» » » "Құрсақ шашу" туралы не білесіз?

"Құрсақ шашу" туралы не білесіз?

Әлеуметтік желінің әлеуеті артып тұрған заман емес пе? Сол әдемі әлемге біз де кіреміз. Бір күні жүрек тебірентер ерекше бейнероликке көзім түсті. Өз бойындағы оң өзгерісті отағасына жеткізу сәті екен. Ол үшін арнайы оралған шағын қорапты ұсыну үстінде. Ал оның ішінде жас сәбидің аяқ киімі бар. Бұл «Сіз, әке боласыз» дегеннің үнсіз түрі. Көптен күткен сәбиі болса керек, әкесінің жанарындағы жарқыл ерекше сезілді. Жүрекке жылу ұялатқан сол көрініс ойымнан кетер емес. Жаңа заман жаңалығы немесе шетелден үйренгеніміз бе жастар арасында оң белгіні осылай ерекше жеткізу сәнге айналып барады. Ал бұрын бұл дәстүр қалай аталып өтуші еді? Оған арналған қазақ салтында қандай дәстүр бар?
«Балалы үй – базар» демекші, әрбір отау көтерген жанның арманы – перзент сүйіп, ұрпақ өрбіту. Үйдің үлкендері де «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп, немере сүйгісі келеді. Жас келінге ырымдап ұлтабар жегізуінің де сыры осы болса керек. Иіліп сәлем салған жас келінге үлкендер тарапынан айтылатын «Ұл тап», «Үбірлі, шүбірлі бол» деген ақ тілектер легі де адам өмірінде ұрпақтың айрықша орын алатынын аңғартады.
«Ертеректе келін бойындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, қамқорлық жасаған. Тек ене ғана емес, абысын-ажыны, ауылдағы жанашыр аналар жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен деп қадағалап күте бастайды. Асқа тәбеті соқпай, бойында өзгерісі бар келінді байқаған жан оның енесіне келіп, «Келініңіз ақ алғысты болыпты» – деп астарлап жеткізеді. Жөн білетін ене бұл қуанышқа ризашылығын білдіріп, «құлақсүйіншісін» береді. Мұнан кейін сол үйдің енесі ақ орамалды үлкен үйдің оң босағасына байлайды. Бұл келіннің «ақ алғысты» болғанын өзгелерге жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол белгіні көрген ауыл адамдары да оған құрметпен қарап, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған» дейді Зейнеп Ахметова.
Ұрпақ қамын ойлаған ардақты ене арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді қонаққа шақырған. Бұл дәстүр «құрсақ шашу», кейде «құрсақ той» деп те аталған. Бұл тойға келген әйелдер өзімен бірге түрлі дәм алып келеді. Ондағысы – келіннің жерік асын табуына көмектесу. Егер сол астың арасынан келіннің жерік асы табылса, әкелген әйел қуанып, жерігі басылғанша әкеліп, қамқор болады. Ал жерік асы табылмаса, әйелдер ғана емес, күйеуі, қайнысы, дос-жараны табуға жәрдемдеседі.
Осы орайда ерекше тоқталатын мынадай бір ырым бар. Аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атып, тұзақ құрып, қармақ салуына болмайды. Яғни, әдейілеп тірі жанға зияны тимеуі тиіс. Ондай болған жағдайда іштегі балаға кері әсер береді деп есептеген.
Бұл дәстүрдің төркіні тереңде жатқан секілді. Оған себеп ертеректе әжемнен естіген мына бір әңгіме. Әмина анамыздың бойына бала біткенде Мұхаммед Пайғамбардың нұры анасының жатырына ауысады. Нұрдың әсерінен анасының дидары нұрланып сала береді. Бет-әлпеті ажарланып, көркі кемелінен асыпты. Ел арасындағы «нұр дидарлы», «ең әдемі әйел – аяғы ауыр әйел» деген тіркестер осыдан қалса керек. Әмина ананың нұр дидарына ынтық болған періштелер оны көру үшін аспан әлемінен ағылып келеді екен. Ұлық Алла періштелерге:
– Дүниеге менің сүйікті досым келеді. Жәннаттың дүр гауһары мен інжу маржанын Әминаға шашыңдар. Шашулар оның жүрегіндегі мейірім мен махаббаттың шексіз қайнар көзін ашады. Әминаның қуанышына ортақтасқан жанға менің рақмет нұрым жауады. Аяғы ауыр келіншектің ниеттес жақыны неғұрлым көп болса, ұрпағының да адал досы соғұрлым көп болады, – дейді. Мұны естіген періштелер пайғамбардың анасына шашу шашып, пейіштегі жеміс-жидекпен жерігін басып, кәусар бұлағының суымен шөлін қандырған екен.
Осындағы «шашу» ұғымы мен «құрсақ» сөзінің тіркесуі арқылы бұл дәстүр «құрсақ шашу» аталса керек. Бұл салт «Алпамыс батыр» жырында да көрініс табады. Ақселеу Сейдімбекұлының нұсқасында «...Жақсы нышанды көздері көріп, көңілі орныққан ел-жұрты сол жерде құтты болсын айтысып, Байбөрінің төбедей ақ ордасының төріне жеткізе құрсақ шашу шашты» деп баяндайды. Осыған қарап-ақ әрбір дәстүрдің тамыры тереңде, көздегені алыста екенін аңғарамыз.
Бүгінде бұл дәстүр көп қолданылмайды. Ал қолданылса үлкен мейрамханада мағынасы мен мәні өзгеріп, дастарқанын сыра мен ішімдікке толтырып, жүздеген адамның басын қосып тойланып жүр. Аты «құрсақ шашу» болғанымен, заты құр ауаға ақша шашу секілді. Бұл атақтылардың құр мақтанға салынып жасап жүрген тойының бірі. Өзгеге еліктеуді әдет қылған жастарға берері не? Мұндай тойды көрген басқалар ол істегенде, мен қалайша құр отырамын деп мәнсіз, даңғаза тойдың жаппай белең алып кетпеуіне кім кепіл?
Атадан қалған дәстүрдің қадірін кетірмей орынды қолданғанымыз абзал. Әркім өз қалауына қарай салт-дәстүрді өзгерте берсе ұлттығымыздан не қалады? Бар дүниенің басы құрсақтан бастау алатынын есте ұстап, әрдайым ұлттық дәстүрді ұлықтағанымыз жөн.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 қаңтар 2020 ж. 8 484 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031