» » » Астың дәмдісі – қазанжаппай

Астың дәмдісі – қазанжаппай


Шаттығы шаруамен шалқыған Төребай би ауылында жүрміз. Жүйіткіген көліктің ақауы шықты ма шеткі көшенің қақ ортасына екпіндеп барып тоқтай қалды. Терезеден ауыл тірлігіне сүйсініп отырғанбыз. Мамыражай қалыптағы көңіл-күйді қорқыныш басып, қиялға берілген қалпымыздан тез ес жиып алдық. Дереу көліктен түсіп, шопыр жігіт жөндеуге кіріскен соң жиде талдың жиегіне көлеңкелеуге беттедік. Анадайдан ақ жаулық тартқан ақ құбаша апа:
– Қайдан жүрсіңдер қарақтарым? Көшеде тұрғандарың қалай? Иесіз ауыл емеспіз. Келіңдер бері, үйге кіріңдер, – деп шақырды.
Түс ауған шақ. Ертемен осы өңірдегі егіншілер жайымен танысып, қауын-қарбызға қарық болсақ та, шайдың бас қысатыны бар. Үйге келген кісіге дәм татқызбай жібермейтін жомарт пейілді халықтың осы ерекше қасиетін сақтаған аналардан айналдым. Немересін жетектеген апа амандық сұрасып, «демде қайнайды» деп самаурынына шоқ салды. «Қысылмаңдар, өздеріңнің үйлерің ғой» дегесін біз де еркінсіп, қазақы дастарқан басына қатарласып отыра кеттік. Кәмпитті сандықтың түбінен, құртты іліп қойған қалтадан, таба нанды шүберек дастарқанның арасынан алып, қолда барымен дастарханды жайнатып жіберді. Біз де жөнімізді айттық, ол да өзін таныстырды.
Орынтай Нәрібаева арқа сүйер азаматы Әбілда Сымхановпен ертеректе осы ауылға көшіп келген. Бейнетсіз өткен күні бар ма ата-әжелеріміздің. Қазіргідей қызмет таңдайтын хал болған жоқ оларда. Өмірге әкелген 7 баланы тұмсықтыға шоқытпай өсіремін, оқытамын деп талпынды. Әбілда әкеміз өмірден өтсе де, орнында бар оңалар демекші Орынтай апа әкенің жоғын білдірмей, ұл-қызына қамқор болған. 5 қызды құтты орнына қондырып, қызығына кенелген. Келіні Гүлзираға бар білгенін үйретіп әлек. Кенже ұлы тезірек келіншек әкелсе деген арманы бар.
– Бау мен ши тоқу, киіз үйдің жабдығын дайындау, жүн түтіп, киіз басу, құрақ құрап, көрпе көктеу бізден қалған шаруалар, – дейді ана. Қандай асты болсын дәмді дайындайтын шеберлігі таңқалдырады. Ауылға келген қонақтар асылған етке қарамай апаның қазанжаппайын ғана сұратып, жейтін көрінеді. Ас пен тойда 17-20 қазанға дейін нан жауып, жеңсік асқа көпті ынтық қылады.
– Нан жабуды кәсіпке айналдырған емеспін. Бірақ қалаға баламның қолына кетсем арнайылап «қазанжаппай керек» деп жиі шақыртады. Соған қарағанда бар ынта ықыласыммен дайындаған асым дәмді болар, – дейді ол.
Әу демейтін қазақ жоқ. Он саусағынан өнер тамған апа «Әжелер ансамблінде» ән салып, талай сахнаға шығып, қошеметке бөленген. Емен-жарқын әңгіме өрбітіп, бұрыннан танитындай дидарласып отырғанда біршама уақыт өтіпті.
– Қамырым ашып тұр, қазанжаппай дайындасам күтесіңдер ме деді, – күлімсіреп. Шіркін, дәмін татпағалы қанша жыл. Мұндай мүмкіндік жиі туа қоймас. Күткенде қандай? Қасына ілесіп, бірге дайындауға кірістік. Апаның қазан-ошағы сайлаулы. Шөпшек пен тезек толы пешті тұтатып жібергенде от лаулай жөнелді. Тек нан жабуға арналған қазанға тұзды су сеуіп, шоқтың табына айналдырып қыздырып отырды. Әбден қызғанда қамырды шетінен алып табаға жапсырды. Майлы қазанға қамыр жабыспайды. Сондықтан анасы Күлшәріден қалған қазанды тек қазанжаппай жабуға пайдаланады. Нанның қамыры кәдімгі таба нандыкіндей. Тек жиі қайтарып, иін жақсылап қандыру керек. Оттың қызуы қатты болса күйіп кетуі мүмкін. Толық қазанға қамырды жабыстырған соң бірер уақыт табына төңкеріп қойды. Піскен нанды кесіп, бетіне бір кесе қаймақ құйды да қазанымен орап тастады. Бір қазан нанға 1 келі сары май салып алдымызға әкелгенде иісі бұрқырап, ауызға салғанда еріп кете берді. Апаның сол қазанжаппайының дәмі таңдайдан әлі кетер емес. Қолыңызға дерт бермесін. Ауылға жол түссе, әуелі сіздің үйге бет бұратын тәріздіміз ел мақтаған, салт сақтаған Орынтай апа.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

25 қыркүйек 2019 ж. 2 639 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 004

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031