» » » 9 тілде ән салатын әже

9 тілде ән салатын әже

«Әнші балапан» байқауы өтпек. Мектеп оқитын қызын ән айтады деп жетектеп барған анасы еді. Бауқауға қатысқан бүлдіршіннің тыңдағанда құлақ құрышын қандырар сыңғыр даусы жүрекке жетеді. Әу демейтін қазақ жоқ. Десе де мұны туа бітті талант деп айту дұрыс шығар. Әйтпесе ешбір музыкалық сауаты жоқ қаршадай қыздың сахнаға бүрмелі көйлек пен үкілі тақия киіп шығып, мұндай өнер көрсететінін ешкім күтпеді. Халықтың қошеметінен арқаланып, өзін еркін ұстаған оқушының жанарындағы жарқылды көргендер «Болар бала екен», «Өнері өрге жүзсін» деп бата берген-ді. Қызға тән қылығы бар, ажары да келіскен, ақ маңдайлы ару ән айтқан сайын сұлулана түсетін. Биыл мектеп бітірмек. Алматыдағы қазақ ұлттық консерваториядан өнерлі жастарды оқуға қабылдаймыз деп өкіл келді. Мектепте ән айтып, сахнаға шығып жүрген 2 қыз баланың өнерін өте жақсыға бағалап, түрлі анкеталық құжат толтыртты. Соның бірі – Рыскүл еді. Бірнеше сыннан сүрінбей өткен екеуін мектеп бітірісімен консерваторияға қабылдайтынын айтып, қолдарына қағаз ұстатты. Жолдамамен тамыз айында Алматыға аттануы керек.
Жүрегі алып ұшқан бойжеткен енді үйге жеткенше асық. Тегін оқуға жолдама алып, сол кездегі жастардың арман қаласы Алматыға аттанатынын анасы мен әжесіне айтып қуантпақ. Әжесі мен анасының бұл жаңалықты естігенде «бәрекелді» деп марқаятынынан артық керемет сәт болмайтынына сенді. Әкесі Мәлік Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыстан кейін бірер жыл ұстаздық қызметін жалғастырды да, бақилық болды. Домбырамен ән айтатын. Анасы Күлпаршын қолөнермен айналысып, іс тігетін. Өнер әкеден дарыса керек. Бір үйде өскен ұл мен қыздың бірі шетінеп, бірі өмірден ерте озды. Тек қыздан Рыскүл, ұлдан -------қалды.
Бірақ. Бірақ бұл қуанышын анасының бір-ақ ауыз сөзі су сепкендей басты.
– «Әнші болдым дегенше, мені өлсін десейші».
Жалындап тұрған жасқа бұдан артық қандай ауыр сөз керек.
– Сарайда кетпен тұр. Сонымен жерді қаз да, мені тірілей көме сал. Сосын аяғыңа ешкім тұсау болмайды. Әнші болуыңа түбегейлі қарсымын. Өмірден қу бас боп өтем десең өзің біл, – деп осы тектес түсінікті құлағына қорғасындай құйып тастады.
Рыскүлдің алдында екі жол тұрды. Үйде қалу не оқуға кету. Ананың батасын алмай абырой жоқ.
– Әнші болмасам, мұғалімдікті меңгерейін, – деді жалынышты тілекпен. Мектепте орыс тілі мен шет тілін сүйіп оқыған ол пәндерден ылғи үздік болмаса, 4 тік баға алып көрмеген қыз.
– Жассың әлі, оқу ешқашан кеш болмайды. 20-дан асқан соң да жоғары оқу орнына түсіп үлгересің. Сен оқуға кетсең, інің әскерге аттанса мен қалай жалғыз қаламын?
Жасы небәрі 40-тан асқан Күлпаршын ана қызын қасынан алысқа қимады. Бәлки көзінің ағы мен қарасы көз алдымда жүрсін деген болар. Жалғыздықтан қорықты ма? Кім білсін...
Рыскүлдің өнерге құлшынысын біле тұра, анасына кеңес беріп, «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дейтіндер де табыла қоймады. Тағдыр дерсің. Бұйырмаған болар деп өзін жұбатқаннан басқа айла жоқ.
Қараңғылық па? Әлде қорқыныш. Бірақ сол шақтарда Рыскүл сынды талай лапылдап тұрған қыз-жігіттердің ата-анасы алысқа жібермей, үміті сөніп, ауылда қала берді. Қалаға барса ауылдың аңғал баласын «өлтіріп кетеді, ұрып тастайды, қыз бала бұзылып кетеді» дейтін. Ақылы оқытуға көптің тұрмысы көтермеді. Солай ауыл балаларының көбі еңбекке араласты, бақша екті, мал бақты. Рыскүл мектеп бітірген соң анасы мен інісіне қарайлап үйде отырды.
