» » » «Адамдар арман қуған алданбайды»

«Адамдар арман қуған алданбайды»

«Өмірі біреулердің болған қайғы,
Біреу жырын жалғайды жалған жайлы.
Әйтеуір, мен сенемін тіршілікте
Адамдар арман қуған алданбайды...» дейді ақын Ибрагим Бекмаханұлы «Мен не дейін?» деп аталатын өлеңіндегі өзіне «ұқсайтын, ұқсамайтын» лирикалық «мені».
Әдетте өлеңтанушылар автор мен лирикалық кейіпкердің арасына абсолюттік тепе-теңдік белгісін қоюды қаламай жатады. Әйтсе де әлгі лирикалық кейіпкеріңізді сөйлетіп, көңіл-күйін ақ қағаз бетіне ақтартып, оның (лирикалық менді айтамыз) жан әлеміндегі қозғалыстың болуына түрткі болып тұрған ақынның өзі ғой. Өлеңді өмірге әкелген ақынның жан дүние жаратылысындағы, танымындағы өзіне ғана тән таңбаларды біз оның өлеңіндегі көркем бейнеден (лирикалық бейне) танып жататындығымыз ақиқат. Ол бейне – ақынның өлеңге көшкен болмысы. Екеуінің тепе-теңдігін қаламасақ та тамырласып жататындығын, көзге көрінбейтін әлдебір ғажайып сәулелермен байланып тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. Мұны айтуымыздың себебіміз бар: ақын Ибрагимнің өлеңдерін талдау барысында «дейді ақын» деген сөзіміздің мән-мағынасын ақын тудырған көркем бейненің де ішкі әлемінің, ой толғанысының көрінісі деп түсінілсе екен дейміз.
Әуелгі айтқанымызға қайта оралайық. «Сұрадың өмір жайлы, мен не дейін?» Жер бетіне адам баласының табаны тиіп, Алла сыйлаған «ақыл-сананы арқалап келе жатқаннан бергі уақыттарда үздіксіз қойылып келе жатқан сауал – осы. «Өмір дегеніміз не?»
Әркім өзінше, өз пайым-парқының деңгейінде жауап беріп келгені белгілі, әлі де жауап іздеп келеді. Әзірге адам көңілі «өмір – мәңгілік ұйқының алдындағы аз-маз серуен ғана» деген анықтама-түйінге ат басын тірер түрі жоқ. Жауап іздеп келеді.
«Өзіңмен өмір кейде өлшенеді»,
Жандарға өмір сүйген ел сенеді» деп, өзінше ой ұштығын шығарған ақын оқырманына өз байламын жеткізеді. Егер өмір деп тозаң-рух пен бақи әлем мүшесі болып жүрген аралықтағы уақыт ауқымын танысақ, әңгіме басқа, ал шыр етіп жарық дүниеге келіп, пыр етіп жалған жарығымен қоштасып ұшқанға дейінгі аралықты өмір деп танысақ, онда өмір жайлы әркім өз пайымынша баға беріп жатуы – заңды жайт.
«Сұрадың өмір жайлы ...
Мен не дейін?
Арқаңды сал қашанда кеңге деймін.
Өзіңнің тағдырың ғой өмір деген
Сүйрейтін ең ақырғы демге дейін».
Бақсақ, өмір – өзің, өзіңнің тағдырың. Туған күніңнен бастап соңғы сәтіңе дейінгі соққан сағатың – сенің өмірің, өміріңнің өлшемі. Ал атқарған ісің, алға сүйреген арманың, қимыл-қозғалысың (санадағы) – бәрі-бәрі сенің өмір деп таныған мазмұнның бітім-болмысы екен. Ендігі қарекетің өмір сүремін деп жасаған бағдарламаңның бұзылмауына бағытталады. Әйтпесе тірі жүр дегені болмаса, не дүниеге, не ақиретке тырнақтай пайдасы жоқ жандардың тірлігін өмір деп бағалау – артық нәрсе.
Өлеңдегі ақын байламын өзімізше талдау жасай отырып осындай түйін жасадық. Санамызға жаңғырық болып Декарттың: «Мен ұяламын, демек мен өмір сүрудемін» деген сөзі, Абайдың: «Өз бойын бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі» деген ғақлиясы жеткендей болды. Ойды ой қозғағаны осы ғой. Ақын өлеңі саналы адам баласы ойлауға тиістінің бір бөлшегі екеніне содан кейін таласып көріңіз.
«Өмір – өз тағдырың» деген қағиданы қазық еткен ақын Ибрагим – өзіне лайықты ғұмырнамесін жазып келе жатқан ақын. Әу баста оған Тұрымбет жыраудан тәбәрік боп жыр қалды. Өлеңді өмірлік серігі, сырласы, мұңдасы санады. Ақ қағаз, қара сияны айтары бар адамның ғана қасиетті құралы деп бағалаған қаламгер содан бері оқырманына өз ойын өлеңмен ұсынып келе жатыр.
Сонау 1966 жылы жазылған:
«Құй жаңбыр, селдей болып ақшы жаңбыр,
Шөліркеген даламның мейірін қандыр.
Әр тамшың көңіліме шаттық құйып
Жүректен отты сезім-өлең жаудыр» деген балаң жырындағы ақ пейілі әлі күнге дейін жаңбыр-жыр, тамшы-өлеңнен тек жақсылық тілеумен келеді.
«Ой-мұратым өзің болып көктеген,
Ием де сен, кием де сен, текті өлең.
Сен арқылы үндесемін тірлікпен
Сен арқылы тілдесемін көкпенен» дейді ақын айнымас серігі болған өлең жарықтықтың қасиетіне бас ұрып.
«Ырду-дырду өмірдің күйбеңі көп,
Байлығына біреу жүр «биледім» деп.
Енді біреу мәз болар қулығына:
«Суға батып, не отқа күймедім» деп өзі бағалағандай өмір-ортаның ағы мен қарасын, жақсысы мен жасығын, ұлысы мен ұрысын бір кісідей танып, көріп келе жатқан ақынның асқақ арман әлемі бар, ол – «жұлдызды жыр әлемі».
«Жұлдызды жыр әлемге сапар шектім,
Жақсылықтың ақ желкен кемесімен».
Ал жер бетіндегі жерұйығы қайсы, ол – кіндік қаны тамып, тамыры тарамдалған туған жері.
«Елге барам,
Есендесіп емін-еркін желменен.
Өрекпіген көңіл алаң
Өлеңдетем демде мен».
Сегіз қиыр шартарап тарлық етіп, әлденені іздеп, әлденеге асығып алабұртқан ақын көңілі жанына сая мекен іздейді. Есіл көңілін түсініп, еркелете түсетін «еркіндікке» ұмтылады. Ондай мекен ақын үшін әзірге екеу-ақ сияқты. Бірі көктегі «жыр мекен», екіншісі – «Бозарқаш, Балажарма, Ақсайы».
Көк пен жердің арасын кезіп шарқ ұрған шыншыл көңілі үшін ақын айыпты емес. Ақын маңдайына жазылған тағдыр сондай. Оның тоқсан тарау, қырық бұрау жанының дірілін сезіп, жүрек дүрсілін түйсініп, дәл өзі қалағандай жанын ұғына қоятын жан таппаған соң мына маңқиған даланың өзге нүктесінен де жантыныштық таппасын сезеді де. Сонан соң әлгі «жоғын» беймәлім көктің қойынынан іздейді. Ақынның жүрек жарасы осы.
Сөз жоқ, әзірге жер бетінің жүзін жылытып, кескінін көркем етіп, сұмдықтың сойылынан сақтап тұрған жақсылықты ақын ада-күде жоқ етіп, мансұқ қалмайды. Тек сол жақсылықтың ұпайы түгелделмей келе жатқанына күйінеді. «Әділеттің қашанда үні тапшы» дейтіні содан. Ақын жанын жаралаған нәрсе не?
Қараңыз.
«Теңіздегі тот басқан кемелер-ай
Жанарыма жас болып тоқтай қалды.

