жылы аудандық электр торабы құрылып, 220/35/10 кв «Жосалы» қосалқы стансасы іске қосылды. Ол алғашқыда электр желілері шебері, содан соң электр торабының бастығы қызметіне тағайындалды. Сол кездерде ауданның елді мекендерінде электр желілері тартылып, қосалқы стансалар салынды. Сол жұмыстардың бел ортасында болып, сапалы жүруіне көп үлес қосты. Ақжар, Тұрмағамбет (бұрынғы Ленин), ІІІ Интернационал ауылдарына резервті күштік трансформаторлар орнатуға ықпал етті. Сол кезде Қалекеңнің басшылығымен қолданысқа берілген қосалқы стансалар, жүргізілген желілердің игілігін аудан халқы күні бүгінге дейін көріп отыр. Оның жұрттан ерек қасиеті – туған жерін ерекше сүйетіндігі, ағайынға бауырмалдығы, – дейді ол.
Қ.Жүсіпбеков еңбектен қол үзбей жүріп, 1971 жылы Алматы ауылшаруашылық институтының энергетика факультетіне түсіп, жоғары білім алды. Өз ісіне шын берілген маман жарықтандыру жүйесінде ұзақ жылдар жұмыс істеп, адал еңбегімен қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке дейін өсті. Жүрегі жомарт, жаны жайдары азамат іскерлігімен өз ортасына өте сыйлы болды. Еңбекқорлығы, ізденімпаздығы қызметте сатылап өсірді.
         Алғашқы жылдары аудандық электр жүйесінің шебері, кейіннен басшы орынбасары, 1980 жылы аудандық электр жүйесінің бастығы қызметінде болады. Ал 1987 жылы «Энергосбыт» тарату жүйесінде инженер қызметінде болды, 1993 жылы зейнетке шықты. Қиындығы мен қызығы мол тынымсыз кәсіпте отыз жылдан астам еңбек етіп, толымды табыстарға қол жеткізді.
Кешегі кеңестік дәуірде еңбек адамының нарқы жоғары болатын. Ол бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңес депутаты болды. Социалистік жарыстар жеңімпазы атанып, облыстық, аудандық атқарушы органдардың құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапатталды. Бастысы, шәкірттер тәрбиеледі. Олардың жоғары оқу орындарында білім алуына қолдан келген ағалық көмегін жасады. Сол шәкірттері бүгінде ұстаз мерейін көтеріп, аталған салада абыройлы қызмет етіп келеді.
Солардың бірі – Қазақстан электроэнергетика Қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымының кандидаты, әскери әкімшілік докторы, «Қызылорда жарығы» холдингінің басқарма төрағасы Жомарт Көшербаев. Ол Қалабай Жүсіпбековпен алғаш 1980 жылы Алматы энергетика институтын тәмамдап, жолдамамен аудандық электр жүйесі мекемесіне электр-тарату желісінің шебері болып келгенде танысқан.
– Ағамыз сол уақытта мекеме басшысы еді. Екі жылдан астам уақыт мамандықты игеру мектебінен өттім. Қалекең шын ниетімен маған көмектесіп, өз тәжірибесін бөлісіп отырды. 1982 жылы әскер қатарына шақырылдым. Әскерден келіп Қазалы аудандық электр жүйесі мекемесінде 3 жыл қызмет атқардым. Қармақшы аудандық электр жүйесіне мекеме басшысы болып келдім. Сол уақытта Қалекең бас инженер қызметінде екен. Ол кездер оңай болмады, төрт жыл қатарынан жұмысшылармен апатты жағдайлар орын алған-ды. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін еңбек тәртібі мен еңбекті қорғау мәселелерін тәртіпке келтіру керек болды. Мен Қызылорда қаласына ауысқанға дейін екеуміз 6 жыл ішінде қызметкерлермен жазата­йым оқиғаларды болдырмау мақсатында жұмысты бірлесе атқарып алдын алдық. Бұған Қалекеңнің қосқан үлесі зор болды. Ауа-райы қолайсыздығынан электр қуаты жиі сөнетін. Аудан орталығын электрмен жабдықтау схемасын жетілдіру бойынша жүйелі іс-шаралар атқарылды. Бірнеше жыл бойына екі тарату пунктінің құрылысы жүргізілді. Бұл әр желіде алтыдан көп емес қосалқы стансаларды қалдыруға мүмкіндік берді. Сол жобалар бүгінге дейін халыққа қызмет етуде. Менің ойымша бұл жоба Қалекеңнің үлкен еңбегі және көзі тірі кезінде тұрғызған ескерткіші, – деп еске алады Жомарт Көшербаев.
