» » » Тұнып тұрған шежіре

Тұнып тұрған шежіре

   Ата-анаңның көзін көрген, олармен дәмдес болып, бірге жүріп, сөзін тыңдап, ақылын алып жүрген ағалармен үзеңгілес, сырлас болып, олармен анда-санда болса да әңгімелесудің өзі өмірдің жақсы нышаны екенін сезе бастағандаймыз. Кеше ғана арамызда жүріп бүкіл елге аға болған, өзінің болмысымен, адамгершілігімен, тазалығымен, адалдығымен, парасатымен халық жүрегінен орын алған, бала кезінен жас тілші атанып, көнекөз ағаларының, ақын, жыраулардың шығармаларын құлағына құйып өсіп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізе білген ақын-шежіреші ағамыз Запа Дәулетбаев еді. Зәкеңді сонау бала күнімнен білуші едім. Ол кезде Зәкеңмен тұспа-тұс жастар Ақжар МТС-інде жұмыс істеп, техника тілін үйренетін.
   Мен ол кезде өте жастаумын. Дегенмен есімде қалғаны біздің үй егін науқаны басталғаннан егіс басына көшіп, содан қазан айында қыстауға көшіп келгенше егін егу, оны суару, жинау жұмыстарында болған егіншілерге шешем марқұм тамақ пісіріп, жер айдайтын тракторларға инағашпен су тасып беретін. Ол кезде «Нати» тракторы суды көп пайдаланатын. Мен де су тасуға көмек көрсететінмін және олар кішкентай, күркешік, қараша жолымүй деп аталатын үйімізде жататын. Ол кездің комбайны бір орында тұрады, оған бау-бау дестені тасып әкеліп, белін шешіп, таратып тастап жатады. Ал, Запа аға болса комбайнның үстіне орнатылған орындықта бетін ақ орамалмен таңып алып отыратыны есімде. Міне, сол кезден бір үйде тұрған, бірге туған ағадай қамқорлығын көріп, ақылын тыңдап өстік.
   Ол кісі әңгіме айтқанда бір қалыппен ешкімнің көңіліне тимей, өте сыпайы сөйлейтін. Қанша жыл бірге жұмыс жасап, қасында жүргенімде бір ашу шақырғанын көрмеппін. Не деген шыдамды, ұстамды, ақылды, мәрттік десеңші. Біреулер ашу шақырып, не болса соны сөйлеп жатқанда ол тек жәйменен миығынан күліп қана отыратын. Зәкеңнің әкесі Дәулетбай әкеміздің әңгімесін көп тыңдадық. Ол кісі де көнелікті әңгімені көп білетін, шайыр, ақын ағаларының өлеңдерін қай әңгіменің турасына келсе де жатқа айтып отыратын, әңгімесін әрлендіріп жіберетін еді. Ол кісі көп сөйлемейтін, тек тіп-тік төредей болып жүруші еді. Сондықтан ба білмеймін, шешем марқұм тағы да басқа келіндері Төре қайнаға деп атын атамайтын. Сол кезеңде мұғалім болған Жұпар жеңгеміз Зәкеңнің інілері Көшербай мен Жалғастың мектепте оқушы кезінен атын атамайтыны, «Төре қайнағаның баласы тақтаға шық» деген сөздері есімде қалыпты. Не деген сыйластық, не деген қалыптасқан қазақи дәстүр, сол кездердегі адамдардың бір-біріне деген ықыласын, ынтымақтастығын, бірлігін айтып жеткізе алмайтындай еді.
   Жалпы Запа ағай да әңгімеге сараң кісі. Көбіне айтып отырған әңгімесін мән беріп тыңдағанды және оны қайталап сұрағанда немесе өзің айтқанда сол Зәкең айтқандай етіп, масақ қалдырмай айтуды ұнататын. Ондай қабілет бізде қайдан болсын, ол кісінің айтқан әңгімелерін сол жерде қайталай алсақ – алғанымыз, қайталай алмасақ «Зәкеңнен кешірім сұрап, келесі келгенде диктофонға жазып аламыз» деп уәде беруші едік. Ол кісімен қайта көріскенде де, қайта әңгіме дүкен құрғанда да қолымызда диктофон болмайтын. Біз қанша уәдені орындамай барғанымызбен Зәкең өте сабырлы ғой, ештеме байқамағансып, амандық-саулық сұрасып, қайта әңгімесін бастап кететін жарықтық.
