» » » Күрескер көшбасшы

Күрескер көшбасшы


 Сәпен Аңсатов досым жайлы осыдан он жыл бұрын «Тұлға» деп ат қойып мақала жазып өзіне көрсеткенмін, Сәпен жазғандарымды қысқартып, қысқартып - «Мен тұлға емеспін тақырыбыңды өзгерт» деді. Келіскен болдым да, «Ерекше тұлға» деп ат қойып, аудандық және «Сыр ардагері» газетіне жариялаттым. Содан он жыл өтіп Сәпен 80 жасқа толып отыр. Соңғы он жылда ол тұлға екендігін дәлелдеп ерекшелене түсті. Өзі жазған «Болмыс» атты кітабындағы ел ағаларындай рухани толысты, қазақтың дара тұлғалары Мырзагелді Кемел, Рахымжан Отарбаевтармен шығармашылық байланыста болып әңгімешіл қалпы айшықталып кемелдене түсті. Қоғамдағы келеңсіздіктер мен әлеуметтік теңсіздіктерге қатысты ой айтып, пікір жазып қисықты түзетіп, ортайғанды толтырып ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтарға сырттай жанашырлық танытып қана қоймай, жергілікті және республикалық баспасөз беттерінде, телеарналарда, облыстық қоғамдық кеңес мәжілістерінде, түрлі кездесулерде жанайқайын білдіріп күрескерлік дәрежеге жетті. 2016 жылы жер тағдыры таразыға түскенде халықтың наразылығын қолдап: "Жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға да беруге болмайды. Неге халықпен текетіреске бара бересіңдер. Жеткен жоқ па?!" деп биік лауазым иелерінің жүзіне тура қарап айбаттанды. Сәкеңнің осындай күрескерлік болмысы әкесі Әбдіқадырдың қанымен, анасы Бибісараның сүтімен, оған қоса темірдей тәртіптің ортасы Жосалы механикалық зауыт ұжымындағы он жеті жыл бойы еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесі.
Қоғамдық ұйымдар жетекшісі
Сәкең аталған зауыттың комсомол ұйымының жетекшісі қызметін қоғамдық негізде атқарды. Комсомолдардың саны бар да сапасы болмай, жарна пұлдарын төлемей, есепке тұрмай, есептен шықпай жарғыны мойындамай, «Комсомолдық билетімді жоғалтып алдым, комсомолыңның қажеті жоқ» деушілердің барлығын орнына қойды. Ерінбеді, жалықпады. «Комсомольский прожектор», «Крокодил» деген атаулармен қабырға газеттерін шығарып, жалқаулар мен комсомолды мазақ етушілерді тезге салды. Жастардың ойын-сауық, спорттық шараларын ұйымдастырып шашыраған бастауыш ұйымды жарты жылда жинап алды. Механикалық зауыттың клубы Қармақшы жастарының бас қосатын, түрлі сұрақ-жауап кештерін және пікірталастар өткізетін бірден-бір мәдени ошағына айналды. Белсенділігімен, ұйымдастыру қабілетімен ауданға, облысқа танылды, аты шықты. Еңбек озаты болды, поселкелік, аудандық кеңестерге депутат, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің мүшелігіне сайланып ел сеніміне бөленді.
«Үлкен кемеге, шалқыған теңіз керек» дегендей, Қармақшы аудандық партия комитеті Аңсатов Сәпенді зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағалығына бекітті. 600 кәсіподақ мүшесі, 14 мың том қоры бар кітапханасы, 400 орындық клубы бар, адам тағдырын шешетін осы қызмет орны да Сәпенді күтіп тұрғандай еді. Сәкең бір сарынмен, ағыммен жүре бермейді. Жаңашыл, талапшыл, ұйымдастырғыш, істің көзін тапқыш қасиетімен бұл жұмысты да дөңгелетіп әкетті. Бәке-сәке, тамыр-таныстық «ережелері» жүрмейтін, тек еңбек заңдылығына ғана бағынатын жұмысшылар ортасында әбден шыңдалған Сәкеңді техникалық жоғары немесе арнаулы орта білімі болмаса да механикалық цех бастығына жоғарылатты. Осыған дейінгі цехқа басшылық еткен жоғары білімді азаматтар мемлекеттік жоспарды орындау мүмкіндіктерін көрсете алмаған болса, Сәкеңнің басшылығымен механикалық цех жоспарды артығымен орындаған ұжым есебінде алға шықты. Аудан партия комитеті ғимаратының алдындағы «Орта буын жетекшілері» атты құрмет тақтасында суреті тұрды.

