» » » Қараман Әлмаханов туралы кім не біледі?

Қараман Әлмаханов туралы кім не біледі?

Бұл есім Сыр өңіріне, әсіресе, Қармақшы, Жалағаш аудандарына жақсы таныс болуға тиісті. Өткен ғасырдың 60-70-жылдарында ол аталған аудандардың ауылдарында жиі болатын.
Қызылдың қиясындағы, облыстың ең шеткері ауылы "Жаңақала" , қазіргі Т.Көмекбаев ауылында тұрақтап тұрмаса да, ара-тұра келіп шаруашылық жұмыстарына араласып жүретін еді. Сол кезде біздер бала едік. Ол ауылға келгенде көшеде көре қалсақ, соңынан еріп, қызықтап жүретініміз есімізде. Ол сонда өзгелерден несімен ерекшеленетін? Неге біз үшін оны көру қызық еді? Өйткені, ол қазақтан гөрі неміске көбірек ұқсайтын. Немісті тек кинодан ғана көріп жүрген біздер үшін ол "тірі немісті" көргенмен бірдей еді. Үлкендерден "ол пленде болған", "немістердің армиясында командир болған", "Түркістан легионында болған" дейтін, бірін түсініп, біріне өреміз жетпейтін "болған" дейтіндер де бізді оған қызықтыра түсетін. Ірі денесі, қашан көрсең де бойын тіп -тік ұстайтыны... сосын түрік тақиясы (қазір біліп жатырмыз ғой солай дейтінін) және "гитлеровский" мұрты таңқалдыратын. Расы керек, жанына жақындауға қорқатынбыз. Қол беріп амандасқан - амандаспағанымыз есімде жоқ.
Ол сондай бір жұмбақ адам болатын. Кейін есейе келе, ол туралы "тұтқынға түскен қазақтарды құтқарған", "ату жазасына кесілгенде орыстың бір полковнигі "бұл советке қызмет істеген адам "деп атудан аман алып қалған" дейтін ақылға қонымды да, сондай -ақ, "немістің самолетін тура Кремльдің қасына қондырып, өзі Сталинге барып, мен осындай адаммын " депті " дейтін қоспасының көбігі көзге ұрып тұратын әңгімелердің де сан алуанын естідік.
Қазір соғыс жауынгерлері туралы мәліметтер ресейлік бірнеше сайттарда топтастырылған. Сол сайттардан бұрынғы тұтқында болғандар, сонда қаза тапқандар жөнінде де деректерді табуға болады. Бірде есіме түсіп кетіп қарастырып көрсем ештеңе шықпады. Ресейлік іздеушілердің бірімен ақылдасып көрсем, ол туралы "егер фашистер жағында, яғни легионда болса", дерек табудың қиындығын айтты. Сонымен , үміт үзілгендей де болған. Дегенмен, кей -кейде ғаламтордан аты -жөнін іздестіріп қоятынмын.
Бірде... оның есімі жарқ ете қалды. Дереу әлгі сайтты ашып, ол туралы сонда жазылған шағын өмірбаянды өзіме көшіріп алдым. Бұл нақты дерек екені күмәнсіз. Сол деректерге қарағанда, Қараман Әлмаханов 1915 жылы Қармақшы ауданы Карл Маркс колхозында, № 9 - ауылда туған.Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылсоветіне қарасты "Ортақшыл" колхозындағы орталау мектептің директоры болған.1939 жылғы қыркүйекте Шиелі аудандық әскери комиссариты арқылы әскерге алынған. Аға лейтенант. Белосток қаласындағы 10 армия , 5 корпус, 130 артполкінде взвод командирінің көмекшісі болып қызмет атқарған. 1941 жылғы 13 шілдеде тұтқынға түскен. Одан әрі қайда болғаны туралы мәліметті бірдеңені басқаша жазып қоярмын деген оймен орыс тілінде қалай жазылса солай бергенді жөн көріп отырмын. "Место нахождения в плену: г. Белая Подляска, Демблин, Седлец, лагерь "Оствиц" г. Бреслау,Варшава, г.Валомин,Яблоново, м.Легионово (Польша), г. Альби (Южная Франция), г. Вена (Австрия)г. Сангоданс, м. Калий-Вернет, р-н Тарго (г.Ланнемезан)". Бар дерек осы. Ол туралы материалдың толық құжаттары сайтқа салынбаған. Бірақ, оған қатысты іс материалдары сол сайтқа иелік ететін мекеменің архивінде жатқаны анық.
Осы деректі көрген соң "мүмкін тағы да бірдеңе табылып қалар ма екен?" дегн оймен ғаламтордан ол кісі туралы жиірек іздестіре бастадым. Бірақ... тіпті, кейін жоғарыдағы мәліметтер де табылмай қалды. Сайтты жауып тастаған болу керек. Есесіне, осыдан екі жылдай бұрын "Жди меня" хабарына "Әкем Қараман Әлмахановты іздеймін" деген Раиса Конопелько есімді әйелдің іздеу салғаны көзіме түсті. "Жди меня" өкінішке орай, бұл әйелдің қайдан екені туралы мәліметті жарияламапты. Содан "Жди меняға" "Мен Р. Конопельконың іздеген адамын білемін" деген мағынада хат жібердім электронды пошта арқылы. Ұялы байланыс телефонымды да қалдырдым. Элпоштаға еш хабар түспеді.Бірақ, обалы нешік, ресейлік нөмірден бір-екі рет қоңырау түсті. Бірақ, сол кезде телефон "мошенниктері" туралы сөз қызып тұрғандықтан көтермеген едім. Содан арада әжептәуір уақыт өткен соң "Жди меняға" "мен сіздерге хат жаздым, хабар болмады" десем, "сізге екі рет телефон шалған, көтермегенсіз" деген жауап келді. Мұндай өкінбеспін.. Сосын енді өз атымнан "Мен Қараман Әлмаханов деген әкесін іздеген Раиса Конопелько есімді әйелді іздеймін" деп өз атымнан хат жібердім. Арада шамалы уақыт өткен соң, менің мессенджеріме Ирина Станкевич есімді келіншек хабарласып, өзінің Раиса Конопельконың қызы екенін, "Жди меняға" мамасының айтуымен хат жазғанын айтты. Раиса Конопелько 1946 жылы туған. Ал, оның анасы, яғни, Қараман әкеміздің әйелі София шешеміз 2011 жылы қайтыс болып кетіпті. Сөйтіп, іздегеніміз табылды.