Жалпы Кете руының Құлыс аталығындағы Әлменбет аталығынан Зәкеңдер, біздер тараймыз. Бұдан бір ғасыр бұрын біздің ата-бабамыз «Ақтайлақ» деген жерді мекендеген. «Түйебай» деген жерде ата-баба қорымы бар. Атақты Жиенбай жырау 1929 жылы сол «Түйебай» деген жердегі бейітке жерленген. Зәкеңнің айтуы, нұсқауы бойынша Жиенбайдың немересі Бидас Рүстембеков Жиенбай атасының басына белгі қойып, соған апалары Ыдық, Ершілер қатысып еді. Зәкеңнің Алматыда тұратын туған інісі Көшербай сол бейітті ілгеріректе қоршатып, үлкен елдің, ағайындардың алғысын алған-ды. Сол «Ақтайлақ» жерінде «Түйебай» үйтамының жанына үлкен арық қазылған екен. Сол арықтың басында тұрып Запа ағамыз үлкен тарихты бейнелейтін әңгіме айтып еді.
    Ол кезде су мол болғанымен, су жеткізу өте қиын болған тәрізді. Техника жоқ, қолмен қазылған арық арқылы су әкеліп, соған егін егіп халық күн көрген. Сол үлкен арыққа екі рулы ел таласып, арты жанжалға айналған көрінеді. Ол кезде жырау Жиенбай атамыз тірі, аты елге әйгілі жырау үйіне ел ағаларын шақырып қонақасын беріп, даудың артын өлең-жырмен бітіргені жөнінде құнды деректер айтып еді. Өнер құдіретін, жыр құдіретін мойындайтын сол кездегі ата-бабаларымыз сөзге тұрып, су келетін, егін салатын арықты бірлесіп пайдалануға келісімге келген. Зәкеңде мұндай тарихи әңгімелер көп. Осындай әңгімелердің көбісін өз әкесі Дәулетбай әкемізден естігенін жиі айтатын.
   Дәулетбай ақсақал да зерделі, естігенін жадында сақтап қалатын зерек болған кісі. Менің бала кезімде Дәулетбай әкенің інісі болып келетін атақты жырау Рахатұлы Зайыр ағамыздың үйіне таңертең барған Дәулетбай ақсақал кешке бір-ақ шығатын. Сондағы жұмысы тарихи, бұрынғы ата-бабаның жүріп өткен жолы, не бір кесіп айтқан әңгімелері қажет болған жағдайда, өлең қалпында арнаулы дәйексөзбен айтып отыратынын талай естідім. Балалық болар, ол әңгімеге, тарихи деректерге мән берген жоқпыз. Ал, Запа аға болса барлық нәрсені жадында, зердесінде, көкейінде сақтаған киелі, тұнып тұрған шежіре болатын.
   Бірде Запа аға біздің ата-бабамыздың Ақтөбе облысы аймағынан келгенін әңгімеледі. Батыр, сол кезде ел ағасы болған Есетбай Құлыстың Әлмембет руынан шыққан кісі. Ақтөбе облысының Ойыл ауданы төңірегінде өмір сүріпті. Ол жақта сол кезеңнің өткен бір жылдары қысы қатты болып, малы ығып кетеді. Кейін соны іздеп Сыр бойына келген дейді. Сыр бойының суы көп, ағыл-тегіл, әр бұтаның түбін түртсең қоян-қырғауылы, судағы балығы және егін егуге де қолайлы екенін Есетбай атамыз көріп, өзінің ойынан шығатын жерді түгел аралайды. Кешкілік жарық көрінген жаққа қарай жүрсе, тігулі тұрған ескі қараүйге келеді. Амандық-саулықтан кейін жөн сұраса бастайды. Ол екі үйдің иелері «Қарақалпақ» ағайындар болып шығады. Сонымен не керек, оларға «ат жемі» деп қанжығаға байлап алған тарысын беріп, «мына тарыны егіп алыңдар, біз келесі жазда келіп қалармыз» деп қош айтысады. Есетбай атамыз сол жердегі бейіттерден 7 адамның басын суы мол, жері шүйгін, жақсы жерді таңдап, су жақсы ағатын арықтың басына жақсылап көмеді. Сол мекеннен Ақтөбеге барып, өзінің Ойыл өңіріндегі «Әлмембет» аталығына тағы да басқа Шөмекей ағайындарын жинап, Сыр бойына бару жөнінде әңгіме жасап, келісіп, ағайындарын Сыр бойына алып келген екен. Келгеннен кейін баяғы өзі белгілеп кеткен жері талас болып, ол жерге Есетбайды қондырмай