» » Өнерлі отбасы – елдің тұтқасы

Өнерлі отбасы – елдің тұтқасы

Бірлік. Иә, осы сөзді бізден көп айтатын халық жоқ. Келісіп пішкен тонның келте болмайтынындай әрбір істі ақылмен, сабырмен бірге шешу қандай ғанибет. Мықты мемлекеттің іргесін берік қалайтын бірінші бірлігі бекем отбасылар емес пе? Біз әрине ондай жанұялардан кенде емеспіз. Отбасы күні сынды атаулы даталарда Ақжар ауылындағы өнегелі де өнерлі жанұя, ата-баба рухын кие тұтқан, әулиелік қасиетімен танылып, саналы ғұмыр кешкен Ораз ахун Бекетайұлының шөберелері Бекеевтердің үнемі марапат төрінен көрінетінін байқап, шаттыққа бөленген шаңыраққа ат басын тіредік.
Белгілі кісінің мазарына келушілер әуелі Ақжар ауылында ұйымдастырылатын көптеген қайырымдылық шаралардың басықасында жүретін осы Орынбек ағамыздың үйіне аялдайды. Елдік істерге белсене араласатын азамат қазіргі таңда Ораз ахун бабамыздың үй тамын қайта салуға аудан азаматтарымен бірігіп кірісіп кеткен. Жосалы кентіндегі «Ораз ахун» мешітінің салынуына да атсалысқан еді. Бірер жыл бұрын Ақжар ауылының 60 жылдық мерейтойын ұйымдастырушылар қатарында болып, мерекелік медальға ие болған.
Иә, ұл-қыз өсіріп, немере сүйген, қай ортада да сыйлы Орынбек ағамыз бен Роза жеңгеміздің құтты ордасынан ешқашан қуаныш арылған жоқ. Орынбек Бекеев ауылдағы Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клубта жұмыс істесе, зайыбы Роза Кенжеғұлова осы клубқа меңгерушілік етеді. Ерлі-зайыпты екеу ауылдың мәдениетін көтеріп, өнерлі жастардың жарыққа шығуына жағдай жасап келеді.
Роза Егізбайқызының ағалары өз ортасында белгілі музыканттар. Жасынан Бексұлтан Байкенжеев, Орақ Баубеков сынды әншіжыршылардың өнерінен сусындаған қыз бала күнінен ән шырқайды. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық колледждің музыка мамандығына түсуіне Тынысбек Қоңыратбаев ықпал етіпті. Оқуға енді түскен қала қызын 18 жасында-ақ Орынбек аға ауылға келін етіп әкелген. Екеуінің отау тіккеніне де биыл – 35 жыл. Осы жылдар ішінде берекелі отбасында 5 бала дүниеге келген.
– Келін болып түскенде малшы ауылда тұратынбыз. Үй шаруасын бұрын соңды істеп көрді дейсіз бе? Марқұм ата-анам (ата-енем) білгенімді асырып, білмегенімді жасырды. Біз де қолдан келген қызметімізді көрсеттік. Екеуі өмірден ерте өтті. Балабақша, мектепте жұмыс істедім. Өнерден ажырамауыма жолдасымның қолдауы сеп болды. Орекең жүрегі мейірімге толы, көпке көмектескісі келіп тұратын қамқор азамат. Гастрольдік сапарға 10 орындық көлігіне бәрімізді сыйғызып алып барады. Әу дейтіні бар. Домбыра шертеді. Соңғы кезде екеуміз дуэт орындап жүрміз. Біз бастасақ, балаларымыз қоштай кетеді. Отбасылық сайыстар мен байқауларға бірнеше рет қатыстық. Тұңғышымыз Ақерке өнер жолында. Аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып еңбек етеді. Айзатымыз мектепте жүргенде ән айтатын. Қазір Қызылорда қаласында тұрады. Тұрмыста. Азамат көңілді тапқырлар клубында ойнады. Қазір екі атқамінердің әкесі. Ауыл әкімдігінде маман. Келініміз көрегенді отбасының қызы. Шайымызды қайнатып, дастарқанымызды жайнатып отырады. Әселіміз медициналық колледжді бітірсе, кенжеміз Мархабат мектеп оқушысы. Екеуі де өнерден құр алақан емес, – дейді үйдің берекесін кіргізген отанасы.
Мәдениет – атқарар міндеті мен жұмсайтын күші көп сала. Мәдениеттің төңірегінде тек жұмысынан ләззат алатын жандар ғана жүреді. Олар ешкімнен марапат күтпейді. Халықтың ықыласы, халық берген атақты арқалау, олар үшін үлкен сый. Орынбек аға мен Роза апайдың, оның отбасының, басқарып отырған ұжымының марапаты аз емес. Клуб меңгерушісі 2012 жылы «Ақ әжелер» ансамблін құрыпты. Немересімен «Әжем айтқан ертегі сайысына» қатысып, ІІ орын, ауылдық клуб «Үздік клуб» байқауынан ІІ орын алған.
Жалпы, ұлттық құндылықтарды берік ұстану, өнерді, мәдениетті жаңғырту – әулеттің басты ұраны. Осы құндылықтарды жоғалтпай, берік ұстап тұру сол үйдің әрбір мүшесінің міндетіндей.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ

14 қазан 2020 ж. 943 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031