» » » Түркияны таңғалдырған талант

Түркияны таңғалдырған талант

Біз көп жағдайда бала тәрбиесі мен талантының ашылуына мектеп ұжымы, мұғалім жұмыс істеу керек деп ойлаймыз. Бар жауапкершілікті соларға артып қойып әдеттенгенбіз. Бірақ ата-ананың бәрін сондай деуге болмайды. Бала бойындағы жақсы қасиет отбасында қалыптасатынын ескерсек, тәрбиесі мен тәртібі, солардың болашағы үшін барын жұмсайтын ата-аналарға көз сүйсініп, көңіл тояды. №250 мектеп-лицейдің 7 «г» сыныбының оқушысы Дінмұхаммед Хамзаұлы жақында Түркияның Кемер қаласында өткен «Күн астындағы әуен» атты IV халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсына қатысып, І дәрежелі лауреат атанып келді. Шет мемлекетке барып, өнер көрсетуіне Дінмұхаммедтің ата-әжесінің үлесі зор. Байқау өтетінін естігенде қатыссақ деген үмітпен ұсыныс жасап көріпті. Бір қызығы бұған дейін бірлі-жарым аудандық, облыстық көркемсөз оқу сайысына қатысқаны болмаса, көп алдына шығып, үлкен сахнада өнер көрсетпеген ол осы байқауға шақырту түскенде қатты қуанған. Онда әжесі алып барыпты.
– Қазір шет елге барып саяхаттаймын немесе оқимын, білім аламын, бақ сынаймын десең мүмкіндік мол. Оған немеремді байқауға апарғанда көзім жетті. Хореография, музыкалық аспаппен орындау, вокал, жастар театры, көркемсөз оқу, цирк өнері және тағы да басқа номинация бойынша әлемнің оннан аса мемлекетінен талантты жас­тар бақ сынаған байқау шілде айының бірінші жартысында өтті. Атақты, кәсіби мамандар қазылық етті. Топ жармаса да солардың алдына ауылдың атынан шығып өнер көрсету мақтаныш емес пе? Т.Көмекбаев атындағы мектеп деп хабарлағанда жүргізушілердің тілдері бұратылды. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақым қысар» деген. Залда отырып немерем емес өзім қатты қобалжыдым, – дейді әжесі.
– Мен көркем оқу бойынша бақ сынадым. Топта 20-дан аса үміткер болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бір ханның кеудесіне жара шыққан», Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңін оқыдым. Өзіме өзім сенімді болатынмын. Алайда сахнаға шыққанда қатты толқыдым. Көрермен көп. Аяқ-қолым дірілдеп, даусым өзгерді. Өлеңімді ұмытып қалам ба деп қорықтым. Бір нүктеге қарап алдым да, алдымда кітап тұрғандай заулатып айтып шықтым. Қошеметке бөлендім. Байқаудан кейін Түркияның әсем жерлерін саяхаттадық. Барлық қатысушылармен бірге Анталия қаласына бардық. Көп достар таптым. Білімді, өнерлі болсаң Қазақстанның барлық қаласын, тіпті бірнеше шет мемлекетті көзбен көруге мүмкіндік туады екен. Маған осындай кереметті сыйлаған ата-әжеме алғысым шексіз, – дейді ойын еш қы­сыл­май еркін айтып дағдыланған Димаш.
Талантты жасты байқауға аудандық оқушылар үйіндегі үйірме жетекшісі, анасы Майра Зұлпыхарова дайындапты. Халықаралық «SHOW MIR» мәдени орталығының бас директоры Наталья Рядзапова: «Соңғы 5-6 жылда қазақстандық өнерпаздар әлемді таң қалдыруда. Тек қала емес шалғай ауданнан келіп, арнайы қатысқаны үшін Дінмұхаммедтің еңбегін ерекше бағаладық. Үлгілі оқушы тәрбиелеген №250 мектеп-лицейінің директоры Гүлзира Еркебаеваға, дайындаған жетекшісі Майра Нұралханқызына арнайы алғыс білдіремін» деп бағасын беріпті марапаттау сә­тінде.
–Мұны естігенде қуаныштан көзге жас келді, – дейді әжесі Ұрхия.
Дінмұхаммед үйдегі 3 баланың тұңғышы. Көпаса тәрбиесін әкесі қадағалайды. Жаз бойы мешітте өтетін араб тілін үйрену сабағына қатысқан. Інісі екеуі бірнеше Құран аяттарын жатқа біледі. Есте сақтау қабілеті мен жады мықты. Бір-екі мәрте оқыса болды, жаттап алады. Онысын ешқашан ұмытпайды. Ақын-жазушылардың ұзақ жолдан тұратын поэма-дастанын мүдірмей айтып береді. Үйде ұялы телефон қолданбайды. Технологиядан тысқары қалмасын деп сирек ұстатады. Әкесі Хамза жазғы демалыс­та «Отбасы хрестоматиясының» 2 томын сатып әперіпті. Ондағы барлық дүниені жаттап алған.
Жүлдемен оралған жеткіншектің үлкен-кішімен емін-еркін әңгімелесіп, ойын ашық та айқын жеткізуіне қарап, бұл ата-ананың балаға үнемі көңіл бөліп, бейімін байқап отырғанының, дұрыс бағыт бергенінің көрінісі болар дедік.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
10 қыркүйек 2019 ж. 1 807 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031