Дос-жолдастар мен ағайындар көшбасшысы
1958 жылы мектеп бітірген түлектердің 25, 50, 60 жылдықтарын Сәкеңнің жетекшілігімен атап өттік. Сәпеннің ізденгіштігінің, жаңашылдығының арқасында атқарылған тәрбиелік мәні мен мазмұны терең шаралар, кейінгілерге үлгі болды. Олардың барлығын тәптіштеп айтып жатуға газет беті көтермейтінін ескеріп бір ғана шақыру билетіне жазылған мәтінге назар аударыңыздар:
ШАҚЫРУ
Қадірлі!... Мектептес, Кластас дос!
– Ағып түскен жұлдызды қағып түскің кеп тұратын, арманшыл,
қиялшыл жастық шағыңды сағынсаң...
– Бес-алтауымыз бір қызға ғашық болған қимас сағынышты сезімдеріңді еске алғың келсе...
– Ең үлкен өзен, ең үлкен көл, ең биік шың немесе сарқырама...
Ірілікке, біліктілікке баулыған, ұрпақ бойына мейірім сіңірген
ұстаздарыңды сағынсаң...
– Ептілікті емес, тектілікті ұқтырған, адамзат үшін қажетті екі Ұлы қасиет – Достық пен Махаббатты бағалауды, қастерлеуді үйреткен, еркелігіңді көтерген мектебіңді сағынсаң ... КЕЗДЕСУГЕ КЕЛ, ДОСЫМ!!!
Мектеп бітіргеніміздің 60 жылдық кездесуімізде Сәкең сыныптастарының қадір-қасиетін, бітім-болмысын, мінез-құлқын жеке-жеке көрсетіп «Біздің буын» деген кітап шығарды.
Сәкеңнің ұстанымы: Болмайды, реті келмейді деген істерді, шараларды болғызу, ретін келтіру. Сәкеңнің пікірі: Момын, жуас, қарапайым жан, жақсы адам атануы мүмкін, бірақ ол адамнан қоғамға ешқандай пайда жоқ. Олар қоғамды алға жылжыта алмайды!
1996 жылы Сәпеннің ағайындары ынталы топ болып ұйымдасып бабасы – Сарғасқа атты сарбаз – Келмембет батырға ескерткіш орнатуға уағдаласты. Сәкеңнің ел ортасындағы абырой-беделіне, ұйымдастыру қабілетіне сенгендіктен ынталы топқа жетекшілік етуді сеніп тапсырды. Осы істің жүзеге асатынына күмәнмен қарағандар болмай қалған жоқ. Ыждағаттылығы мен тиянақтылығының арқасында әрбір істің ретін келтіріп, көзін тауып әлеуметтік жағдайдың мәз емес, ел-жұрттың жалақы, зейнетақы ала алмай, орнына азық-түлік алып жүрген кезеңінде үш жылда мыспен қапталған ат үстіндегі ескерткіш Сәкеңнің жетекшілігімен Қызылорда қаласынан орын тепті. Үлкен ұлан-асыр той болды. «Келмембет» атты кітап жарық көрді. Баба рухы асқақталды. Сәкең көз алдымызда тұлғалана түсті, абыройы биіктей берді.