Бірде атақты композитор Әсет Бейсеуов ауданға келіп, кастинг жүргізіп жатыр дегенді естиді. Өнер десе, өлең десе ішкен асын жерге қоятын Рыскүл анасы жұмысқа кеткенде әлгі кастингке жасырынып барып, қатысып көрді. Бойжеткеннің өнерін тамашалаған композитор: «Ойпырмай, мынадай талантты қыз бұрын қайда жүрген? Қалай бағаламадыңдар? Бұлар нағыз өнер ордасында жүретін бұлбұлдар ғой» деп Рыскүл сынды ән айтатын 10 шақты қызды 1-2 апта дайындап, Алматыға алып кететінін айтады. Рыскүл анасы жұмысқа кетісімен ешкімге білдіртпей дайындыққа барады. Бірде анасы базарға барса көршісі:
– Күлпаштай-ау екеуміздің қызымыз Алматыға кетпек. Әлгі Бейсеуов деген композитор келіп, ән айтатын жастарға дайындық жасауда.
– Ол қандай дайындық? Біздің Рыскүл үйден шықпайды. Сендер де айтады екенсіңдер. Қайдағы Алматы. Ешқайда бармайды, – деп ашуға булыққан ана үйге тез жеткенін де білмей қалды.
Рыскүлдің сол күні анасынан әбден сыбағасын алғаны әлі есінде. Тағы да үміт үзілді. Енді армандаудың өзі бекер шығар.
Бар ермегі пластинканы қосып, ән тыңдау. Баяу айналдырып, әннің сөзін жазып алады. Кейін әнімен қосып шырқайды. Тек қазақ емес, орыс, өзбек, қытай, ағылшын, неміс, француз, испан, итальян тілінде де ән жаттап, айтатын болды. Айтушысы бергі, көрермені айнаның арғы бетіндегі өзі.
– №26 мектепте оқыдық. Сыныпта бәрі өнерлі тұғын. Райхан Жұмаділдаева сыныпқа жетекшілік етті. Сол кісілердің тәрбиесі мен білімін алған біз жеңіл жолға тез түсетіндер қатарында емес едік. Ата-ананың тілін алдық. Балам жаман болсын демейтін шығар. Көз бен сөзден сақтағысы келді ме? Әйтеуір әнші болуымды қаламады. Көп балалы, бақытты отбасы болсын деді ме? Әнші болмасам да менен орыс тілі мен әдебиетінің жақсы мұғалімі шығар еді. Орыс, шет тілдерінен үздік болдым. Қыз жат жұрттық деген. Өмір бойы анамның жанында жүрмейтін едім ғой. Көп ұзамай-ақ өзімнен 5 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шықтым. Анамның туыс ағасы үйге жиі келіп жүретін. Маған назары түссе керек. «Үй үстінен үй тіксе үйден де жылы болады». Жай келмей «қызыңды балама келін етіп алсам келісесің бе» деп сұрап жүреді екен, – дейді.
Қуаңбай ақсақалдың баласы Қанағат пен Рыскүл бір көргенде-ақ бір-біріне ғашық болыпты. Көп ұзамай 18-дегі жап-жас, оқуға да жібермей қызғыштай қорғаған бір үйдің қызғалдағын Қанағат алып қашады. Бірінен соң бірі 7 бала өмірге әкелген Рыскүлдің бар мақсаты отағасының тапқанын үлгерту. Бірде ауылдық кеңестің төрайымы Тиышкүл Дәлиева шақырып, ауылдық клубта концерт өтетінін айтады. Рыскүлді ән айтатынын естіген ол сол концертте өнер көрсет деп қолқа салады. Содан бері ауыл оның өнеріне сүйсініп келеді. 70-ке жеткен әжеміз Жосалы ауылдық округінің тұрғыны. Осындағы кіл өнерлі аналардан құралған «Шуақ» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Жақында ғана аудандық «Аймақтар аламанында» осы ансамбль финалға жолдама алыпты. Қанағат ағамыз 18 жыл бұрын өмірден өткен. Көзге көрінген ұл-қызын әкесі жоқ дегізбей, өзі жеткізіп келеді. Мақсатына жетпеген өкініштен бе қазір ойлаған ісін орындамай тынбайды.
Ән айтуына анасы қарсы болса, кейін жолдасы. Әр сахнаға шығуы кішігірім отбасылық түсініспеушілікке ұласатын. Айтпайын десе ән жетім, айтайын десе...
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
09 желтоқсан 2019 ж. 982 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031