» » » Қос Сыр сүлейінің Ұлытауға сапары

Қос Сыр сүлейінің Ұлытауға сапары

«Сыр-Алаштың анасы». Ұзын аққан Сырдария өзенінің өн бойын жағалаған елдін арасынан алты Алашқа әйгілі аузымен құс тістейтін небір дүлділ ақын жыраулар мен би-шешендер, ел қорғаны – батыр, көсемдер көп шыққан. Оларды елдің үлкен көнекөз, құйма құлақ қарты да, жас өркен үкілі үміт ұрпағы да, жалпы қараорман жұрты зор мақтаныш тұтады және есімдерін әрдайым жаңғыртып отырады. Рухани жандүниемізді жаңғыртып, ұлы даланың жеті қырын бұрынғыдан да терең тануға ден қойып, мұратымызды іс жүзіне асыруға біркісідей жұмылып, азаттық белсенділікпен көк байрағымызды желбіретіп жатқан тұста ата-бабамыздың сарқылмас ұлағатты қазынасынан ғибрат, өнеге алып отырудың маңызы айрышқа екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Иә, сұлу Сырдың толқынды иірімдеріне терең үңіліп, бір сәт байыпты ой кешсеңіз, ықылым заманның бірде көмескі, бірде бедерлі көне суреттері, тарих тарланның сарғыш тартқан, сарғайып ұмыт бола бастаған көне беттері айқындалып, ашыла түскендей болады. Өмірдің өзі де терең ағысты ұлы өзен секілді сан түрлі құбылыстың куәгері емес пе?! Одан алар тәлім де өнеге, ғибрат көп. Сыр-ананың сырлы да, нұрлы пішімі кез келген саналы кісіні сан ойларға жетелемей қоймайды. Өмір – өзен ғой. Оның құдіреттілігінде шек жоқ екені даусыз.
Сыр бойы – тұнып тұрған тарих, сырлы шежіре. Маған кейде осы өңірдің өнбойы ән салып тұрғандай көрінеді. Елге барсам, әншырқаған әнші, жырау баланы көрсем кекілінен сипап, маңдайынан сүйгім келіп еді. Ата дәстүрдің осылайша жалғасқаны, жанданғаны жақсы үрдіс емес пе?! Әсіресе, жас сәби баланың есі кірген соң нәзік саусағы майысып, өз бетінше бірден қарадомбыраға жармасқанын көрудің өзі – бір ғанибет екен-ау! Әсілі, жыраулық қасиетті өнердің киесі Сыр елінде алабөтен атадан-балаға ғасырлар бойы мирас болып келуінің өзінде бір заңдылықтың бар екенін айқын дәлелдейді. Бұған алыстан мысал іздеудің де қажеті жоқ. Ол – ырысты, күрішті Қызылорданың маңдайына бұрыннан жазылып қойылған бір еншісі іспетті.
«Сыр елі – жыр елі» деген жүрекке ыстық естілетін қанатты сөз – соның тарихи айғағы. Айдай әлем бұл ақиқатқа қанық. Осындайда Қорқыт бабадан бастап дария жағалап келе жатқан сымбатты көштің көрікті, келісті бейнесі көз алдыңда көлбеңдеп тұрып қалады. Бұл – күн астында қыр асып, төңірекке жыр шашып бара жатқан Сыр сүлейлерінің сымбатты, сұлу көші екенді кім-кімді де тамсандырмай қоймайды.
Сыр сүлейлерінің осы салтанатты көшіндегілердің бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеп шығу мүмкін емес. Десе де, көш басындағы Әзілкеш Шымырұлы, Ешнияз Жөнелдікұлы сынды тарлан жыраулар бұйда- сын ұстаған көш легі әр кезеңде Балқы Базар, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Шораяқтың Омары, Тұрымбет, қос Жүсіп, Нартай болып одан әрі молығып, толығып созыла түсері анық.
Бұл шағын мақалада біз атақты Сыр сүлейлерінің көрнекті қос өкілі – Балқы Базар Оңдасұлы мен Бала жырау атағымен Алашқа мәшһүр болған Тұрымбет Салқынбайұлы жайлы кеңірек сөз етуді жөн көрдік. Базар жырау Тұрымбеттен 26 жас үлкен екен. Сондықтан бала жырау Тұрымбеттің жасы үлкен ағасы Балқы Базарды өзіне ұстаз тұтып, сенімді ізбасары әрі шәкірті ретінде өмірдің әрқилы тұстарында бірге сапарлас, сыйлас өнерпаз інісі болғандығын ешкім де жоққа шығармайды. Әрі олар бір жердің топырағында – Сыр бойында туып, бірі-бірімен өмір және өнер жолында тығыз қарым-қатынаста болған. Сондай-ақ, екеуі де бір уақыттары Өзбек елінің Тамды ауданында тұратын ағайындарының арасында жүрген, сонда біраз жыл өмір сүрген кезінде де осы сыйластығын бекем ұстанған өнер иелері болған.
Базар Оңдасұлы 1842 жылы Қазалы уезі (қазіргі Қармақшы ауданы), Көшербай болысының 6-ыншы ауылында, яғни Жаңадарияның жиегіндегі ежелгі Шірік-Рабат қаласында дүниеге келген. 1911 жылы Бұқара облысы, Тамды ауданында Қызылқұмның қойнауындағы Жалпақтау төбесінің етегінде қайтыс болған. Сексенінші жылдары осы жерге жолсапармен барған зерттеушілер басында қазақша сыпасы мен қарайтылған мазары бар екендігін жазады. Ал туыс, ұрпақтары салдырған кіші кесенеде Тұрмағамбет ақынның:
«Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім», – деген өлең жолдары жазылып қойылған. Мұның өзі дарынды тұлғалардың жүрегі де, тілегі де үндес болғанын аңғартады.
Балқы Базардың шәкірті Бала жырау Тұрымбет Салқынбайұлы 1868 жылы Қазалы уезі ( Қармақшы ауданы, Жамансыр болысы, 3-інші ауылда дүниеге келген. Бозарқашта 1946 жылы қайтыс болған. Бейіті бабалар қорымында. Ұрпақтары басын қарайтып, күмбез орнатқан.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлы өз тұстастары арасында шоқтығы биік өнер иесі, ақын, жырау, сазгер әрі айтыс ақыны болған. Халық арасында «Тұрымбеттің гөй-гөйі», «Шырқау дауысы», «Күмісайжан», т.б. әндері кеңінен танымал. Бұған белгілі қызылордалық жыршы, шәкірті Балқашбай Жүсіповтің:
«Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде,
Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін», – деген кестелі сөзі толық дәлел.
Сондай-ақ, атақты Сыр сүлейі, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов өзінің «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» атты толғауында:
«Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.
Данмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғылдан бұлар өтті», – деп оны топжарғандардың алдыңғы қатарында атайды.
Тұрымбет жырау мұрасының бірқатары жинақталып, ертеректе ұжымдық жинаққа («Пернедегі термелер», «Ел аузынан») енген. Оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» ( Алматы-1993, «Газет» баспасы) және «Атандым жас күнімнен бала жырау» Қызылорда-2008, «Полиграфия» баспа үйі) атты жыр, толғау, дастаны топтастырылған қос кітабы 125-140 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрді Ал 2018 жылы 150 жылдық торқалы тойы Сыр өңірінде республикалық деңгейде атап өтіліп, көптеген шарамен бірге «Жүйрігі едім халықтың» атты жаңа кітабы (Алматы, «Адырна» баспасы) оқырмандар қолына тиді.
Енді Балқы Базар мен Тұрымбет жыраудың өзі өмір сүрген тар заманда Сыр бойынан сонау алыстағы қасиетті Ұлытауға атбасын бұрып барғандағы бір сапары туралы әңгімеге ойысайық.
Жырау атаның 125 жылдық мерейтойы 1993 жылдың 6 қарашасында өзінің туған жері Қармақшы ауданының, Чапаев атындағы ұжшары (қазіргі Ақтөбе ауылы) орталығындағы Мәдениет үйіндегі салтанатты жиын Тұрымбет жырау жылында үздік көрсеткіштерге жеткен диқан механизаторларға лайықты сый-құрмет көрсету рәсімінен басталған-ды. Онан соң мерейтойға қатысушылар алдында жыраулық өнерді жалғастырушы жас жыршы, термешілер сайысқа түскен-ді. Түс ауа бәйге десе арқасы қозатын көпшілік ауыл шетіндегі Тойтөбеге жиналып, аламанға қосылған жүйрік аттар жарысын тамашалады. Ауыл тұрғындары сол күні іскер азаматтар мен жырау ұрпақтары жайған ақ дастарқаннан дәм татып, әруаққа Құран бағыштады. Алыстан келген меймандарға сый-сияпат жасалды. Жиналған жұртшылық ауыл мұражайы жәдігерлерімен және Тұрымбет жырау Салқынбайұлы шығармашылығы жөнінде жарық көрген баспасөз материалдарымен танысты. Көнекөз қариялардың естелік әңгімесіне қанықты. Сонда біздің назарымызды облыстық «Сыр бойы» газетінде (30 наурыз, 1993 жылы) жарық көрген республикаға еңбегі сіңген зейнеткер Абай Сәрсенбаевтың «Тұрымбет жырау» атты мақаласының қиындысы аударған еді.
Той қарсаңында аудандық, облыстық және республикалық бірқатар басылымдарда әйгілі жырау Тұрымбет Салқынбайұлы шығармашылығы хақында танымдық мақалалар жарық көрген-ді. Мына мақаланың бір өзгешілігі: мұнда оның авторы Балқы Базар мен Тұрымбет жырауға қатысты бұрын еш жерде айтылмаған бір сырдың ұштығын, яғни, ұстаз бен шәкірттің Ұлытауға бет алып бара жатқан сәтіндегі бір қызық оқиғаны нанымды етіп баяндағаны. Мені осы жай сондай қатты қызықтырды. Соны қайта жаңғыртудың сәті түсіп отыр.
