» » » Шың басындағы қыран

Шың басындағы қыран

Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, көрнекті фантаст-жазушы, кезінде мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметтерді абыроймен  атқарған, мамандығы инженер-механик Раушанбек Бектібаев  бүгінде тірі болғанда өзінің асқаралы 70 жасқа толған мерейтойын көзайым жұртымен бірге қуана тойлаған болар еді. Бірақ, қатал тағдыр оған бұл мерейлі мезетті көруге жазбапты. Ол небары 52 жыл ғұмыр кешті. Тосын көлік апатынан болған қос бүйрегінің бірдей зақымдануына байланысты, аяулы азамат ерекше өмір сүрді. Өзін-өзі күтті. Қызметінен де қалған жоқ, еш  қабақ та шытпады. Ол өмірді сүйді. Соның 22 жылында донорлық бөтен бүйрекпен жанкешті өмір сүрді. Өзінің үлкен ерік-жігері, қара нардай қажыр-қайраты арқылы қалам қарымын танытып, өзі ойлаған, жоспарлаған дүниелерін жазып, артына мол мұра қалдырды. Жазушы тағдыры сан иірімді нәзік сырларға толы еді. Соның бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Кезінде оқырман қауымға фантаст-жазушы ретінде кеңінен танылған Раушанбек Шәкіманұлы студент шағынан машығына айналған жазушылық қарымынан  аурумен сан  арпалысып жүрсе де, ешқашан  қол  үзіп көрген жоқ. Бұл шынында да, ерлікке пара-пар қайсарлықтың хас үлгісі еді. Соның нәтижесінде қазақ прозасындағы ауыр да сирек қиял-ғажайып (фантастикалық) жанрдағы  көптеген тамаша туындыларымен оқырмандарын  дембіл-дембіл қуантып келген еді. Оның ғұмырбаяны, тағдыры  жайлы сөз қозғағанда өскен-өнген, өмір сүрген  ортасы жайлы тоқталмай өту мүмкін де емес. Өйткені, еңселі бәйтерек тегін жерде өспейді ғой.
Біз Раушанбекпен Қармақшы ауданы орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебін 1968 жылы бірге бітірдік. Бір аудан көлемінде тұрғанымызбен, бұрын-соңды етене таныс емес едік. Бізді жаңа барған орта мектеп таныстырды. Ол кезде ауданда онжылдық мектептер тапшы. Біздер,  үш ауылдың: Ақтөбе, Жаңажол және Иіркөлдегі сегізжылдық мектептерді бітірген оқушылар онжылдық  білім алуды осы №26 қазақ  орта мектебінде жалғастырдық.  Осында ауыл балалары үшін жаңадан жасақталған 9 «г» сыныбында  оқыдық.  Ол кезде де, қазір де аудан орталығы Қармақшыны халық «қала» деп атайтын.  Сөйтіп, біз  бір күнде «қалалық» болып шыға келдік.
1 қыркүйекте жаңа  оқу жылы басталғанымен, жоғары сынып оқушыларын  егін жинасу үшін шаруашылық жұмыстарына алып кетті. Қазанның басында мектепке қайтып оралдық. Балалар өзімізше танысып, бауыр басып қалдық. Бірер күннен кейін сынып жетекшіміз Көшер Іскендіров ағай біздің сыныпқа бір баланы ертіп әкеліп, таныстырды. Аудан орталығындағы бір орта мектептен бізге  ауысып келген орта бойлы, қой көзді  сымбатты бозбаланы Көшер ағай: «Бұл Раушанбек Бектібаев деген оқушы. Енді сендермен бірге оқитын болады» деп таныстырды.
Раушанбек бізге алғашқыда бұйығылау бала болып  көрінді. Бірақ, жақын таныса келе оның ақкөңіл, елгезек, спортқа өте бейім, әңгімесі де орнықты, достыққа адал, алғыр бала  екенін байқадық. Ауылдан келген біздерге оның түрнікке еркін, шыркөбелек айналатыны, ұзындыққа, биіктікке секірудегі шапшаңдығы мен икемділігі қатты әсер еткен еді. Бұл спорт түрлерінен менің Алмат досым мен Раушанбек өзгелерге  үлгі бола білді.
