» » » Бауыржан Момышұлы: «Жеңіске рухтың күштілігімен ғана жетуге болады»

Бауыржан Момышұлы: «Жеңіске рухтың күштілігімен ғана жетуге болады»

Орысша оқып білім алған қазақтар аз емес. Толып жатыр. Бірақ солардың көбі қазақ болып қала алмады. Түрі қазақ. Ділі, тілі бөлек. Мұндайлардың тек имандылары ғана болмаса, көбісі «Мен қазақпын!» деп қасқая тұрып айта алмайды. Айтуға намыстанады.
Бауыржан Момышұлы да әліппені орысша бастаған. Бүкіл қызметі орыс тілінде өтті. Бірақ ол НАҒЬІЗ ҚАЗАҚ болып қалды.
Ол орысша сөйлегенде оның асқан шешендігіне, ой жүйесінің, логикасының жампоздығына, биік білімділігіне ең зиялымын деген орыстардың өзі таң қалып, таңдай қағар еді.
Бірақ ол орысша оқыған басқа көптеген қазақтар сияқты қазақ тілінен безінген жоқ.
Оның орыс достары өте көп еді…
Ол адамның ұлтына емес, ақыл-парасатына, адамгершілігіне қарай бағалайтын.
Ал өз халқын, өз қазағын ағынан жарыла, жанындай жақсы көрді. Оның өткенін, қазіргісін, болашағын ойлап, қайрат қылды, күресті.
«Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады», — дейді Бауыржан Момышұлы. Ол халықтың, ұрпақтың рухы сынбауын армандайды.
«Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген даналық сөз қазақтың рух туралы, жауынгерлік болмыс туралы биік философиясы. Оны басқалардан кездестіре бермейсіңдер» дейді Бауыржан Момышұлы.
Рух туралы осындай озық философиясы бар халық туралы «кейбір шешен сымақтар»: «Біз мал едік, қараңғы едік», — дегенде менің ашу-ызам келеді, — дейді Бауыржан.
Мұны ол сонау соғыс жылдары айтты. Ал өз халқы туралы мұндай
қорлау сөзді дәл қазір айтып жүргендерді қара жер қалай ғана көтеріп жүр десеңізші!
«Октябрь революциясына дейін қазақтың екі-ақ пайызы сауатты еді, қалғандары су қараңғы дегенді» біздің зиялы дегендеріміз, билік басы дегендеріміз күні кешеге дейін өз баяндамаларының өзегі етіп айтып келеді. Әлі күнге дейін айтатындар бар.
Ал Бауыржан Момышұлы сол соғыс жылдарының өзінде: «Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды», — деп айдай әлемге жар салды.
Осыдан кейін Мәскеу, Мәскеудің Қазақстандағы қолшоқпарлары Бауыржан Момышұлын қайдан жақсы көре қойсын. Бүкіл кеңестік идеология, күллі үгіт-насихат бір жақ. Бауыржан Момышұлы бір жақ. Ноқтаға басы сыймаған деген осы болады.
Бауыржан Момышұлы сол кезде айтты:
«Егер біздер казак халқының барлық жақсы дәстүрлерін керегі жоқ деп қуалайтын болсақ, ата-бабаларымыздың кім екенін білмейтін болсақ, мұның өзі пайда бере қояр ма екен?» — дейді.
Өткенді жермен-жексен ету – болашақ ұрпақты мәңгүрттікке алып баратынын Бауыржан Момышұлы бұдан алпыс жылдай бұрын айтып қатаң ескертті.
Қоғам, қоғамның тізгін ұстарлары мұны ескермеді. Енді соның зардабын өлердей бастан кешіріп, тіпті мына тәуелсіз деген заманның өзінде «мемлекеттік тіл» мәселесімен әуре -сарсаңбыз.
1943 жылы 8- наурызда Бауыржан Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа майданнан хат жазды.
Сонда ол мен жауды жайратып жатырмын, мен атақты батырмын демейді. Республика басшысына халық тағдырына араша түсуді аманат қылады.
«Асық, шілік, жасырынбақ ойнау; жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, мергендікке, ширақтыққа, табандылыққа… тәрбиелейді.
Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда кайта салтанат құруға тиіс. Халық даналығының алтын қазынасы біздің жетістігімізге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байытып, істерімізге қолғабыс жасауға тиіс».
Дәл сол кезде, 1943 жылы мына мен үшінші сыныпта оқушы едім. Соғыстың сормаңдай балаларының бірі едім. Асық ойнасақ мұғалім ұрсатын, бригадир: «е, асықта басың қалғыр» деп қуалап жұмысқа салатын.
Ал Бауыржан Момышұлы болса, Үкімет басшысына балаларды шынықтыр, шират, шымыр ет деп отыр.
Ол енді соғыс кезі дедік. Ал дәл қазір ше? Бауыржан Момышұлының осы өсиеті осы күнгі Үкіметке де өте – мөте қатысты.
