Көненің көзі


ЖОСАЛЫ, 13 маусым – qarmaqshy-tany.kz Ата-бабамыз көшпелі өмір салтын ұстанғанымен, өздерінің құтты қонысын таза, әрі сәнді етіп отырған. Алты қанат ақ үйлерінде аузы дуалы, көпке айтар кеңесі бар құтты қонақты күтіп, той жоралғыларының барлығы да киіз үйде өткен. Сондай уақытта киіз үй ішіне көрік беріп, көз тартып тұратын түрлі үй жиһазы еді. Олардың барлығы әжелеріміздің шебер қолдарынан шыққан. Үйге қажетті кілемнің түр-түрін тоқып, тұрмысқа тиімді бұйымдарды қолдан тіккен. Оның ішінде кілем тоқу – қазақ халқының ертеден келе жатқан қолөнерінің бірі.


Ол халықтың тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Кілемдер тоқылу ерекшелігіне қарай – түкті және тықыр болып екіге бөлінген. Сондай-ақ материалына байланысты жүн, жібек, мақта, кендір талшығынан жасалса, көлеміне қарай қос күмбезді, бес күмбезді кілем деп аталыпты. Бейнеленген ою-өрнегіне байланысты түрліше атауға ие болған кілем түрі де көпБүгінде кілем тоқитындар саны аз. Себебі сұраныстың жоқтығы және қолданыстан шыққаны болуы мүмкін. Бұрын төрде ілінетін кілемдерді бүгінде үй ішінен кездестірмейміз. Олар тек ұлттығымызды ұлықтап музейде сақтаулы тұр.

Аудандағы өлкетану музей қорында да тарихтан сыр шерткен 5 кілем сақталған. Солардың бірі – тықыр кілем. Тықыр кілем – бұл негізінен түксіз тоқылатын, екі жағы, басы-аяғы, оң-терісі бірдей болып келеді. Ол тұтуға да, жаюға да, ілуге де мейлінше ыңғайлы, төзімді. Сондай-ақ салмағы да жеңіл. Музей қорындағы мұндай кілемнің ортасына шыңжара, жиегіне ботакөз оюы қолданылған. Бұл ою-өрнектің геометриялық түріне жатады. Кілем етегі шашақпен әрленген. Мұндай ерекше жәдігерді 1960 жылдың бас кезінде Ақжар ауылының тұрғыны Нұрқия Күзембаева тоқытқан екен. Ұзындығы – 3 м, ені – 1,75 см. 1967 жылы Кеңес Одағының құрылғанына 50 жыл толу мерейтойы қарсаңында аудан, облыс, республика бойынша қолөнер бұйымдарының байқауы өткізіледі. Сол көрмеге қатыстырылып, кілемдер арасында республика бойынша екінші орынға ие болып, 50 сом жүлде беріледі. Байқаудан соң кілем иесіне кілемді көрмеге қалдыруын өтініп, орнына кілем фабрикасында тоқылған жаңа кілемге айырбас жасауға өтініш білдірген. Бірақ кілем иесі ол өтініштен бас тартқан. Кейін 2016 жылы музей қорына аудан тұрғыны, ұлттық өнер жанашыры Әбдірахман Құлдүйсенов сыйға өткізіпті. Сол уақыттан бері сәні кетпей, қаз-қалпында тұрған кілем туралы ақпаратты да Нұрқия әжейдің немересінен естідік.

– Бұл кілемді мен бала күнімнен білемін, – деді тарихына тоқтала келе. – Біз шаңырақ көтерген кезде әжем үйіміздің төріне әкеліп ілген еді. Сол кезден бері көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. 4 жыл бұрын аудандағы музейдің қорына өзге заттармен бірге өткіздім. Тарихи маңызы зор құндылықтың сонда сақталғаны дұрыс деп есептедік. Себебі, келер ұрпақ та оны көріп, көңілге түйері анық. Сол үшін де ұлттық мұрамыздың сақталуына аз да болса үлесімді қосқаныма қуаныштымын, – дейді Әбдірахман ағамыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 маусым 2020 ж. 1 443 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031