» » » Абай және алаш қайраткерлері

Абай және алаш қайраткерлері

Абай – ақындық әлемде және адамзаттың ақыл-ой көмбесінде маңызы зор бірегей құбылыс ретінде танылған һәм мойындалған тұлға. Оның рухани мұрасы – қазақтың бойтұмары, әлемдік құндылықтардың бай қазынасы. Қазіргі таңда Абай елінде, яғни қазақ жерінде бір шаңырақ астында тіршілік құрып жатқан қазақстандық қоғамда рухани жаңғыру үрдісі жүріп жатыр. «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған». Бұл Президент Қ.Тоқаевтың пікірі.
«Абайды айналып өте алмаймыз». Бұл ел Президентінің ХХІ ғасырдың көгінде, тәуелсіз Қазақстанның даму үрдісіндегі жаңа кезеңнің тыныс-тіршілігін бағамдап барып айтқан сөзі. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары да осындай ой айтты: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек».
Арада бір ғасырдан астам уақыт өтті. Есейдік, толыстық дедік. Бірақ қанша есейсек те, толыссақ та тағы да Абайға қайта оралып, үлкен арнаға айналатын өзеннің бастауындағы тұнық судан тұщына дәм татып, бойға – қуат, ойға – тірек алуға ұмтылып отырмыз.
ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамын оқу-ағарту, мәдениет жұмысы арқылы азаттыққа қол жеткізу үшін жанталаса қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің көңіл қойған тақырыбының бірі – Абайдың рухани мұрасын зерделеу, оны қалың бұқарамен қауыштырып, насихаттау болатын. Ақынның көзі тірісінде шыққан бірлі-жарым өлеңдері «Дала уәлаяты» газетінде жарияланып, қолжазба күйінде қолдан-қолға тараған ақын мұрасын туған халқына оралту ісінде Алаштың Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Қ.Жұбанов, С.Торайғыров сынды қайраткерлері ерен еңбек сіңірді. Абайтанудың арқауы Алаш қайраткерлерінің еңбектеріне байланған.
Абайтанудың негізін қалаған тұлға – Әлихан Бөкейхан. Ол 1903 жылы Абайдың көзі тірісінде Санкт-Петербургте басылып шығатын «Киргизский край» кітабының ХVІІІ томында «Қырғыз аймағының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты еңбек жариялайды. Онда ол Абайдың туындыларын формасы мен мазмұны жағынан айрықша шығармашылық дей келе, оны қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы деп бағалайды.
Ал Абай дүниеден өткен соң 1905 жылы ұлы ақынның қайтқанына бір жыл толуына байланысты «Семипалатинский листок» газетінде «Абай Құнанбаев» атты мақала жариялайды. Мақалада Алаш көсемі Абайдың ата-тегі, өскен ортасына тоқтала келе, ақынның шығармашылығын маңызы зор рухани мұра деп баға береді. Ә.Бөкейхан Абайдың шығармашылық талантын Еуропаның атақты ақындарынан кем еместігін атап өтеді: «Абай, как это покажут его стихи, представлял недюженную поэтическую силу и составлял гордость киргизского народа. Еще не было киргизского поэта, так возвысившего духовное творчество народа, как Абай. Чудные его стихи, посвященные четырем временам года (весна, лето, осень, зима) сделали бы честь знаменитым поэтам Еуропы».
Ә.Бөкейхан Абайдың шығармалар жинағын баспа бетінен жариялау ісінде мұрындық болады. Абайдың інісі Кәкітаймен тығыз байланыс орнатып, 1909 жылы Петерборда ақынның тұңғыш шығармалар жинағын бастыртып шығарады. Бұл жинақты бастыру жұмысы ақын дүниеден өтісімен қызу қолға алынған болатын. Бірақ Ә.Бөкейханның патша үкіметінің тарапынан қудалануы жұмысты кешіктіріп, 5-6 жылға созылып кетуіне әкеліп соқтырады. Осы орайда мынадай жайтты айтып кету орынды. 1906 жылы Әлихан Семейде болатын қазақ съезіне қатыспақ болып, Омбы-Павлодар бағытымен келе жатқан жолында Тұзқала деген жерде тұтқынға алынып, Павлодар түрмесіне жабылады. Түрмеге жабыларда жасалған заттар тізімінде Ә.Бөкейхан Абай өлеңдерінің жинағын көрсетіп, оны 5000 рубльге бағалайды. Бұл сол кезеңде үлкен қаражат болатын.
Ә.Бөкейханның мұндағы мақсаты – ақынның қолжазба шығармалар жинағын сақтап қалу еді. Себебі ол ақын өлеңдерінің қолжазбасы қазақ халқының баға жетпес мұрасы екендігін білді, таныды.
Абай шығармашылығын алғаш ғылыми тұрғыдан зерделеп, оған терең баға берген Алаш көсемдерінің бірі – А.Байтұрсынұлы. Ақын өлеңдерімен 1903 жылдан таныс болған ол 1913 жылы өзі редакторлық ететін «Қазақ» газетінің бетінде «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жариялайды. Онда Абай поэзиясын мәні мен мағынасы терең, тың рухани құбылыс ретінде бағалайды. Оны түсінуге, ойлануға дағдыланған адамдар болмаса, қарапайым ә дегенде түсінбей қалатынын айтады: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады.
Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік».
Абайтануға М.Дулатұлы да үлес қосты. Ол 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай «Қазақ» газетінде «Абай» атты мақала жариялайды. Онда ол Абайды қазақ әдебиетінің атасы деп бағалап, оның аты «тарихта алтынмен жазылар» тұлға деп дәріптейді. М.Дулатұлы данышпан ақынның қазақ руханиятындағы орнын былайша айқындайды: «Абай сынды ақынның кадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі – қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихы, әдебиеті жоқтықтан. Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей».
Алаш қайраткерлерінің көрнекті тұлғаларының танымынан келтірілген аталмыш мысалдар бізге Абайтану ілімінің ұлт үшін, мемлекеттің дамуы үшін қаншалықты маңызы бар екенін айқындайды. Рухани құндылықтар ардақталмай жүргізген түрлі саясиэкономикалық реформалардың біздің қоғамымызды қандай қиындықтарға тірегенін көріп отырмыз.
Қазіргі таңда рухани салада жүргізіліп жатқан жұмыстар Алаш қайраткерлерінің кезінде көтерген бастамаларымен тығыз үндес. Қазақ тіліне терең мән беру, жаңа әліпбиге көшу, гуманитарлық саладағы озық оқулықтарды қазақ тіліне аудару, туған жер, бәсекелестікке қабілетті болу – бұлардың бәрі Алаш зиялылары қозғаған мәселелер. А.Байтұрсынұлының қазақ әліпбиіне жасаған рефомалары, Алаш зиялылары жаппай жабылып әр салада қазақ тілінде оқулық жазуы, Абайтануға атсалысуы, қазақтың тарихын, мәдени болмысын танудағы атқарған тірліктері – бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Сол жолдағы басты тірлікті Абай шығармашылығын рухани бағдаршам етіп ұстанған Алаш қайраткерлерінің ұстынымен жалғастырсақ, онда оның ел дамуы үшін қосар үлесінің салмағы да арта түсетіні сөзсіз.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры
18 тамыз 2020 ж. 3 506 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031