дау болған, аяғы биге, төрелесуге дейін барыпты. Төрелік айтушы Сыр елінің сол кездегі белгілі биі болса керек. Жер дауын қозғаушы кісіге, бұл арықтың, жердің сіздікі екенін анықтайтын, айғақтайтын қандай дәлел мен белгі бар дегенде, жер даулаушы «мен бұл жерге жеті атанның басын көмгенмін» деп түйенің басын ашып, биге көрсетеді. Сондай сұрақ Есетбай атамызға да қойылады. Сонда Есетбай атамыз «Бұл жерде менің 7 атамның сүйегі жатыр» деп баяғы өзі көміп кеткен адамның бас сүйектерін көрсетеді. Сонда билік айтушы Сыр елінің белгілі биі: «Жайылып жүрген малдың басы қай жерде қалмайды. Ата-баба сүйегі белгіленген өз жұртында қалады. Бұл жер Есетбайдың жері деп», жерді Есетбай атамызға қалдырыпты деп Зәкең әңгімесін аяқтаған еді.
   Қарап тұратын біз бе, Зәкеңе сол кісілердің қасында жүргендей сұрақты жаудыртып жатырмыз. Зәкең саспай, бізге түсіндірумен әлек. Сөз басында Зәкеңнің айтуы бойынша Ақтөбе облысының Ойыл ауданы төңірегінде Әлмембет аталығынан екі-үш үй Сыр бойына көшпей қалғанын, кейіннен олар көбейіп рулы ел болғанын да айтып отыратын. Соғыс жылдарының алдында біздің Дүрман, Доңбай деген аталарымыз Ойыл ауданындағы туыстарына барса керек. Ол уақыттың қиындығын көзге елестетудің өзі ауыр күндер ғой. Соған қарамастан Ақтөбенің Ойылынан бір вагон Қармақшыдағы туыстарына тары келген. «Міне, сол кезеңде ел бір тойынып қалып еді», – деп Зәкең айтып отыратын.
   Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 125 жылдық мерекесін тойлау қарсаңында ауданға бір топ ғалым, ақын-жыршылар – Өтеген Күмісбаев, Темірхан Тебегенов, Ислам Жеменей, Берік Жүсіпов, Ұлжан Жаңбыршиева, Ерхан Кәрібозов және тағы басқа ғалымдар мен өнер зерттеушілері Тұрмағамбеттің шөбересінің үйінде жиналғаны белгілі болып, оған Запа Дәулетбайұлымен бірге мен де болған едім. Сол жерде барлық ғалымның, тағы басқа жиналған қауымның алдында мен Зәкеңнен сөз тарту қажеттілігі туындап, әңгімені қыздыра түстім. Не керек, сол жерде Зәкең әңгімесін бастап кетіп еді. «Ол кезде мен 6 жаста едім» –деп бастады ол әңгімесін. Даңқы Сыр еліне кең тараған Тұрмағамбет біздің үйге келді. Бірақ, Тұрмағамбет біздің үйге күйеу болғандықтан, әдеп сақтады ма, төрге шықпай ортадағы жиналған жүкке арқасын беріп отырды. Сол кезде Тұрмағамбет ақынның Алматыға шақыртылып жатқаны анық. Кескін келбеті баласы Әбдірауыққа ұқсас. Арада көп уақыт өтпей 9 жасқа келгенімде Сыр елінің белгілі ақыны атанған Тұрмағамбеттің түрмеден ауырып келіп, дүние салғанын білемін. «Ол кезде органда істейтін әскери адамдар төбесі шошайған киім киіп жүретін. Оларды көрген ел әзірейліні көргендей зәресі қалмай шошитын. Ел аралап, иісшіл иттей тіміскілейтінінен сескенетінінен өздерінің аяулы туысын, аяулы ақынын ел сыйлаған арысын, терең білімді азаматын, халық мойындаған, бірнеше тілді меңгерген ғұлама ғалымын, өткір сөзді, қырғи тілді, тума талантын ақ жуып, арулап қойып, қоштасуға да мүмкіндігі болмаған ел-халықтың іштей тынғанын несіне жасырайын» – деп Зәкең ақынның ет жақын туыстары Мұсабек, Ысқақ, Сақтаған әкелеріміздің ақын лақатын түнде қазып жерлегенін айтқанда және Тұрмағамбет ақынның өліміне сенбеген жендеттер Тұрекеңнің қолына таңба салды дегенді халық әлі айтатынын Зәкең ғалымдарға өз аузынан тебірене айтып еді. Әрине, бұл деректі қазіргі қауымның бірі білсе, бірі білмес.