Қайырым дейміз,
Қайырымның көзі қайда?
Жан көбейді, жәдігөй, сөзі майда.

Бейбіт жатқан ел шошып, шаңырағы шайқалып,
Бірін-бірі екі ел жаулағандай не болды?

Біреулерге шуағымды түсірсем деп ұмтылсам,
Біреулер бар маған кезеп ызғар-оғын шашатын.

Даңғойлар мен дарақылар масайрап,
Күннен-күнге думандарын үдетті.

Шен-шекпенге айырбастап кетеді,
Сені жақын тұтып жүрген досың да».
Ақын жанын шұрық-тесік етіп, жүрек етін сыздатқан мұндай дертті тізбелей беруге болады. Көп. Көрмейін десе көзі құрғыр бар. Айтпайын десе ақиқат тұр көзі жасаурап. Жан жүрегі қабылдап тұрған осынау өмір шындығын сонан соң ақын еріксіз өлеңіне түсіреді. Міндеті сол.
Ақын ауру тапса, осыдан, тек осындай сұмдықтан табады.
«Кей кезде кетеді сөйлетіп
Көздегі мұңымды өлеңім».
Иә, иә, көздегі мұң – тамшы боп жерге түседі. Өлең дегеніңіз осы.
Өмірдің осы бір дертіне душар болған ақын оның емін де өмірдің өзінен іздейді. Ұстанған серті бар. Бойдағы қайратын бекітіп, мақсатын сол сертіне байлаған ақын еш нәрседен қаймықпайды.
«Қайыспай бәріне көнемін
Кіршіксіз арыма сенемін.
Ей, өмір, сүріндір, жық мейлі
Адам боп бір рет өлемін.