Есітер құлақ, түсінер жүрек, пайымдар ақыл-ой болса, Бауыржан Момышұлы айтуындай -ақ айтты.
«Көкпар, бәйге, аударыспақ батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтыратын, құмарлықты оятар, есеппен тәуекелге бел байлауға, тіпті өзінің ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық спорттық ойындар…
Біздің шоқынғандар бұл игі дәстүрлерді күні өткен нәрсе деп қарап, жауынгерлік қасиетті тәрбиелеу ісіне қолдануға менсінбей, елемей, тіпті күні бүгінге дейін өткен председательдің үстелінде отырған, мемлекеттік тұрғыда отырған, мемлекеттік тұрғыда ойлай алмайтын адамдар қудалап келді».
Бауыржан Момышұлының ұлт, ұрпақ тағдырына байланысты осы хатына Нұртас Оңдасынов жауап берді ме, бермеді ме — оны біз білмейміз. Бірақ ақиқат айтады: бұл хат тек Оңдасыновқа ғана арналмаған. Мемлекет, Үкімет тізгінін ұстайтын келешек басшыларға да арналған.
«Тәрбие жұмысындағы осындай сорақы жаңсақтықтың салдарынан жастардың кейбір бөлігі адам танымастай әдепсіз, жеңіл ойлы, нашар, ебедейсіз, қопал болып өсіп келеді; тіпті су жүрек, қажырсыз, бас қамын ғана ойлайтындар ұшырасады».
Бауыржан Момышұлы бұл қасіретті жазғалы бері жарты ғасырдан әлдеқашан асып кетті.
Осы дерт асқындамаса, азайған жоқ. Демек Бауыржан өсиеті ел қамын, болашақ қамын ойлаймын десе,ҰЛT НАМЫСЫН қорғаймын десе, адамдарды аздырмай, тоздырмай, асылдандыруға аса зер салғаны керек-ақ қой.
Дәл қазір мал тұқымын асылдандырайық деген сөз жиі айтыла бастады. Ал адам тұқымын, ұлт нәсілін асылдандырайық деп ешкім жақ ашпайды.
Жәрмеңке жарысында 51 пұт кірдің тасын көтерген Балуан Шолақ қайда?!
Күресте әлем чемпионы атанған Қажымұқан қайда?!
«Аузы түкті» дұшпандарын лактайын бақыртқан Иманжүсіп қайда?!
Олар қиялдан жасалған ертегілердің кейіпкерлері емес; олардың көзін көргендер бірен-саран болса да әлі де бар ғой. Осындай асыл сүйек дарабоздарды туғызған қазақ халқы орнында, өз Отанында отыр ғой. Халық асылдарды туғызбауы мүмкін ғой. Тек оларды іздеп тауып, баулу үшін басшыларда иман, ықылас, ыждаһат, намыс болуы керек…
Қызыл диктатура Батыр деген атақты оған көзінің тірісінде қимады. Қимағаны былай тұрсын, оны құдалады:
— Ұлтшыл, — деді.
Ұлтшылдығы — патриоттығы, Отансүйгіштігі, ұлт сүйерлігі.
— Басына ноқта салдырмайды, айтқаныңа көнбейді, айдауыңа жүрмейді, — деді қызыл диктатор.
Бауыржан Момышұлы Өкіметтің өтірікшілдігінен жеріді. Конституцияда бәрі әдемі: одақтас республикалардың бәрі тең праволы, бәрі мамыражай. Ал шындығында барлық республикаларды, барлық ұлттарды жаппай орыстандыру саясаты жүрді, байлықтың бәрін Мәскеу тартып алды. Қазақ емес, қырғыз емес, татар емес, башқұрт емес, «кеңес халқы» деген шықты.
— Бауыржан қоғамнан тысқары тұрған адам, қоғамнан тысқары тек айуан ғана болады, — деп кеңірдектерін соза, қызыл диктаторға жағымпаздана айқайлады.
Бауыржан ондайлар туралы:
— Менің жауларым көп. Жау тауып алуым оңай. Бірақ байыбына барсақ, олар маған жау да емес. Мен олардың өздерімен емес, олардың бойларындағы мерезбен күрестім, — деді. — Мұнымды аз ғана адамдар болмаса, көбісі түсінген жоқ. Әгәраки, рухани көр соқырлар мені жау санаса, мейлі, солай-ақ болсын. Олардың әуеніне төңкеріліп, мен өзімнің ақ жолымнан қайтпақ емеспін. Мен құдайдан жаудың шіріктерін емес, ірілерін тіледім. Бірақ тағдыр маған достардың алыптарын, дұшпандардың бақа-шаянын бұйыртты. Ал нағыз жауларды мен соғыста ғана көрдім.
Міне, Бауыржанның кредосы, ғұмырының мақсат – мұраты, мық шегесі.
Шерхан МҰРТАЗА
24 желтоқсан 2019 ж. 1 483 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031