» » » Шипаны шұбаттан тапқан шаңырақ

Шипаны шұбаттан тапқан шаңырақ

Жолда келеміз. Артқа ұзақ жол тастап, терезеге үңілеміз. Қуаңдария ауылына барар жолда мыңғырған малдар. Әр төбеде екі-үш түйеден орнығып алған. Кейбірі орнынан тұра бізбен қосарлана ауылға енді. Түздегі азығына тойған соң түс ауа қорасына беттепті. Артынан біз де ілестік.
Түйе біткеннің мекеніне келдік. Кең даланы еркін төстеген. Бірі – бейқам тұрып, басын оңсолға шайқайды. Енді бірі – тұмсығын күйсеген күйі орынан қозғалар емес. Ал ендігісі – сүпсүйкімді боталар. Әсем көріністің куәсі болып, тұңғиыққа батқан біздің ойды жас келіннің амандық сұрағаны бөліп жіберді.
– Амансыздар ма? – деді ол биязы үнмен.
– Армысың, қалқам! Мына түйелердің иесі керек еді, – дедік біз.
– Жүріңіздер, ана-а-ау қорада анам бар. Қазір түйенің сүтін сауатын уақыт. Соған келе жатырмын, – деді ақжарқын келіншек иығындағы сүлгісін реттей. Бір қолында шелегі бар. Өзі жап-жас. «Апыр-ай, түйеден қалай қорықпайды» дестік ішімізден.
– Өзіңіз жайлы айтсаңыз? – дедік жол-жөнекей әңгімеге тарта.
– Мақпал Жаңабергенова. 29 жастамын. Келін болып түскеніме тура 9 жыл болыпты. 4 баланың анасымын. Осында келгелі енем бәріне үйретті. Оның ішінде түйе сауу да бар. Абысыным келіп, көмек қолын созып отырады, – деді ол жадырап.
– Қорықпадыңыз ба? – дедік аңтарыла.
– Тұрмысқа шықпай тұрып мүлдем саууды білмегенмін. Келін болғалы анамыз үйретті. Баста қорқыныш болды ғой. Түйе қозғалып қалса шошитын ек. Қазір үйрендік. Еркін барып, еркін сауып, өздерімен де тілдесемін, – деді Мақпал езуіне күлкі үйіріп.
Осы сәтте діттеген жерге де жақындаған едік. Қолын маңдайына қойып, күн астында бізді алыстан бақылаған Гүлпаршын Майлыбаеваны көрдік. Жасы 72-ге таяған 10 баланың анасы күлімдей қарсы алып, жөн сұрасты. Өзі зейнетке шығамын дегенше кітапханашы болыпты. Жұмысымен қатар үй тірлігіне, оның ішінде түйе саууға етене араласқан. «19 жасымда жұбайым келін қып түсірді де түйемен дос қылып қойды» деді ол әзілдей сөйлеп. Иә, содан бері Батыр ана мал ішіндегі миссиясын бұлжытпай орындаған. Қазір жасы келген соң барлығын келіндеріне табыстапты. Бірақ басықасында өзі де жүреді.
– Түйені екі мезгіл сауамыз. Таң ата саудық. Ендігісі қазір сауылады, – деді ене мен келін қораға асығып. Жолын бөгемедік. Анадай жердегі төбе басында көлеңкелеп отырған отағасына көз түсті. Қасына барып ендігі әңгіменің тінін сол кісімен тарқаттық.
– Түйе – төрт түліктің төресі ғой. Шығын шығармайды, сырттан азығын жеп, келген соң жоңышқасын күйсейді. Келеді, кетеді. Шөлге де шыдамды. Бастысы – сүті құнарлы, шұбаты пайдалы. 1936 жылдары Сталин колхозында әкем қой баққан. Сол заманда мал, түйе беріліп соны баптаған. Содан бері ұстап келеміз. Шешем де мал бағып, сүтін сауып мал шаруашылығына етене араласқан. Бір қызығы, отбасымызда бір де бір адам ауырған емес. Бәлкім, бұл осы шұбаттың арқасы болар?! – деді 74 жастағы Күзенбай Дәуренбеков.
Күніне 15 шақты түйе сауылып, әртүрлі көлемде сүт алынады. Шұбаты іздегенге жөнелтіліп, сұранысын да азайтпаған. Әсіресе коронавирус індеті өршіген тұста шұбатқа ден қойғандар қатары көбейіпті. Сол уақытта да ақысын адалымен алған жандар шұбаттың пайдасын айтудан жалықпақ емес.
Түйін
– Кенже келінім Мақпалдың қолында екі дипломы бар. Бірақ сандықта жатыр, – деді Гүлпаршын әже.
– Ендігі менің қызметім осында ғой, – деп күлімдей көзін төмен түсірген келінінің жауабын естіп тағы да марқайдық. Осы сәтте қара шаңырақтан сыйластық, бірлік пен жылулықтың иісі аңқығандай еді.
Айнұр ӘЛИ
12 қыркүйек 2020 ж. 1 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 081

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031