» » » Ұжымды ширатқан шығармашылық

Ұжымды ширатқан шығармашылық

Бір ауданның бары мен нарын дәріптеп жүрміз дегенімізбен, ел ішінде танылмаған таланттар, айтылмаған аңыздар, жазылмаған жырлар әлі көп. Осындайда біздің ізденуіміз шамалы-ақ па, әлде нағыз өнер иесі көзге көп түскенді қаламай ма деп ойлайсың. Биыл кент ішінде біраз нысан арнайы бағдарлама арқылы күрделі жөндеуден өтті. Солардың қатарында №6 «Айсұлу» бөбекжай-бақшасы бар. Балабақшаның жаңа кейіпін, ондағы қызықты да қызу жұмыстарды жақында облыс әкімінің өзі келіп тамашалаған болатын. Бірақ біздің айтпағымыз балабақшаның тарихы емес, оған меңгерушілік ететін тәлімгердің бесаспаптығы.
Роза Сағилатқызы ауданға белгілі Нысанбаевтар отбасының жетінші перзенті. 1971 жылы Жаңақала кеңшарында дүниеге келген. Анасы  Мүкарша Қалымбетова қолыннан іс келетін, шаруаға ширақ, еңбекке епті жан болған. 5 қызының ішінен Розаның қабілеті өзіне тартқанын байқап, жанынан бір елі шығармайды. Жасынан көз көріп, қол үйренген жұмысқа қызы да қызығушылық білдірсе керек. «Үйренгенің өзіңе, істегенің маған жақсы» деп киіз үйдің жабдықтары, басқұр мен бау, ши тоқуға  мектеп жасында-ақ баулыпты. Бір көргенін қағып алатын қаршадай қыз студент апаларына көйлек тігіп, шалма, шұлық тоқып береді. Мектеп бітірген соң Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсіп, мұғалімдік мамандық меңгерген. Ауылдасы, бір сыныпта оқыған құрдасы Артур есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, аудан орталығына қоныс аударады. Алғашында аудандық оқушылар үйінде сурет үйірмесінен дәріс берген. 2001 жылға дейін №105 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіпті. Сол жылдары мектеп жанынан даярлық тобын ашу жоспарланады. Қазіргі «Айсұлу» балабақшасының орнынан даярлық тобын оқытатын 1 топ ашылып, Роза Сағилатқызы сол топқа жетекшілік еткен. Даярлық тобы кейін облыс көлемінде алғашқы шағын орталық болып ашылған. Облыстық семинар өтіп, қысқа мерзімді, аз шығынды орталықтың ерекшелігін өзге әріптестерімен бөліскен меңгерушінің жаңалыққа құштар әрі бейім екені сол кезде-ақ аңғарылған еді. Жүзі жылы, бала десе жүрегі елжіреп тұратын мейірбан жан 2003 жылдан бері «Айсұлу» балабақшасының меңгеруші болып абыройлы еңбек етіп келеді. 50 балаға арналған орталықта 2 топ, 21 қызметкер бар.  
Балабақша басшысы 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын алса, сол жылдың қорытындысымен «Бала жанының бағбаны» номинациясына ие болған.
Бесаспап дейтініміз, басшымын деп қарап отырмай, кез келген іске өзі кірісіп кететіні.
– Алғашында қағазды шиыршықтап түрлі бұйым тоқу жұмысын ғаламтордан көріп, ұжымның басын біріктіретін жақсы дүние екен деп ойладым. Бастап тоқып көріп едім, жақсы шықты. Желім мен қағаздан артық ештеңенің қажеті жоқ. Қыздарға көрсеткенімде қызығушылық білдірді. Қазір бәріміз біріксек жылдам бітіріп тастаймыз. Кішкентайымнан сурет салатынмын. Осы күнге дейін бірдеңеге қолым жеткен болса, онда әке-шешемнің сіңірген еңбегі мол деп есептеймін. Қыз бала анасына жақын болып келеді. Анамнан үйренген жақсы қасиеттердің арқасында  бірқатар марапаттарға ие болдым. Мен үшін ең басты жетістік – бізден түлеп ұшқан бүлдіршіндеріміз ел сенімін ақтап, тәуелсіз Қазақстанның тұғырының биік, абырой-беделінің жоғары болуына атсалысуы. Біздің ұжым жайлы жылы лебіз естісем, төбем көкке бір елі жетпей қалады, – дейді ісмер басшы.
Иә, қай кезде де сүйікті іспен айналысу артық ойлардан арылтып, көңіл көтереді. Тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс. Ал адам баласы шығармашылық жұмыспен айналысқан кезде, ол бар назарын ісіне аударып,  жаны тынышталады. Мұндай жұмыстар  ұжым бірлігін нығайтуға, бос уақытты тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік. Артық сөз бен әңгімеге уақыт  жоқ. Қолдары қалт етсе жинала қалып, бастаған жұмыстарын бітіруге асығады. Балабақша меңгерушісінің қиялы, талғамы тым ерек. Оны ғимараттың ерекше безендірілуі мен қолдан жасалған ойыншықтардың көптігінен көрдік. «Шалқан» мен «Бауырсақ» ертегісінің 15-тен аса кейіпкерін тоқып шығарған.
– Жіпті де дүкеннен сатып алмадық. Әрқайсысымыз үйде киілмей қалған тоқыма күрте, қалпақты кәдеге жаратуды ойлаймыз.Түйме қадамаймыз, моншағы жоқ. Қытайдың қымбат ойыншығынан әлдеқайда арзан әрі сапалы. Өзге балабақшадағы әріптестеріміз қуыршақ театрын ұйымдастырғанда осы кейіпкерлерді сұрап жатады, – дейді тәрбиешілер.
Роза апайдың одан бөлек қағаздан түрлі жәшік пен құмыра, киім мен сөмке тоқитыны бар. Ақ қағаздан жасалған құмыралар әр түрлі түске боялып, іші гүлмен толтырылған.Қазір дүкеннен алып бере салған сыйлықтан қолөнер бағалы әрі өтімдірек. Көз майыңды тауысып жасаған жақсы дүниеңді жақының да қуана қабылдайтынын көріп жүрміз. Соңғы уақытта қолдан келетін істі кәсіп қылмаса да жақын-жуығына кәдесый жасауды әдетке айналдырыпты. Өйткені әйел – әдемілікті сүйеді.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
27 қазан 2020 ж. 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 068

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031