Жалпы, марқұм болған Абай ағаны мен бұрыннан білуші едім. Бірақ, бірге отырып шүйіркелеспегенмін. Кеңес дәуірі кезінде ол облыстық лауазымдық қызметте: дін істері жөніндегі саланың жауапты маманы болып істеді. Қармақшыға соның жұмысымен іссапарға жиі келіп тұратын. Автор жоғарыдағы мақаласында елуінші жылдары Жалағаш ауданындағы бір орта мектепте директор болғанын, өнерге бейімі бар балаларға домбыра үйрету үшін кластан тыс жұмыстарды жүргізуші есебінен бір домбырашыны жұмысқа қабылдағанын жазады. Ол кісі бір жылдың ішінде мектеп оқушылары және мұғалімдері құрамынан домбыра оркестрін құрып, үйірме жұмысын жолға қояды. Жаңа оркестрдің өнері ата-аналарға, мектеп ұжымына, бүкіл жұртшылыққа аса ұнайды. Сөйтіп жақсы жаңалық аудан халқына тез тарайды.
Бірде Абай аға сол елдегі Бекжан деген бір сыйлы ақсақалға арнайы сәлем бере барады. Ол кісі де өнерге аса құмар екендігін байқатып, бұл ұйымдастырған мектептің концертіне шынайы ризашылығын білдіреді. Мақала авторы сондағы әңгімені одан әрі былай өрбітеді.
«...Бекжан ақсақал: «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек. Жастарды өнерге үйретсеңдер, еңбектерің қайтады. Сені көріп, ертеректегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Соны айтайын, – деді әңгімесін одан әрі жалғастырып.
...Ауылымыздың үстінен «Мәскеу-Ташкент» темір жолы салынып жатқан кез. (Бұл шамасы 1903-1905 ж.ж. болуы мүмкін. Автор.) Балқы Базар жанындағы серіктерімен Ақсудағы Қалжан ахунға келіпті дегенді естіп, тойға барғандай киініп, Базар жырауды көру үшін бір топ жігіт бардық. Шынында бір үлкен думан болып жатыр. Ән-күй, жыр, терме орындалуда. Бір кезде Балқы Базар көпшіліктің назарын өзіне аударып: – «Халайық, енді менің жырларымды бала жырауым айтады», – деді. Сол-ақ екен жанында отырған орта бойлы, иықты келген, бидай өңді, шымыр жігіт домбырасын алып, термеге баспасы бар ма! Ол бірде нәзік, бірде қоңыр, енді бірде зор сырлы мақаммен өлең, толғауды төгіп-төгіп жіберді. Сол бала жырау Салқынбай деген Қаратамырдың баласы деп естідік. Балқы Базарды ол Ұлытауға алып бара жатыр екен. «Шіркін, Бала жыраудың зор дауысы, сырлы әні құлақта мәңгі жаңғырып қалыпты!», – деп айрықша сүйсіне айтқаны бар сонда.
Абай Сәрсенбаевтың Балқы Базар мен Тұрымбет жырау Салқынбайұлы өмірінің бір сәттік көрінісін суреттеген осы мақаласында шынайылықтың бар екені даусыз. Аталмыш мақалада сол жолы атақты қос жыраудың Ұлытауға бара жатқаны, жолай біраз ауылдарға аялдап жыр айтқаны көбірек сөз болыпты... Ал Ұлытаудың тап өзіне барып-қайтқаны жайлы көп айтылмайды. Ат арытып, біраз жерден барған соң, Ұлытауға тағзым етпей кетпейтіні сөзсіз ғой. Сол кездегі Ақмешіт пен Ұлытаудың арасына (400-450 шақырым) атпен бес-алты күннің кетуі әбден мүмкін. Жолай Телікөл мен Сарысудың бойында қоныс тепкен ел қаншама?! Жыраулар жай жүрмейді. Жұрт қолқалаған жерде өнер көрсетпеу мүмкін емес. Небір жақсылар мен жайсаңдар арасында мәжіліс құрады. Көнекөз қариялардың айтуынша, халық қамы үшін жаралған нағыз кәтекі жыраулар өз отбасы, ошақ қасыңда көп аялдап отыра алмаған. Олар күн жылы, жер қарада алты-жеті ай бойы ел аралап, бар алтын уақытын халықтың арасында жыр жырлап, өнер көрсетуге арнаған. Сол жолда жүріп тапқан табысын өз еліне оралған соң жетім-жесірге, кедей-жарлыға бөліп беретін еді. Артылғанын отбасының күнкөрісіне жұмсап отырған.
Балқы Базар мен Тұрымбет жыраудың сол бір Ұлытауға барған оң сапары да осындай шапағатты шараның бірі ретінде кезінде көпшілікке мол қуаныш сыйлаған болуы керек. Оған ешбір күмән болмауға тиіс. Өйткені әр күні ат үстінде, түйе қомында өткен жырау бабалардың бар өмірі елдің жоғын жоқтап, мұңын жырлауға, ұлтымыздың рухы мен намысын оятуға арналғаны ақиқат. Қасиетті Ұлытауға барып, рухтанып қайтқанға не жетсін?!
Мақаламыздың соңын осылай түйіп, нүктесін қоюға әбден болатын еді. Бірақ, осы бір оқиғадан туындаған ой, қиялдың әсері болар, қос бабамның әруағы риза болсын деген ниетпен төмендегі жыр шумағын қағазға түсірген едім. Соны да оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