Руханият көшбасшысы
1937-1938 жылдарғы зобалаң құрбаны үш мемлекетте министр болған, түркі жұртына ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің мемлекет және қоғам қайраткерлігіне сай насихатталмай, ұлықталмай жүргендігі Аңсатов Сәпенді ойландырып, толғандырып жүретін. Жалғыз адамның үні, талабы жеткіліксіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатынын ескеріп қоғамдық қор құру идеясы туды. Тіл алғыш, тындырымды адамның жұмысы көп болатыны белгілі, руханият жанашырлары жиналып Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қорға жетекшілік ету тағы да Сәкеңе жүктелді. Жұмыс басталды. Алда биік мақсаттар тұрды. Деректі фильмдер жасалды. Астана мен Алматыда, Талдықорғанда Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігі ұлықталған халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды. Рахымжан Отарбаевтың авторлығымен "Нарком Жүргенов" тарихи драмасы жазылды. Пьеса бес облыс орталықтарында сахналанды. Т.Жүргеновтің 120 жылдығына арналған алты мемлекеттің театр ұжымдары қатысқан халықаралық театр фестивалі өткізілді. 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясындағы Үкіметтік бағдарламаларға енгізіліп «Нарком Жүргенов» спектаклі Ташкенттегі Өзбек Ұлттық академиялық театрында сахналанды. Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған дөңгелек үстел өткізіліп, қайраткер рухына дұға дастарханы жайылды. Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер акдемиясымен бірлесіп қайраткерге арналған жазба ақындар мүшәйрасы мен көркем әңгімелер байқауы өткілііп, онда жүлде алған шығармалар топтастырылып «Ұлтын сүйген асыл ер» атты жинақ жарық көрді. Астанадағы үлкен көшеге Темірбектің есімі берілді. Алматы мен Астанадағы Ұлттық кітапханаларда Т.Жүргеновті еске алу шаралары өтті. Барлық атқарылған шараларды тізбектеп айта берсе ұзаққа созылады. Атқарылған шараларды бюджеттен қаржыландыру мүмкін болмағанына қарамастан, Сәкеңнің табандылығының, қажеттілігін, маңыздылығын айта, көздерін жеткізе білуінің, талапшылдығының арқасында көптеген кедергілерді жеңді, самарқаулық танытқан лауазым иелерінің Алаш ардақтыларына деген көзқарастарын өзгертті. Қоғамдық қордың алты жылда атқарған істерін, ауқымды шараларды қағаз бетіне түсіріп, нақты құжаттармен дәйектеп көлемді «Ұлт рухын түлеткен Темірбек Жүргенов» атты танымдық кітап Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен шығарылды. Осы жұмыстардың барлығын Сәкең ақысыз-пұлсыз атқарып жүр. Сәкеңді ешкім, мына жұмысың қалып бара жатыр, ананы неге ескермейсің деп итермелемейді. Оның қамшысы өзінің ел және қайраткер алдындағы жауапкершілігі, намысы, һәм жігері.
Ескерімділік
Сәкеңнің айырықша атап өтерлік және үлгі аларлық тағы бір қасиеті ол – билік жағынан ескерілмей, қалыс қалған істерге қозғау салып, солардың орындалуын ыждағаттылықпен қадағалауы. Оған мысалдар жетерлік. Бірнешеуін ғана айтайын: Зейнолла Шүкіровтің ескерткіші ескі автобазаның ауласында қараусыз қалғанын байқап мақала жазып облыстық газет арқылы дабыл қақты. Бір жыл бойы ешкімнен жауап та, әрекет те болмағасын, Сәкең құзырлы мекеме басшыларының әрекетсіздігін беттеріне басты. Ақыры ақынның ескерткіші Сәкеңнің ұсынысы бойынша жаңа орынға орнатылды, айналасы гүлмен көмкерілді. Сыр сүлейі, бейнелі сөздің хас шебері Базар жырау ескерілмей жүр, Қызылорда қаласынан мектептің атын беру керек деп талап қойып, ұсыныс айтып, «Шұғыла» шағын ауданындағы орта мектеп жыраудың атымен аталатын болып ономастикалық комиссияның шешімі шықты. Халық суретшісі Сахи Романовтың артындағы іздеушілермен бірге үн қосып, суретшінің атына берілген көшенің ашылуына, рухына бағышталған дұға дастарханына жанашыр азаматтардың басын қосып елдіктің, бірліктің көшбасшысы екендігін білдірді. Ел алдында болған, ерліктің, еркіндіктің үлгісін көрсетіп жүрген «Азат» қоғамдық қозғалысының көшбасшысы Сағат Жүсіптің 75 жасқа толуына байланысты оның құрметтелмей, ескерілмей ұмыт қалып жүргенін облыс, қала басшыларының есіне салып, оның «Ашаршылық ақиқаты» атты 600 беттік кітабының жарық көруіне мұрындық болды. Жосалы кентінде бір көшеде өскен «Қармақшы спортының қара нары» атанған досы Жарболсын Құндақбаевтың артында ұлдан ұрпақ қалмай, қыздарының материалдық мүмкіндіктерінің жетіспейтіндігін ескеріп ағайындардың басын қосып, қаржы жинап марқұмның 40 күндік асын өткізіп берді. Айта берсе жалғаса береді. Осының барлығы Сәпен Аңсатовтың ескерімділігі.
