» » » Өмірі Абай өнегесімен сабақтас

Өмірі Абай өнегесімен сабақтас

2001 жыл. Еміс-еміс есімде. 2 кейде 3-ші сабақтан кейін мектеп фойесінде жиын өтеді. Онда дарынды шәкірттер жарысқа барып жүлделі оралса бүкіл мектеп оқушыларының алдында үлгі етіп, марапаттайды. Жаңалыққа құмар біз бұл жолы үзілісте тез-ақ жиналдық. Мектеп директоры ортаға шығып «Жеңіс иесі сіздердің араларыңызда емес. Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектептің 9 сынып оқушысы Әсем Пірімова. Ол Абай мен Шәкәрімнің 300 өлеңін жаттап, ІІ республикалық Абай оқуынан бас жүлде жеңіп алды. Өз ауылының, ауданның, облыстың атын шығарды. Енді бұл байқау жыл сайын өтетін болады. Әсемді құттықтаймыз. Дарынды жастан үлгі алыңдар деп» сөзін қысқа қайырды. Біз ұзақ қол шапалақтадық. Алақан соғып тұрып шимақ-шатпақ жазып, озат оқушылардың қатарында жүрген мен іштей қызараңдап, біздің де арамыздан осынша өлең жатқа айтатын оқушы шықса екен деп тіледім.
Міне, сол сүйіншіні естігеннен бері арада 19 жыл өтіпті. Абай Құнанбаевтың туған күніне орай газет нөміріне қандай қызықты мақала беруге болады? Ойланып отырып, әлгі 300 өлең жаттап, бүкіл Семей жұртын, барша Қазақстанды таңғалдырған сол кездегі 15 жасар Әсем қыз ойыма сарт ете қалды. Дереу қалтафонды алып, іздеуге тырыстым. Әсемнің нөмірін тапқаныма қуанғаным бір бөлек, сөйлескен тұста мұндай жерлесіммен бұрын-соңды байланыспағаныма өкіндім. Ешкімді жатсынбайтын мінезі ашық жанмен қандай тақырыпты қаузасаң да терең бұлақтай ағып тұр. Ең қызығы, 2001 жылы өткен ІІ республикалық Абай оқуының жеңімпазы бұл күнде Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылында, Абай атындағы №138 мектепте ұстаздық етеді.
– 9 сыныпта оқимын. Наурыз айы болса керек. Білім бөлімінен аудандық «Абай оқуы» өтетіні туралы хабарландыру келді. Ұстаздарым дереу өлең жаттауға кірісуді тапсырды. Сәуір айында Абайдың 90 өлеңін жаттап, аудандық байқауға қатыстым. Үздік шығып мамыр айында 150 өлеңмен облыстық байқауда бақ сынадым. Одан кыркүйекте Семейде өтетін республикалық байқауға жолдама бұйырды. Жаз бойы дайындалып Абай мен Шәкәрімнің 300 өлеңін жаттап, Шығыс Қазақстанға жол тарттық. Ауылдан шыққаннан 3 күн жүріп Семейге жеттік. Абайдың туған жері Шыңғыс тауының етегінде ұйымдастырылған байқау аяқталуға аз қалған. Жүлдені 200 өлең жатқа оқыған айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы иеленеді деп топшылапты. Барлық қатысушылар 1 күн бұрын жетіп, музей аралап, жарысқа жақсылап дайындалған. Ал біздің пойыздан түскеніміз жаңа ғана. Содан ентігімді басар-баспастан ортаға шықтым. Соңғы түйенің жүгі ауыр демей ме? Менің оза шабатыныма көбі күмәнмен қарады білем. Қазылар қиын деген өлеңдердің орта тұсын, соңғы шумағын сұрады. Қай жерін айтса да еш мүдірген жоқпын. 30 шақты өлеңмен осылай сынады. Кейін жеңіс менікі екенін әділқазы да, барша көрермен толық мойындады. Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын, бағалы сыйлығын алып туған жерге абыроймен оралдым. Ертесіне-ақ «Егемен Қазақстан» газетіне «Қызылорданың Әсемі топ жарды» деген көлемді мақала жарық көрді. Облыстық, аудандық газет тілшілері сұқбат алды. Қазір сол 300 өлеңнің 200-і әлі есімде. Оқушыларға сабақ түсіндіргенде кез келген ақынның өлеңін жатқа оқып беремін. Өзің жатқа білмей шәкірттеріңнен жаттауды талап ету қисынға келмейтін тәрізді маған. Есте сақтау қабілетімнің жоғары екенін үнемі байқаймын. Себебі мұғалімдердің аттестациялық тестілеуінде 110 сұрақ берілсе, 104-105 балл жинаймын. Дайындығым ешқашан зая кеткен емес, – дейді жады мықты мұғалім.
Біз айтып отырған Әсем Әбдірахманқызы 1986 жылы Тұрмағамбет ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Басқа балаларға қарағанда өмірге талпынысы, ізденісі бір бөлек. Кішкентайынан зерек. Ең бастысы есте сақтау қабілеті мықты. Тұрсынкүл Керуенбаева, Рая Сейілова сынды ұстаздары әдебиетке баулыса, Нұршат Наурызбаева мәнерлеп өлең оқу, жазуға баулыған. Мектепті «Үздік аттестатқа» бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға түскен. Университет қабырғасында жүріп талай жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысына қатысып, жеңіс тұғырынан көрініпті. Еңбек жолын Алматы қаласындағы мектептердің бірінде бастаған. Сонда «Абай оқуына» дайындаған 2 шәкірті 280 оқушының арасынан топ жарып, жеңімпаз атаныпты. Ә.Пірімова қазір педагогшебер. Өткен жылы «Жыл ұстазы» номинациясымен марапатталса, Қызылорда қаласы әкімінің 150 мың теңге грантына ие болған. Абайдың 175 жылдығына орай ұстаздар арасында эссе жазу байқауының ІІІ орын иегері.
Ата-енесінің бабын тапқан дана келін Жандос есімді азаматтың сүйікті жары. 3 баланың анасы. 3 жастағы Айзересі қазірдің өзінде Абай өлеңдерін жатқа айтады. Иә, өмірі Абай өнегесімен сабақтас әпкемнің әңгімесі мені жігерлендіріп, қаламым жүйтки түскендей.
Мүмкін сол кезде мектеп директоры бұл жетістікті бәрімізге үлгі етіп көрсетпесе, Әсем қыз есімде қалмас па еді?!
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
11 тамыз 2020 ж. 1 082 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031