СЫР САЗЫН ҰЛЫТАУҒА ТЫҢДАТАМ ДЕП

Қазақ бұл – жиын-тойы арылмаған,
Даладай кең пейілі тарылмаған.
Екі қазақ кездессе – қарын бөле,
Бір-бірінен бөлініп-жарылмаған.

Қасиетін қайран сол бабалардың,
Даласынан әлі де таба алармын.
Еркін өсіп, еркіндік дәмін татқан,
Жоғалмайды іздері даналардың.

Жыраулық хас өнердің арқасында,
Топ жарған талай жиын алқасында.
Бала жырау ұстазы – Базарменен,
Жол шекті қазақтың кең Арқасына.

Мақсаты – көрші елге өнер шашпақ,
Кеудеде тулап жатыр өлең асқақ.
Сыр сазын Ұлытауға тыңдатам деп,
Базар жырау мұны өзі келген бастап.

Ат шалдырып жолай ел, ауылдарға,
Көзайым болған қандай қауымдарға?!
Балқы Базар, Тұрымбет-Бала жырау,
Жыр бұлағын ағызды дәру жанға.

Сылаңдаған сұлу Сыр бұрымындай,
Жыр арнасы Арқаға бұрылғандай.
Балдай тәтті әуенді уылжыған,
Тыңдамаған мына ел бұрын қалай?

Қонақжай, ашық мінез жарқылдаған,
Халық бұл ақ самалдай аңқылдаған.
Ұлт ұясы – Ұлытау қарсы алды енді,
Қос жырауды қырандай саңқылдаған.

Қос жырау – Сырдың сырбаз серілері,
Қуантып Ұлытаудың төріне енді.
Тағзым етіп, рух алып баба таудан,
Шалқар шабыт көгінен көрінеді.

Балқы Базар, Тұрымбет бабалардың,
Кім түсінген кезінде жан арманын?!
Басқа-басқа, алыстан ат арытып,
Ұлытауға бүгінде бара алған кім?

Қай кезде де қазақтың қамын жеген,
Бар қазақтың баласын жаным деген.
Даланың абыздары – жыраулар ғой,
Ұлт бірлігін сақтаған сабырменен!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

08 қазан 2019 ж. 665 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 147

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930