   Бала кезден зерек, ешкімнің ала жібін аттамаған, артық сөз айтып көңілін қалдырмаған, әр уақытта өзін мәдениетті, сыпайы ұстай білген, алғырлығымен қатарынан оқ бойы жоғары тұрған ардақты ағамыз, қазір арамызда жоқ болғанымен оның адалдығы, парасаттылығы өмірден өз орнын ойып алғандығы біздің, ағайын-туысының көңілінде, жүрегінде мәңгілік қалып қойғанын айтпасқа болмас. Кейінгі кезде Зәкең көбірек сырқаттанып жүрді. Ауылға барған кезімде мен болатын үйге Зәкеңді кілең алдырып немесе менің ауылға келгенімді есітсе өзі де іздеп келуші еді. Кездесіп, әңгіме-дүкен құрушы едік. Сырқаты жанына батыңқырап, кейін ауданның ауруханасына жатқызып, тексертуді маған тапсырғанды. Сол тапсырмасымен інісі, бас дәрігер Өмірбек ауруханаға алдырып емдеп, бар еңбегін аяған жоқ. Кейіннен Алматыдағы дәрігерлерге көрінуге, тексерілуге кеңес беріп сол жақта тұратын туған інісі Жалғас әдейі келіп, алып кетсе, алдынан үлкен інісі Көшербай жататын ауруханасын анықтап, қасына күтушісін дайындап, емдеткен еді. Алматыдағы қарындастары Рашида, Васила, Көшер, Жалғас, Бағбан, Қызбике мен Гүлзакалар тікесінен-тік тұрып, қызмет жасағанына, ағаларын қалай аман алып қаламыз деп қиналғаны, туған-туысы мен ағайынының, елінің, жырсүйер қауымның ыстық ықыласы бөлек болды.
   Дегенмен, Запа аға дүниеден озды деген хабар қалың елді қатты күңірентіп, жырсүйер қауымды, ақынжанды абзал жандардың қабырғасына қатты батқанын несіне жасырайық. Запа ағасына топырақ салуға ауылдан іні, келіндері, Жайшылық, Бұйратбек, Жаңбырбай, Нұртілеу, Әбдірахман, Тілеу, Арнұр бастаған 40-қа тарта туған-туысы жекжаты ақ жауып арулап, арнайы митингі жасап, онда белгілі ғалым, ақын, қоғам қайраткерлері Камал Ормантаев, Тынышбай Дайрабаев, Жанділда Бердімұратов, Шөмішбай Сариев, Адам Мекебаев, тағы да басқа іні-қарындастары сөйлеп, Алматыдағы Кеңсай зиратының топырағы бұйырған еді. Туған інілері Көшербай, Жалғас, Бағбан өздерінің әке орнына әке болған Зәкеңді соңғы сапарға үлкен құрметпен шығарып салды.
   «Жүз шайырды тербеткен – Алтын бесік» атанған Тұрмағамбет ауылында туып-өскен талантты ақын, сөз зергері, шежіреші атанған, өлең-жырдың ордасында бар саналы ғұмырын өткізіп, алты жасында атақты шайыр Тұрмағамбетті көрген, дидарласқан Запа Дәулетбаев арамызда болса 90 жасқа келер еді. Осыған орай, аудандық мәдениет бөлімі мен ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Запа Дәулетбаевтың жыр мүшәйрасы өткізіліп, оған арнайы жүлделер белгіленді. Кітабы жарық көрді. Жалпы айтқанда ағамыздың әдебиет пен өнерге, мәдениетке қосқан еңбегі өлшеусіз.
Нұртілеу САЛЫҚОВ
25 желтоқсан 2019 ж. 1 006 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031