» » » ҚАТПАРЫ ҚАЛЫҢ ХАЛЫҚ ӨНЕРІ

ҚАТПАРЫ ҚАЛЫҢ ХАЛЫҚ ӨНЕРІ

Көкте туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелеткен бүгінгідей тәуелсіздік таңы нағыз елдіктің, ерліктің үлгісіндей көрінеді маған. Егемендік – еңсе тіктетті. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді қайта жаңғыртты. Тәуелсіздікпен келген қазыналы сыйдың бірі де бірегейі – ұлттық құндылығымыз. Баға жетпес байлығымыз да, қаймағы бұзылмаған қазынамыз да осы – құндылық еді. «Заман-айлаған» жылдарда бас сауғалап, шекара асқан қаншама қандасымыз Отанына оралды, ағайынмен қауышты. Қазақтың маңдайына біткен нар тұлға азаматтары шаң басқан архивтен аршылып, есімі ел есінде жаттала бастады. Көмескіленген, керенау тартқан  тарихымыз бен ата салтымыз, шұрайлы шежіреміз өз арнасына түсіп, өзек бойына қан жүгірді. Әсіресе, 73 жылдан соң алғаш тойланған Наурыз мерекесі ұмытылмастай жадымда жазған хаттай жатталып қалыпты. Несімен дейсіз ғой? Айтайын. Дөңгелене тігілген ақшаңқан киіз үйлерімен, оның ішіне жағалата ілінген көздің жауын алатын ұлттық жәдігерлерімізбен, сондай-ақ қолданыстан әлдеқашан шет қалған халықтық бұйымдарымызбен. Қызыға қараған адамға олар да: «біздің де жарыққа шығатын күніміз бар екен-ау» деп бұлақ суындай мөлдіреп тұрғандай. Сондағы мені тәнті еткені – саналуан ою-өрнекпен әшекейленген қазақтың қалы кілемдері-тін.

КЕСТЕНІҢ СЫРЫ – ТҮРІНДЕ, КІЛЕМНІҢ СЫРЫ – ТҮГІНДЕ 

Жалпы кілемге қызықпайтын жан кемде-кем болар. Тіпті, жоқ та шығар. Оның ішінде, Шығыс халқы кілемді ерекше қадірлесе, қазір Батыста да қолдан тоқылған кілем мен кілемшеге сұраныс күйіп тұр десек өтірік емес. Жалпы, бағалы кілемдер Қазақстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Дағыстан, Иран, Түркия, Үндістан, Қытайдан шығады. Мысалы, түркімен кілемі «ұшан», «құла»,  кавказ кілемі «куба», «қарабах», түрік кілемі «анкара», «анатоль» деп аталса, қазақ кілемі тоқылу ерекшелігіне қарай түкті және тықыр кілем делінеді. Сондай-ақ, материалына қарай жібек, масаты түріне бөлінеді. Отандық өнім қосалқы белгілеріне қарай шашақты, оқалы болып келеді. 1936 жылдан бері ұлттық үлгіге жаңа мазмұн беруді көздейтін «Алматы» кілем тоқу фабрикасы жұмыс істеуде. Қазақстанның оңтүстігінде түкті және тықыр  кілемді  қолдан тоқу да жақсы жолға қойылған. Шымкенттен шығатын кілем фабрикасының да алар орны айрықша. Оладың негізгі өрнектері «күмбез», ал жиектеріне «қоған» деп аталатын оюлар салынады. Мына қызыққа қараңыз, кавказ кілемдерінің бірі – «қазақ» деп аталады екен. Кілемнің алашадан айырмашылығы – қолмен тоқылатын түгі әр түрлі жіпті әрбір өріс жібіне шалып тоқылады. Тоқылады демекші, ес біліп, етек-жеңін жия бастағаннан анасының кілем тоқу өнерін көріп өскен шебердің бірі – жосалылық Бақыткүл Сейіткәрімқызы. Оның ісмер саусағынан бүгінге дейін 100-ден аса өнер туындысы дүниеге келген. Әжелеріміздің ескі дәстүрін естен шығармай, ұрпаққа жалғап келе жатқан ол бұл дәстүр жоғалып кетпесе екен деп қынжылады.
– Түкті кілемді құру үшін ең алдымен оған ағаштан қалып жасалынады. Ұзындығы 4 метр кілемге 5 метр, ені  2,20 кілемге 2,30 метр қалып қажет. Ол төзімді болу үшін  ұштарын темірмен бекітеміз. Дайын болған қалыпты кергіағаштың төрт бұрышынан кілем тоқылатын жерге қағамыз. Желіні кергенде кергіағаштың екі басында екі адам отырады. Ортасында бір адам жіпті әрлі-берлі беріп тұрады. Желінің саны қаншалықты болуы кілемнің өлшеміне байланысты. Кілемнің төсегі дайын болған соң желінің арасына адарғы салынады. Ол мүмкіндігінше жұмыр ағаштан жасалғаны жөн. Адарғының алдыңғы жағынан көлденеңнен жоғары етіп белағаш қойылады. Белағаш – кілем тоқу үшін керілген жіп желісін күзу арқылы байланысады. Күзу – керілген желінің үстіңгі жібін белағашпен жалғастыратын жіп. Кілем құрылғысы осылай құрылады. Халқымызда: «Кестенің сыры – түрінде, кілемнің сыры – түгінде» деген қанатты сөз бар. Кілемнің түкті және түксіз екі түрі болатыны белгілі. Түкті кілем әдісімен алаша, қоржын, басқұр тоқылады. Оның оң жағы түк те, теріс жағы түксіз болады. Түксіз кілемнің екі жағы бірдей тықыр. Түкті кілемдегі түктің ұзындығы 3 мм-ден 18 мм-ге дейін барса, қалыңдығы сапасын көрсетеді. Кілем – әр елде әркелкі. Қытай кілемінде түрлі түстегі балық, жануар бейнеленеді. Қытайлықтар үшін лотос гүлінің қаншалықты маңызды екенін тарихтан білеміз. Сол себептен де лотос гүлімен өрнектелген кілем сәннен түспейді-мыс. «Бәрін айт та, бірін айт», – демекші, ілгеріде әжеміз кілемді әсемдік үшін тоқыған. Сонымен қоса, кілем үйдің жылылығына пайдалы. Кілемді қолмен де, машинкамен тоқып та дайындауға болады. Қазақ кілеміне ашық – қызыл, сары, күлгін, аспанкөк түстер тән. Кілемдегі әрбір өрнек тұтас композицияны құрайды. Ондағы ою-өрнекте тіл болмаса да қазақ халқының дарқандығы, даналығы сайрап тұрады. Қазақстанның оңтүстігіне «күмбез»,  «қорған», «су» өрнегі жақын болса, бұл көрініс текемет, сырмаққа да салынады. Ара-кідік ортаңғы гүл-күмбездің орнына түлкі, бүркіт сияқты жануар мен құстың немесе Табиғат-Ана көрінісі орын алып жатады, – дейді кілемші.

КІЛЕМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

Ертеде қазекем: «Өмір өтеді, дүние тозады» дейді екен. Даналар айтқандай, қай нәрсе де күтімді қажет етеді. Ұқыптап ұстамасаң тез оңады, жылдам тозады. Сол секілді тақырыпқа өзек еткен кілем де күтімді керек қылады. Әсіресе, қолдан тоқылған кілемге жақсы күтім болуы тиіс. Кілем осыдан 10-15 жыл бұрын қабырғаға ілініп, үйге сән беріп тұратын. Қазір үй иелері қабырғаны ашық қалдыруды қалайды. Мейлі ілініп, мейлі жерге төселсін бәрібір кілемге күтім ауадай қажет. Заманауи кілем жуатын химиялық орындар да күн санап көбеюде.
– Шырай әжем уақытында атақты кілемші болған екен. Оның қолымен тоқыған кілем әлі де бар. Әжемнің кілемін көргенде өзін көргендей болып отырамыз. Өте еңбеккеш жан еді. Бізді де кілем тоқуға, іс тігуге бау­лыды. Дегенмен, кілемші болмадық. Ақ жаулықты әз анамыздың тәрбиесінің, өсие­тінің арқасында өмірден өз орнымызды таптық. Бүгінде бір-бір мамандық иесіміз. Шебердің немересі ретінде бірер ауыз кілем күтімі жайлы айтсам.  Кілемді төсер кезде алдымен еденді тазалап жуып алған жөн. Әлбетте, еден әбден құрғатылған болса нұр үстіне нұр болар еді. Еденге төселетін кілемнің орнын ауыс­тырып отырған жөн. Төсеніш жиырылып, аяқтың астына иленіп жатпас үшін астына жайма жайған дұрыс болады. Кейде кілемнің жиегі ширатылып, табанға ыңғайсыздық тудырады. Мұндайда кілемнің бүктеліп қалмауын бақылау маңызды. Тықыр кілемге қарағанда,  тоқыма кілемге күтім көптеу керек. Оны үй жағдайында сыпырғышпен яки   шаңсорғышпен аптасына бір рет тазалаған артық етпейді. Бұл ретте, ұстанатын басты қағида – мүмкіндігінше киім щеткасын қолданбаған тиімді. Сондай-ақ, кілемнің түгіне қарсы тазалау да бетін бүлдіреді. Шаңын қаққанда да иілгіш затпен қаққан жақсы. Жуғанда, қаққанда шартаққа немесе кір жаятын жіпке ілу миға сыйымсыз. Себебі, жібі сетінеп, өз пішінін жоғалтады. Қағылған кілемнің екі жағынан бірдей сыпырғышпен сүрту керек. Қыста жас шыбықпен екі жағын ауыстыра отырып, бірнеше мәрте қағылады. Кілемнің бірінші жауы – қаракүйе мен кілем қоңызы. Бұл екеуі кілемге түсті дегенше, одан түк қалмады дей беріңіз. Кілемнің түте-түтесін шығарып, тұтынуға жарамсыз етіп тастайды. Бүктегенде арасына нафталин қалташасын тастайды. Жаңа кілемді сақтағанда оны тығыздап орап, полиэтилен қапшыққа салады. Жылына бір рет профилактикалық өңдеу жүргізіп отырса – құнды дүниеңіз жаңа қалпында тұрады, – дейді Қарлыға Бәйменова.


Түйін:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласы халыққа жарияланғалы бері көптеген жұмыс іс­тел­­ді. Соның ішінде, ұлттық салт-дәстүріміздің айшықты көрінісіндей болған қазақтың қолөнері қайта қолға алынды. Мойындауы­мыз керек, қазіргі қоғам көбіне заманауи технологияға, инновациялық техникаға иек артады. Өйтпесек, жаһандану атты ұлы көштен қалып қоюымыз да ғажап емес. Дегенмен, ұлттың ұлт болып ұзақ жасауына, оны ұрпақтан-ұрпаққа аман-есен аманатталуына, ұлттық құндылығымыз бен тарихи жәдігеріміздің бүлінбей сақталуына бүгінгі аға ұрпақ жауапты.  
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
23 қараша 2018 ж. 3 486 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031