Бірде Раушанбек сабақтың   үзіліс кезінде мені оңаша шығарып алып:

 Аудандық газетке өленің шығыпты ғой. Көрдің  бе? – деп сұрады.    Мен әдепкіде сенбедім. Осыны байқаған Раушанбек маған қойнынан шығарып,  аудандық «Коммунизм шамшырағының» ( қазіргі «Қармақшы таңы») газетінің жаңа санын ұсынды. Онда менің «Найзағай» атты тырнақалды тұнғыш өлеңім жарық көрген екен. Бұл 1967 жылдың  9  қазаны болатын. Осыдан кейін екеуміз жақын сырласатын  болдық.
Кейіннен ойласам, Раушанбек сол кезде-ақ өзінің әдебиетке деген жақындығы бар екенін сездіргендей болған еді. Оның студент кезінде жарық көрген «Ол жарыққа айналып кетті»  атты фантастикалық тұңғыш  әңгімесі республикалық бір  басылымда  жарық көргені есімде. Одан кейінгі көптеген  шығармалары мен кітаптары көзі қарақты оқырманға жақсы таныс екені даусыз. Асықпайжүріп, анық басатын, көп шаруаның басын қайыратын қасиет Раушанбек досымыздың қанына біткен жақсы қасиеті тұғын.
Раушанбекпен кейіннен елге келгенінде, өзім Алматыға барғанымда   кездескен сәттерім  әлі есімнен кетпейді. Алматының Тимирязев көшесінің бойында ең алғаш тұрған екі бөлмелі үйінде мейман болып, Тамараның қолынан шәй ішкен кезім де күні кешегідей көз алдымда. Раушанбек  кейде  кездескенде  болашақ жазатын  шығармалары  жөнінде де өзінің ой-жоспарлары бар екенін жасырмай айтатын. Әсіресе, ол «Қайта оралған Қорқыт ата» туындысын жазуға дайындық кезінде елге жиі келіп тұрушы еді. Қорқыт мазарына тәу етіп, талай барғаны бар. Сол тұста бір сыныпта оқыған Алмат, Орал, Нағашыбай, тағы басқа достармен басымыз  бір қосылып қалушы еді-ау... Ол күндер бүгінде мәңгі сағынышқа айналып кетті емес пе?!
Қазақта «Текті тектіден туады, тектілік тұқым қуады» деген қанатты  сөз бар. Раушанбек  тектілердің көзі еді. Қасиетті Қармақшы өңірінде би, батырлар, әсіресе, жырау, шайырлар көп шыққан. Кіші жүздің  Кете руының ұрпақтары бірқауым елді құрайды. Раушанбектің арғы атасы Бектібай  осы аталықтың Қарабазар тармағынан тарайды.Тектілік жеті атасынан тараған бұл рудан Сыр өңіріне, тіпті, Алты алашқа белгілі атақты адамдар көп шыққан. Мәселен, түп аталары Аманқұл – өрнегі бөлек шебер құрылысшы болса, одан туған Ерназар жауырыны жерге тимеген атақты  балуан болған.  Ал Ерназардан туған Алдашбай мен Қуанышбай жасынан діни сауатты, ғұлама кісілер атаныпты. Алдашбай  ахун Бұхарадағы  «Көкелташ» медресесін алғаш бітіргеннің бірі.  Ол өзі  ұстаздық еткен өңірдегі көне  мешітінде атақты Сыр сүлейлері Тұрмағамбет ақын, Шораяқтың  Омары, Кете Жүсіп, Ыспан қари, тағы басқа көрнекті тұлғаларғадәріс берген. Ал, дүниеден ерте өткен Қуанышбай атасынан 1879 жылы  Бектібай туған. Бұл кісі – Жосалыдағы орыс мектебінде оқып, кезінде кедей ауылдарының болысы болады. Міне, сол Бектібай атамыз бен Қадиша анамыздың отбасында 1920 жылы Шәкіман дүниеге келеді. Одан кейін бірер жыл салып  бұл отбасында Рәзия есімді қыз бала өмір есігін ашады.