Рухани болмыс
Оқып, оқығанын зердесіне тоқып, жадында сақтап, тыңдаушысын тапқанда айтып жүретіндігінен Сәпен досымның көкірек сарайы нұсқалы сөз, ғибратты тәмсіл, тәрбиелік мән-мағынасы ескірмейтін аңыз-әпсаналар мен мысалдарға толы. Қадыр Мырза Әли шығармаларының Сыр өңірінде бірден-бір насихаттаушысы. Сәкеңнің бүкіл ұстанымы, өмірлік қағидаты, сөйлер сөзі, айтар ойы мен пікірі Қадыр өлеңдеріндегі түйін тіркестер мен «Алмас жерде қалмасындағы» афоризмдер. Қадекеңмен де дос болды, ақын марқұм болғаннан кейінгі барлық еске алу шараларына Алматыға, Оралға дейін әденеше рет барып қатысып жүр. Өзі де Қызылордада Қадырды еске алуға арналған кешті облыстық кітапханада әдеби өріммен, көсем сөзбен, көркем иіріммен жүргізіп көрермендерді тебірентті, Қадыр жырларымен сусындатты.
Екі мәрте Мәжіліс депутаты болған, академик жазушы Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалтасын» оқып, шығармасына тәнті болып, автормен байланысып соңынан қалмай жүріп үйіне шақырып, рухтас, иықтас сырбойылық азаматтармен дастарханда бас қосып, шағын әдеби кеш жасап рахаттанды. Мырзагелді Кемелдің «Кемел» деп аталатын бес томдығының 200-ден астамын облыстағы әдебиет сүйер қауымқа таратып оқырмандардың нәр алуына, рухани баюына септігін тигізді. Өзі де М.Кемел шығармаларындағы әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдардың ғибратты тәмсілдерінен рухани азық алып марқайды һәм рухтанды. Оқығандарынан ұнағандарын насихаттаудан Сәкең алдына жан салмайды. Соның арқасында әңгіме тыңдағысы келетіндер Сәкеңді іздейтін болды. Облыстық әкімдіктің қолдауы және бағыттауымен республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесіне енгізіліп Атырау, Түркістан, Қарағанды облыстарының көпшілігі алдында «Қазақы дүниетаным және ұрпақ тәрбиесі» деген тақырыпта танымдық лекциялармен мінбелер төрінен көрінді. Сәкеңнің шығармашылығы туралы айтсам ұзап кетемін. «Мәуелі мезгіл», «Болмыс», «Біздің буын», «Ұлтын сүйген асыл ер», «Айтарым бар», «Ұлт рухын түлеткен Темірбек Жүргенов» атты кітаптардың авторы.
Сәпен досым 60 жасқа толғанда Досмамбетов Бақберген інімнің «Ардақты Сәке» атты құттықтау лебізінде мынадай шумақ бар:
«...Лұғатыңды жүреді кім түсінбей,
Әр сөзіңіз – шындықтың түр-түсіндей,
Қиюлатып таратқан әңгімеңіз –
Хан салдырған сарайдың кірпішіндей!» Иә, Сәкеңнің қиюлатып таратқан әңгімелерін тыңдаушылар қауымы жыл өткен сайын кеңейіп, көбейіп келеді, өзі де кемелдене түсуде. «Асыл арнада» «Сүбелі сөз», «Халық арнада» «Тұлғалар тағылымы» телебағдарламаларында бейнесі және «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының алтын қорында әңгімелер, ғибратты, өнеге боларлық мысалдар айтқан дауысы сақтаулы. Мезгіл-мезгіл беріліп тұрады. Сәпен досымның рухани болмысын, кісілігін, кішілігін, рахымшылығын жырға қосып арнау өлеңдер жазушылардың қатары баршылық. Сәкеңнің 60 жылдығында Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері жазушы (марқұм) Адам Мекебайұлы – «Туған жер де көркемірек өзіңмен» деген арнау жазды, бір шумағын ұсынып отырмын:
«Кемелденсең, Сәпендей бол сымбатты,
Бағалайтын арзан менен қымбатты.
Ол ойланса, дархан дала ойланып,
Ол сөйлесе, мылқау көк те тыңдапты...» Ішкі жандүниесінің байлығымен, ағалық орнымен, ақсақалдық бәтуалы сөзімен мемлекетшіл, халықшыл намысты болмысымен Сәкең біздің мақтанышымыз. Ия, Сәке! Туған жер де өзіңмен көрікті. Кемел болмысыңмен сымбаттысың. Кемелдене, көркейе бер.

Зейнетай ӘЛМАХАНОВ,
Сыныптас досы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы

23 қараша 2020 ж. 853 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031