Оқырмандар назардан тыс қалған жоқ
Карантиндік режимнің басты талабы – үйде болу. Ал сол үйдегі уақытты текке өткізбеу, пайдалы дүниелермен танысу адамды жетілдіреді. Міне, осы мақсатта аудандық кітапханалар жүйесі тынбай қызмет етуде.
Онлайн жүйенің жілігін шағып, майын ішетіндердің бірі – аудандық кітапханалардың мамандары десек артық емес. Фейсбукті ашсаңыз қатар-қатар тізілген кітапхананың жазбалары. Бір де бір жазба қаралымсыз емес, барлығын да лүпіл мен астында жазылған пікірлер. Бұл оқырмандардың назарсыз қалмағанын аңғартады.
Мәселен, биыл Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай түрлі эстафета, бейнероликтер жариялануда. Атап айтсақ, "Оқырмандарға қызмет көрсету" бөлімі кейінгі ұрпаққа адал махаббатты үлгі ету мақсатында Абай мен Тоғжанның махаббат хикаясы жайында "Қош, махаббат" онлайн көрсетілім ұсынды. Ақжар, Төребай би, Иіркөл мен Төретам кентінің кітапханалары "Абай – дара, Абай – дара қазақта" атты шара ұйымдастырды. Сондай-ақ, аудан көлемінде кітапхана оқырмандары ақын шығармаларын оқып, өзгелерге жолдауда.
"Туған өлкем" жобасы аясында ІІІ Интернационал ауылдық кітапханасы ауыл жаңалықтары туралы видеороликтер жариялап отырады. Аудандық кітапхана жергілікті сазгердің шығармашылығын насихаттау мақсатында Ләйла Сүйінбаевамен "Сезім сырлары" атты тікелей эфирде кездесуде өткізді. Адам Мекебаевтың 80 жылдығына орай қаламгердің шығармашылығы, өмір жолы жайлы онлайн шолу өтті.
Баланың кішкентай кезінен-ақ ертегі тыңдауға құмарлығын арттыру мақсатында осы кезге дейін 50-ден астам онлайн ертегі ұсынылды. "Ертегімен өсеміз" жобасы аңыз кейіпкерлердің бойындағы жақсы қасиеттері, отансүйгіштігі арқылы жас оқырманның бойында шынайы патриоттық сезім оятып, өз еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатын көздейді.
Сонымен қатар, аудандық балалар кітапханасының жанынан ашылған "Қылқалам" сурет үйірмесі онлайн жүйеде қызмет етуде. Үйірме шәкірттері өздеріне берілген тапсырманы орындап, әр сабақта түрлі тақырыпта сурет салады. Осылайша, жас қылқалам иелері мәтінді тыңдау мен видео көру арқылы суретті оңай, дұрыс салуды үйреніп келеді.
Кітапханалардың әлеуметтік желідегі парақшасында "Алтын Орданың 750 жылдығына", "әл-Фарабидің 1150 жылдығына" байланысты бейнероликтер жарияланып, челлендждер ұйымдастырылуда. Ақ халатты абзал жандардың еңбегін насихаттау үшін "Шипалы алақан" атты сұқбат өткізіледі. Әңгіме барысында арнайы қонақ болып қатысқан маман дәрігерлік қызметтің қыр-сырымен таныстырып, жұмыс барысындағы қызық оқиғаларымен бөліседі.
Алдағы уақытта барлық кітапхананың Facebook парақшасында сан алуан тақырыпта онлайн шолу, виртуалды көрме, библиопост, бейнеролик пен танымдық-тарихи сағаттар өтеді. Жарияланған жазбалар ішінен өзіңіздің сүйікті кітабыңыздың электронды нұсқасын тауып, уақытты пайдалы өткізуіңізге болады.
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