Енді елден Қараман әкеміздің туған -туысқандарына сұрау сала бастадым. Сөйтсем, ол кісінің Бақыткүл, Бейбіткүл есімді екі қызы, сондай -ақ, Хадиша есімді қарындасынан туған жиендері бар екен. Басқа да туысқандарын біле бастадым. Оларға Иринамен қалай байланысуға болатынын жеткіздім. Олар қазірдің өзінде өзара хабарласа бастағанға ұқсайды. Ендігі мәселе не?
Біріншіден, ең бастысы, Қ.Әлмахановқа қатысты тиісті мемлекеттік мекемеде жатқан іс ашылып, сондағы материалдар сарапталып, халыққа жария болуы керек. Сонда ғана Қ.Әлмаханов туралы нақты факт сөйлейтін болады.
Екіншіден, кезінде ол тұтқыннан босатқан адамдардың өздері болмаса да, ұрпақтары бар ғой. Олардың әкелері, аталары Қараманның арқасында тұтқыннан қалай босағандарын ұл -қыздарына, жақын - жуықтарына айтып кеткен болар. Сол әңгімелерді жинастырған жөн. Сондай естелікті айтқысы, жазғысы келген кісілер осы мақала жарияланып отырған газет редакциясына хабарласса болады. Немесе тікелей маған шықса да, қарсылығым жоқ. Бұл үшін жазбаларыңыз болса abdolla61@mail.ru электронды поштасына әйтпесе 87773024679-(уатсабы бар) телефонына хабарласыңыз.
Үшіншіден, Қ.Әлмаханов егер ақталған болса, (осы кезге шейін ақталмауы мүмкін бе?) оның есімі Ұлы Отан соғысына қатысқандар тізіміне енгізілуі тиіс.
Төртіншіден, Қараман әкеміздің қызы Раиса Конопелько қазір Белоруссияның Могилев қаласында тұрады. 14 наурызда 75 жас толады. Арада қанша жыл өтсе де, әкесін іздеген қызды, оның балаларын Атамекен, Атажұртқа шақырып, қонақ ету жағын да ойластырған абзал. Егер елшілік арқылы кіріссе, бұл шешуі қиын мәселе емес деген ойдамын. Ел елдігін танытуға тиісті.
Бесіншіден, Қараман Әлмаханов туралы кім не біледі? Мүмкін біреулердің үйінде оның суреті сақталды ма екен? Соның бәрін газет редакцияларына, маған ұсынсаңыздар екен.
Соғыс! Оның лаңы әлі біткен жоқ. Қараман Әлмахановтың тағдыры -соның жарқын мысалы.
Ол кісі естуімше, соғысқа шейін барлау қызметіне дайындықтан өткен екен. Барлаушы болуға тиісті еді. Тұтқынға түсті. Үстіне неміс формасын киюге мәжбүр болды. Бірақ, туған халқына деген адалдықтан айныған жоқ. Әйтпесе, тұтқынға түскен кеңес азаматтарын, әрине, ең алдымен қазақтарды, сол азаптан құтқару үшін басын бәйгеге тікпес еді ғой. Оның талай тұтқынды босатқаны туралы әңгіме бекер емес, тіпті, нақты адамдардың есімдері де аталатын. Ұрпақтары өздері -ақ айтатын болар деген оймен, олардың есімдерін әдейі атамай отырмын.
Ел басына түскен нәубет ер азаматты сан сынаққа салады. Оттың ортасында жүріп жақынға жәрдемдесу оңай ма? Қараман Әлмаханов сондай ауыр сынақтан сынбай өткен санаулылардың бірі тәрізді. Солай екеніне сенеміз. Ал, соны бәріміз бірге нақтылап,оның тұлғасын қара күйе, қара дақтан аршып алу - бізге бүгінгі күннің жүктеп отырған міндеті деп түсінгеніміз абзал.
Абдолла ДАСТАНОВ,
Қазақстан Журалистер одағының мүшесі.
Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы
10 наурыз 2021 ж. 752 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031