Аз емес, әйтеуір, берерің
Қайғың ба, оны да көремін.
Жандырып көр мені лаулатып
Жарқ етіп бір рет сөнермін».

Арманы асқақ, ары таза адам боп ғұмыр кешіп өтуді ғана мұрат тұтқан ақынның ұстанымына ұйисыз. Сөзіне сенесіз. Сонан соң ақын болып туып, ақын болып өтудің бақыт екенін сезінесіз.
Ақын Ибрагим Бекмаханұлының «Жарық сәуле» атты шығармалар жинағын оқи отырып біз осындай ой түйдік.
Жинаққа оның алғашқы өлеңдері, кейінгі жырлары, сықақ өлеңдері, толғаулары, балладалары және бірнеше сүйекті дастандары енгізілген.
«Жолбарыс әруақты Төребай би», «Сағымсары», «Ер Дулыға» деп аталатын поэма-дастандары – Ибрагимнің эпикалық жанрда да еркін көсіле алар қарымын танытатын туындылар. Тарихи тақырыпқа қалам тербеудің өз қиындығы бар. Автор таңдаған тақырыбын ашатын мол деректерге сүйене отырып, оның ішінен идея-қазығына қызмет ете алатын қажеттілерін таңдай алған. Осы мақсаттағы оның талғампаздығын және деректен көркем дүние жасай алар қабілетін аңғардық.
Сұлу Сыр, қасиетті Ұлытау, кенді Жезқазған, киелі Тәуелсіздік, кең-байтақ Қазақстан, оның бүгінгі тірлігі, жеңілісі мен жеңісі – Ибрагимнің азаматтық жырларының өзегі, арнасы. Ұлт мәселесі, тіл, қобыз бен домбыра, байтақ дала, бабалар аманаты оның бір өлеңінен келесі бір өлеңіне ауысып, өзек тартып жатады.
«Ерлік жайлы,
Елдік жайлы көп аңыз,
Сол арқылы өсті байып санамыз.
Білек күші, найза ұшымен сақталған
Қасиетті ғой ұлан-байтақ даламыз».
Ол – осы қасиетті Даласына ғашық. Оның рухын көтеріп, ризығын кемітпей, тұла бойын тіктеп, тұғырын биіктетіп келе жатқан да осы Даласы. Осы даласына тамыры байланып қалған. Әйтпесе ол ұмтылған «жұлдызды жыр әлемі» көкте еді ғой.
Ибрагим – махаббат жайлы жазса да шынайы сезімін боямасыз, сырлы етіп жеткізе білетін ақын.
«Жауған күні қар қылаулап,
Сені еріксіз еске алдым.
Шыныменен қалды ма аулақ
Жолымызды қосқан күн.

Сұлулыққа таңырқама
Сүйін деп ем, тек іштен...
Оранып-ап ақ ұлпаға
Жүруші едік, періштем.
Немесе:
Күлкісі де, сөзі де керім еді
Көк көйлектің етегін жел үреді.
Бар жүрісін аңдиды тілдеспек боп
Қой іздеген ауылдың серілері.
Енді бірде:
Алыс арман шақырады біздерді,
Гүлім менің, сағындырмай кел енді» деген ақын сезімінен ақ пейіл, ақ көңіл ақынның алдарқаусыз сөзін, шынайы сүйіспеншілігін аңғарасыз. Күйіп-жануы жоқ, тәтті сезім. Шынайы. Қарапайым, бірақ қымбат көрініс, қымбат сезім.
Ибрагим ақынның өлеңдерін, баллада, дастандарын, сықақ өлеңдерін жеке-жеке жіліктеп талдауға болар еді. Алайда оның бәрін салақұлаш мақалаға айналдырып жату басы артық дүние болар дедік. Біз өз ойымызды ортаға салдық. Бір білгеніміз ақын Ибрагим – өмірін өлеңге бағыштап келе жатқан қаламгер. Өз айтары, өз оқырманы бар. Бәріне бірдей ұнауды мақсат етпейді.
«Не сыйлайды маңдайға алдағы күн,
Жанымды жегідей жеп, арбады мұң.
Жол жатыр арқандай бір шұбатылып
Көмескі іздері бар, тармағы мың».
Иә, алда не сый бар, оны уақыт көрсетеді. Ақын үшін теңдессіз бақыт - өміршең өлең, талғамды оқушы. Жол алыс, Ыбеке. Тармағы мың. Тек өзіңізді жетелеген Арман адастырмасын. Өлең серік болсын, ақын аға. Өлең-өмір ұзақ болсын.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы

17 ақпан 2021 ж. 683 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031