Нақты кезеңде оның шәкірттері Қазақстан мен ТМД-ға еңбегі сіңген энергетик Жандос Ниязов «Қызылорда электр тарату компаниясы» АҚ бас инженердің орынбасары, ал еңбегі сіңген энергетик Мырзаш Бекбаев «Шиелі жарығы» ЖШС Қармақшы филиалы директоры болып қызмет атқаруда. Олар Қалекеңді өз жұмысының шебері деп еске алады.
– Мен 1986 жылы әскер қатарынан келген соң аудандық электр торабына жұмысқа орналастым. Қалабай ағай басшының орынбасары екен. Ол кездегі желілер мен қосалқы стансалар қазіргіден 2-3 есе көп болатын. Бір ғана Қармақшы кеңшарының дарияның екі бетіндегі қойшы қыстауларында 20 мыңның үстінде қосалқы стансалар үздіксіз электрмен жабдықталып тұратын. Ағамыз денсаулығы сыр бергеніне қарамастан күндіз-түні сол жұмыстардың басы-қасында жүретін. Аға ретінде біздің тоңып, қатты шаршамауымызды қадағалайтын. Мекемедегі жас кадрлардың техника қауіпсіздігі, апаттық жағдайлар бойынша жұмыс орынбасарға жүктелген. Қалекең жайбарақат уақытта да біздерді жиі жинап, сабақ өткізіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Бізге үнемі оқу оқып, жоғарыға ұмтылуға кеңес беріп отырды. Кейін денсаулығына байланысты энергосбыт бөлімін басқарып, ол жұмысты да жоғары көтерді. Қалекең энергетика саласында 30 жыл бойы маңдай терін сарқып қызмет еткен абзал жан, – дейді Мырзаш Бекбаев.
Қалабай Жүсіпбеков білімді, іскер, адал, кішіпейіл болмысымен айрықша басшы бола білді. Мәдениет саласының үздігі, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» елімізге белгілі жырау Бидас Рүстембеков ол кісіні еңбек бағытында, демалыс кезінде өзінің қарапайым қарым-қатынасымен-ақ еңбеккерлердің сүйіспеншілігіне бөленген жан деп біледі.
– Қалекеңмен алғашқы таныстығымыз студент кезден, 1967 жылы Қызылорда қаласында политехникумның «Электрофикация» факультетінде басталды. Алғашқы күннен-ақ ол топтың старос­тасы болып сайланды. Әрі бұл кісінің бізден біраз жас үлкендігі бар еді. Арада жылдар өтті, отбасын құрып, Қармақшы ауданының электр жүйесі мекемесінде жұмысқа орналасты. Мен оқуды 1982 жылы аяқтап, аудандағы СПТУ-149 училищеде еңбекке араластым. Қалекеңмен ойда-жоқта кездесіп, шұрқырасып қалдық. Ол кезде электро торабы мекемесіне басшы екен, дереу мені жұмысқа шақырды. 1983 жылы сонда жұмысқа орналастым. Бірге жүріп, халыққа игілікті көптеген жұмыстар атқардық. Кейін науқастанып, Алланың берген азғантай ғұмыры шығар, жасы ұлғаймай дүниеден өтті. «Орнында бар оңалар» дегендей, шүкір отбасы ұрпақтары қалды артында. Ағамыз биік болмысымен ел есінде қалды, – дейді жырау Бидас Рүстембекұлы.
Өмір із-түссіз емес. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, Қалекең еңбек еткен жылдарында бар күш-жігерін, кәсіби білімін, өмірлік тәжірибесін салаға арнап, өсіп-өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген үлгі тұтар тұлға ретінде ел жадында қалды. Ісі мен сөзі жарасқан азамат 2001 жылы өмірден озды.
Қалабай Жүсіпбеков зайыбы Айғаншамен  бірге 3 ұл, 1 қыз және 9 немере өсірген ардақты әке болды. Бүгінде әке жолын жалғастырып, екі ұлы да энергетика саласында қызмет етеді. Ал ата жолын қуып, ізін жалғастыруға ынталы болған немересі Зеріп Алматы қаласындағы Энергетика және байланыс университетін бітіріп, білімін магистратурада ғылыммен ұштастыруда. Сонымен қатар немерелері Нұрдәулет пен  Нұрзат та аталары секілді энергетик болуды армандайды. Ұрпақтары Қалабай атаның өмір айнасын өнеге етеді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
08 маусым 2021 ж. 952 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031