Кедейлердің мүддесін қорғаған Бектібай болыс Кеңес үкіметінің содыр саясатының кесірінен 1928 жылы үй-мүлкі тәркіленіп, өзі Қазалыға жер аударылады. 1931 жылы сол жақта ауыр науқастан 52 жасында қайтыс болады. Тағдырдың жазуымен кішкентай Шәкіман мен Рәзия Қазалыдағы балалар үйіне өтіп, аман қалады. Бірақ, ашаршылықтан интернаттағы балалар да қырыла бастайды. Шәкіман балалар үйінен қашып шығып, әрең дегенде Қармақшыдағы Қадиша шешесіне жетеді. Ал, қарындасы Рәзия оған ілесе алмай, Қазалыдағы жетімдер үйінде қалып қояды...
1934 жылы Қадиша ана қызын алып қайту үшін Қазалыға арнайы  барады. Бірақ, Рәзияны алып қайтудың сәті түспейді. Рәзия анасына тағы бір жыл интернатта бола тұруды өтініп, сонда қалып қояды. Бір жылдан кейін интернат жабылып қалады. Рәзияны сонда біреулер қамқорлығына алып, Қызылорда арқылы Ташкент шаһарынан бір-ақ шыққан. Осылайша олар бір-бірінен хат-хабарсыз көз жазып қалады. Ал, бұл кішкентай Рәзия қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланова екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл ұзын хикая ғой...Біздің білетініміз: Раушанбек көзі тірісінде Роза апайымен жақсы қарым-қатынаста болып, отбасылық табысудың негізі дәнекершісі болған екен. Бұл әрине, бөлек әңгіме...
Раушанбектің  әкесі Шәкіман Бектібаев Ұлы Отан соғысы майданында неміс басқыншыларына қарсы ерлікпен шайқасқан ержүрек жауынгерлердің бірі болған. Ол зұлым жауларға алдыңғы шепте автоматымен өлім оғын жаудырса, окопта жатып жазған жалынды жырларымен де  кекті үнін білдіріп отырған. Тумысынан ақын, Сыр сүлейлерінің ізбасары  Шәкіман Бектібаевтың майдан жырлары кім-кімді де болса тебірентері сөзсіз. Мысалы оның «Ел басына күн туса» атты өлеңінде:
«Кенеттен  «Соғыс!» деген хабар келді,
Ілезде дүркіретті барлық елді.
Фашистік Германия шартын бұзып,
Көкала түтін етті аспан-жерді.
Күн туды ер жігіттер сыналатын,
Ерлікпен ессіз жаудан құн алатын.
Тайсалмай өлім-өмір арасында,
Орындап жауынгерлік берген антын!»  деп қаруластарын ерліке үндейтін
жырлары артында қалған мұрасында жиі кездеседі.
Майдангер ақын Ш.Бектібаевтың шығармалары кезінде бірнеше рет жеке кітап болып, жарық көрген. Жырларының үлкен шоғыры Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Сырдария» кітапханасы сериясымен жарық көген көп томдықта Сыр Сүлейлері Тұрымбет Салқынбайұлы, Мұзарап Жүсіповтермен бірге жарық көрген. Шәкең ақсақал зайыбы екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан көптеген немере, шөберелер сүйді. Раушанбектің анасы – өте сабырлы әрі мейірімді кісі болды. Балаларының бәрі, тіпті немерелерінің алды жоғары білімді, білікті мамандар атанды. Ал, тұңғыш ұлы Раушанбек болса 1950 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген еді.
Шәкең ақсақал ғұмыр бойы аудандық тұтынушылар одағын басқарған, сауда саласының білікті басшысы болған кісі. Қармақшы ауданының Құрметті азаматы еді. Үлкен кісіге  сәлем бере барғанымызда «Раушанбегімнің достары келді!» деп балаша қуанып қалатыны  бар-ды. Ол кісі 95 жасында дүниеден озды. Осындай текті әулеттен шыққан Раушанбектің деталай межелеген  биіктен көрінгені біздің де жадымызда әлі сайрап тұр.
