» » » Сынақтан сауаппен өтейік

Сынақтан сауаппен өтейік

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Асылы, бұл өмір – сынақ мекені. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер», – делінген. Қазіргі таңдағы бүкіл әлемге тарап жатқан індеттің де сынақ екені сөзсіз. Сынақ біз үшін ауыр тигенде, жанымызға батқанда ғана сынақ болады. Біз сол сынақты лайықты түрде қабылдап, сабырлық танытсақ Жаратушы Иеміздің жоғарыдағы аяттағы сүйіншісіне қауышамыз.
Алла Тағала адам баласына ақыл берген. Сол ақыл арқылы Алланы танимыз, Жаратушыны мойындаймыз, хикметін сезінеміз. Ақыл арқылы біз өз-өзімізді қорғаймыз, дамытамыз. Мысалы, күн шақырайып тұрса, көзімізге көзілдірік киеміз, жаңбыр жауса қолшатыр пайдаланамыз, суық болса от жағып жылынамыз. Қалай болғанда суық тиіп, немесе күн өтіп ауырып қалмау жағын барынша қарастырып, амалын жасаймыз. Мейірімді Алла Тағала бұл індеттен де сақтану жағын ақылымызға сынақ қылғандай. Яғни, ақыл арқылы басқа жаратылыстарымнан артық қылып жаратқан пендем, ақылын жаратып, өзін қауіп-қатерден қорғар ма екен, сол нұрлы ақылды қолданып, сынақтан сауаппен өтер ме екен?
Қазіргі уақытта індет болғаннан кейін ауру-сырқау, өлім-жітім өте көп. Дәрігерлерімізге Алла разы болсын, күн-түн демей, қолынан келген ем-дом, білімдерін сарп етіп, шықпас жанға себеп болуда.
Ал ажалды пендені ақ жуып, арулап, жаназалап, шығарып салу артында қалған мұсылмандар үшін парыз-кифая. Парыз кифая дегеніміз – көпшіліктің атынан бір адам атқарса, барлығының мойынынан түсетін міндет. Яғни, бәрі бір кісідей қатысып, атқаруы шарт емес, артында қалғандардан сол жерлеу жұмыстарына шамасы жетерліктей шектеулі адам ғана қатысып, жоғарыдағы міндеттерді атқаратын болса, көпшіліктің мойынынан сол міндет түсетінін білдіретін ұғым.
Індет бар уақыттағы үкім мен жайшылықтағы үкім бірдей болмайды, өйткені жағдаят екі түрлі. Сондықтан да қаза болған жерлерде тек қабір қазып, жерлейтін, мәйіт жуылатын болса жуатын, қысқасы, нақты сол жаназада тірілер үшін қызмет ететін емес, нақты мәйітке қызмет істейтін адамдардың ғана қатысып атқарғаны дұрыс. Қалғанымыз үйімізде отырып, құранымызды оқып, шынайы көңілмен дұғамызды бағыштау жаназаны жаназаға ұластырмай, жақынымызға жанашыр болудың төте жолы.
Қазалы үйге барып нақты мәйітке қызмет ететін азғантай топтың да көріспей, тіпті қол алыспай, арақашықтықты сақтап, қорғаныш құралдарын (медициналық қолғап, бетперде) пайдалану да індетті жұқтырмауға себеп.
Ал енді мәйітті жөнелту кезінде қонақасы, жаназадан кейінгі садақасы, әр бейсенбідегі бейсенбіліктері, қырқы, жүзі, жылдық асы секілді ас-садақаларды қазіргедей індет уақытында адамдарды бір жерге жинап, аурудың таралуына себеп жасау, тіпті ол жерге ұят болар деп барудың өзі сауапқа жетелей қоймасы кез келген ақыл иесіне түсінікті болар. Шын мәнінде марқұмның атынан садақа бергісі келсе, дәл қазіргідей сындарлы сәтте сауапты еселейтін амалдар өте көп. Мысалы, малды сойып, шикілей ауру-сырқауларға таратса, қаржылай садақа жасағысы келсе мешіттеріміз арқылы көптеген қайырымдылық шаралары қолға алынып жатыр, соларға қолдау білдіріп, дәрі-дәрмек, тыныс алдыру аппараттарына үлес қосса, сауабы мәйіт үшін де, тірілер үшін де орасан боларына күман жоқ.
Осындайда өткенге сәл шегініс жасап, ұлы тұлғаларымыздың өмір жолына көз тастасақ, дәл қазіргідей уақыт үшін сабақ болардай. Ұлы Абайдың әкесі, Меккеде қонақүй, Қарқаралыда мешіт салдырған Құнанбай қажы өмірден өткеннен кейін жылы жақындағанда балалары жиылып, ортадан мал шығарып, ас берейік деп кеңес жасайды. Дегенмен, дана Абай соншама малды бір күн ішіп-жегеннен гөрі ұлттың болашағына қызмет ететін медресе шәкірттеріне берудің қайырлы іс екенін бауырларына түсіндіріп, Құнанбайдай текті тұлғаның жылдық асына деп шығарылған малдарын Семейде, Омбыда медреседе оқып жатқан қазақ жастарына жаратады.
Бізде де Алла разылығы үшін, марқұм жақынымызға сауап болсын деп атап шығарған садақаларымызды мешіттеріміз арқылы ұйымдастырылып жатқан «Өмірге үміт сыйла» атты қайырымдылық шарасына атсалысып, Хақ тағала: «...кімде-кім біреуге өмір сыйласа (өлімнен құтқарса), ол – бүкіл адамзатты тірілткенмен тең», («Мәида» сүресі, 32-аят) айтқанындай сауапқа кенелуге шақырамын.

Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ


21 шілде 2020 ж. 771 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 081

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031