» » МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ

МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ


Қуаңдариялық Серікбек Бұқарбаев пен Жеңіс Ұзақованың отбасында тәрбиеленген он баланың үшіншісі Жаңагүл жас­тайынан арманшыл боп өсті. Мектепте ұстаздарынан алған тәлімін үйдегі ата-анасы берген тәрбиесімен ұштастырып, болашақта сенімді серік болатын мамандығын таңдады. Әрине, ол мейірбикелік мамандық еді.

Міне, еңбек пен талапты өміріне серік еткен жалынды жас мектепті тәмамдаған соң, өзге құрбылары сияқты жоғары білім қуаламай, аудан орталығындағы санитарлық-эпи­демиологиялық стансада қатар­дағы қызметкер, яғни эпидемиолог мамандығы бойынша еңбек жолын бас­тайды. Десе де, екі жылдан соң білімін одан әрі жетілдіруде Қызылорда қаласындағы меди­циналық колледж­дің «ме­дбикелік іс» бөліміне құжат тапсырып, үш жыл бойы тәлім алып шығады.

Иә, «Армандар асқақ өмірге жетелейді» дегендей, Жаңагүл келешек өміріне серік етем деген мейірбикелік мамандығымен еңбек кітапшасының ақ парағына алғашқы жазуды салды. Бұл 1981 жылдың жазы еді. Міне, осы уақытқа да биыл 38 жыл толыпты.
Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне мейірбике болып жұмысқа орналасқан жас маман бөлімше меңгерушісі Бердібек Жәмитов, аға медбике Сәуле Досмамбетова, сонымен қатар Шура Казакова және басқа да аялы алақан иелерімен бірге адам денсаулығын нығайтуда сол жылдары қызметті бірге бастаған замандас құрбылары Бақыт, Әсеммен бірге еңбек майданына енді.
Білікті жас сала бойынша білімін одан әрі жетілдіруде ау­дандық емхананың медстат және тіркеу бөлімінде жұмыс істесе, ал бүгінгі күні өзі еңбек ететін емханада жалпы медициналық медбике болып еңбек жолын жалғастыруда. Жаңагүлдің ұзақ жылғы еселі еңбегінің арқасында қармақшылықтардың денсаулығын арттыру мақсатындағы перзенттік парызын өтеудегі міндетін абыроймен атқарып, құрметке бөленген жандар қатарында екенін оның мейірім төгіп тұрған жүзінен көруге болады.

– Ақ жүректі, алақаны шипа, ауызынан шыққан әрбір сөзі дәрі болған Жаңагүлдей медбикеден ем алған науқас ешқашан «мен емделмедім» деп реніш айтып келген емес. Әріптестеріне үлгі, шәкірттеріне ұстаз бола білген аялы алақан иесі біздің мақтанышымыз, – дейді бөлімнің аға медбикесі Света Есқалиева.

Расында да, қызметкер туралы әріптесі жақсы пікір айтқанда осы мақтау өзіңе арналғандай марқайып қаласың.
Иә, Жаңагүл Серікбекқызы қа­­­шаннан ұжымның қадірлісі. Ұжымда­ғы құрбы-сырластары, бүгінде құр­метті зейнеткерлік демалысқа шыққан Айша Тоқбаева, сонымен қатар Қатира Құрақбаева, Гүлшат Үмбетова, Майра Мұнарбаева сынды әріптестері аудан халқының денсаулығын арттыруға сүбелі үлес қосып, ел құрметіне бөленген жандар десек артық айтқандық емес.

– Осыдан 38 жыл бұрын аудандық ауру­хананың жұқпалы аурулар бөліміне медбике болып жұмысқа орналасқанымда есік алдынан Сәуле апайым күтіп алып, өзім таңдаған мамандығымды сүюге, мақтан етуге үйретті. Сондай ардақты абзал жанның арқасында қызығы мен қиындығы мол мамандық арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткіздім. Бүгінде өзім де сол буын апайларым сияқты Ақылай Бисенбаева, Жаңагүл Қыпшақбаева, Клара Дәуменова, Ақмарал Ерімбетова сынды өз ісінің шебері атанған, ел-жұртының алғысына бөленген аялы алақан иелеріне ұстаз болдым. Тіпті, олардың өздері де бүгінде жастарға тәлімгер болып, өмірден түйгендерін үйретуде. Марқұм жұбайым Ықпал 1989 жылы өмірден өткенімен, оның артында қалған сүйенішім, екі азаматым Бағдат пен Азамат, бірі әскери, бірі қаржыгерлік саланың маманы атанса, қызым Гүлнұр да қаржы саласында ел экономикасын нығайтуға атсалысуда. Барлығы да отбасылы, маған бірнеше ұрпақ сыйлады, – дейді медицина майталманы Жаңагүл Серікбекқызы.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
04 желтоқсан 2018 ж. 2 231 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031