Раушанбек Бектібаев аудан орталығындағы мектепті тәмамдаған соң, Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына түсіп, одан «инженер-механик» мамандығын алып шығады. Оның студенттік досы әрі жерлесі бүгінде Алматы қаласында тұратын, КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы, академик, РФ, ҚР техника ғылымдарының докторы, профессор Ясин Мәлікұлы Ұзақов студенттік кездерін тебірене еске алып:
– Раушанбек екеуміз Шымкентте бір институтта, бір топта, тіпті, бір бөлмеде жатып оқыдық. Екеуміз жерлес болғандықтан, ол мені үнемі аға деп сыйлайтын. Менен екі жас кішілігі бар. Тумысынан ақккөңіл, өте сыпайы, парасатты  жігіт болатын. Оның текті әулеттен шыққанын да жақсы білуші едім. Сабаққа ынтасы өте жоғары болды. Спортпен тұрақты айналысты. Біз «Автоматтандыру және кешенді механикаландыру» мамандығында оқыдық ғой. Сабақты игеру өте қиын еді. Соған қарамастан ол институт қабырғасында жүріп тырнақалды фантастикалық туындыларын жазды. Әлі есімде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Раушанбектің бір туындысы жарық көрді. Оқып отырсам ішінде капитан Ясин Ұзақов деп жазылған кейіпкер, яғни, өзімнің ата-жөнімді көріп қалдым. Мен бұған таң қалып Раушанбекке: – «Боса да жазған екенсің, мені майор деп неге  жазбадың?» деп әзілдей сұрағанымда, ол: «Әлі де дәрежеңіз полковникке дейін өссе, таң қалмаңыз»  деп күле жауап берген еді. Ол керемет спортшы болатын. Еркін күрестен институт, қала, облыс чемпионы болды. Мен кейін оның ауырған кезінде Мәскеуге де іздеп барған едім. Жігіттің нағыз  жампозы еді ғой, менің Раушанбегім! – деп академик ағамыз  бір кездескенде осылайша ағынан жарылып еді. Шын мәнінде,  олардың достығы керемет болған ғой!     1973 жылы Раушанбек  өмірлікжары Тамара Әбдіжәлиқызымен шаңырақ көтеріп, үй болған еді. Тамараның әкесі Әбдіжәлиді Қармақшының халқы «Әбекең Құрманбаев» деп өте құрмет тұтатын. Ол кісі көп жыл  аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасы болып ауданның экономикасы мен әлеуметтік бейнесінің жаңаруына өлшеусіз еңбек сіңірді. Өте тілді, тапқыр сөзді кісі болатын. Ел ішінде әлі «Құрманбаев айтқан екен» деген сөздер жиі айтылады. Раушанбекті туған баласындай жақсы көретін. Жас шаңырақта 1974 жылы тұңғыш ұлы Дәулет, 1976 жылы екінші ұлы Данияр өмірге келді. Қазір олар діңгіттей жігіт. Үйлі-баранды, өскен-өнген шаңырақтың иелері атанып отыр. Немерелердің алды шетелде оқып, Бектібаевтардың есімін  алыс елдерге танытып жүр.
Раушанбектің қырлары мен сырлары туралы көп жазуға болады. Өйткені, ол бұған лайықты тұлға. Оның бәрін бір мақаланың ауқымына сыйғызып жазудың өзі мүмкін емес. Сондықтан да оның өмірінің ең маңызды  тұстарына сәл шегініс жасауға тура келеді.
1975-1980 жылдар аралығында Р.Бектібаев  КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі саласында (Главриссовхозстрой) қатардағы инженерден бастап, УМТС басқармасының бөлім бастығына дейін көтеріледі.
Ол қандай бір қызметте болмасын өнімді еңбек етіп, үлкен үміт күттірген маман еді. Бірақ,  орда бұзаротыз  жасында тағдырдың ауыр кезеңіне тап келді. Бір жыл бұрынғы көлік апаты салдарынан екі бүйрегі бірдей ауырып, ол бір жылдан астам уақыт гемодиализ (жасанды бүйрек аппараты) алуға мәжбүр болды.
1981 жылы Мәскеу қаласында Н.Пирогов атындағы қалалық клиникалық ауруханасында күрделі ота жасатып, донорлық бүйрек салдырады. Бұл кез оның өмірінің қыл үстінде тұрған ауыр да, қауіпті кезеңі еді. Осылайша екінші өмірін бастаған ол, қайтадан өзінің ұжымына қызметке қабылданып, тағы да 10 жылдай абыройлы қызмет атқарды.
Раушанбектің екінші өмірі еліміздегі тарихи өзгерістермен бірге жаңарып отырды. Жаны жазуға құштар арда азамат көп еңбектенді.  Қазақ әдебиетінің кенже әрі тың жанры саналатын фантастикаға түрен салды және жаңаша жазды. Ол техникалық маман бола жүріп азабы мол жазушылық жолға келуге нар тәуекел етті. Құлағында бала жасынан әжесінің ауызынан естіген қиял-ғажайып ертегілерінің сарыны тұрды. Түсіне абыздар мен ахундар кірді. Сөйтіп, прозаның фантастика жанрына қалам тербеуге біржола ден қойды.  Бұл санаттағы қазақ жазушылары да саусақпен санарлықтай. Себебі, фантастика – өзгеше ойлау қасиеті айшықталатын жанр ғой. Оған кез келген қаламгер бара бермейді. Ал, Раушанбек фантастиканы ғылым,  жаңаша ойлау деп түсінді.
     Раушанбек Бектібаевтың тырнақалды туындысы  – «Ол жарыққа айналып кетті» әңгімесін оқырман қауым кезінде  ыстықықыласпен қабылдады. Осыдан соң қаламгер қазақ фантастикасына жаңа леп әкелгендей болды.  Автордың «Нетройт» (1985), «Ионосферадағы алаң» (1988), орыс тіліндегі «Происшествие в день отдыха» (1992), «Қайта оралған Қорқыт ата» (1998) кітаптары үлкен ізденістен туған дүниелер. Ол прозадағы аға буынның "Қазақ қиялының нояны" деген бағасына ие болды. Өз шығармаларында Р.Бектібаев қазақы тарихи сананы жаңғырта отырып, ғарыштық ойлау жүйесімен бүгінгі күннің өзекті мәселелерін терең ашып көрсетеді. Мейірімсіздік, нашақорлық секілді адамдар арасындағы түрлі жаман қасиеттерден бастап, экология сынды елдік-ұлттық деңгейдегі жаһандық проблемаларға дейін қамтып, оқырманға фантастикалық тұрғыдағы  көркем шығарманы ұсынады.
Раушанбек Бектібаев 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан «Фантаст жазушылар одағын" құрып, оның президенті ретінде бірқатар істер атқарды. 1996 жылы екі бірдей: Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. 1990 жылы 12 наурызда "Социалистік Қазақстан" газетінде Арал проблемасын шешу жолына арналған "Басқа жол жоқ, Сібір суын бұру керек" деп аталатын өзекті мақаласы жарық көріп, жан-жақты пікірталас тудырады. Бұл мақала, жылдың ең үздік мақаласы атанды. Аталмыш мақаланы шағын ғылыми жұмыс деуге болады. Себебі  автордың тарихи және заманауи білімі мен қызметтік бай тәжірибесі астасып, қаламгерлік шеберлікпен нақты дәйектерге сүйене отырып жазылған мақала ретінде танылады.
1993 жылы Р.Бектібаев мемлекеттік қызметке ауысып, ҚР Президенті мен Министрлер кабинетінің жалпы бөліміне аға реферант болып қабылданды. Ал, 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің Баспасөз қызметінежауапты қызметке ауысып, республикалық Орталық сайлау комиссиясының Баспасөз хатшысы міндетін атқарды. 1995 жылдан бастап еліміздің жаңадан сайланған қос палаталы Парламентінің Баспасөз қызметінде консультант болды да, өмірінің соңына дейін Мәжіліс аппаратының қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ-пен байланыс бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 2001 жылы ел тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекесіне байланысты Раушанбек Шәкіманұлының елге сіңірген еңбегі бағаланып, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Жазушы Р.Бектібаевтың туғанына 50 жыл мерейтойы Қазақстан Жазушылар одағында салтанатты түрде тойланды.
Адамға денсаулықтан артық не бар?! Раушанбек Бектібаевтың  бұрынғы сырқаты қайта меңдеп, ұзақ уақыт ауруханада жатып емделді. Бірақ... 2002 жылы асыл азамат өмірден озды. Ол бір ауысыммен салынған бөтен бүйрекпен 22 жыл өмір сүрді. Дені қуатты адамдармен бірдей, тіпті, артық қызмет етті десек, асылық айтпағанымыз. Бұл қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған ерекше жағдай еді. Осылайша Раушанбек Бектібаевтың өмірінің өзі қиял-ғажайыпқа айналып кетті. Ол өзі де қыран қалпында шың басына ұшып кеткен еді....
     
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
30 маусым 2020 ж. 1 553 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031