» » Ата кәсіпті жалғаған ұл

Ата кәсіпті жалғаған ұл

Ыбырай Алтынсаринның “Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» деген әңгімесін ұмытпаған боларсыз? Далада келе жатып атасы он жасар немересінен не сұрайтыны есіңізде ме?
– Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр? Құмырсқа ше? Жоғары қара, аспанда не көрінеді? – деп сұрақтың астына алушы еді ғой. Атасы баласына осылайша кішкентай жәндіктен де үлгі алуға болатынын көрсететін.
– Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағасына тамақ аулап, бір нанның уалшығын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, үйіне қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жинауда. Қарашы, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де құдай босқа жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек, – деп еңбектенуге баулитын.
Бесаспап базарының алдында қауын мен қарбыз тиелген көлік көп. Мұнда кент тұрғындарын көкөніспен арғысы Алдашбай ахун мен бергісі Төребай би ауылының шаруалары қарық қылуда. Алатын көкөністің қайдан келгенін сұрайтын әдетіміз ғой. Фототілші жұмысына басып, нысанасындағы тау-тау үйілген тәттіні олай бір, бұлай бір түсіреді. Мен тәптіштеп сұрағаннан газетке жазатынымды білгендей сатушы апаның бірі шетке қарай орналасқан жас жігітті нұсқады.
– Нағыз газетке жазатын жігіт сол, – деп екпінмен сөйледі тағы бір қауын сатып отырған келіншек. Қауын тиелген көліктің ортасында отырған қара торы жігіт бізді көре сала секіріп түсіп, сәлем берді.
– Қауын алыңыз. Дәмі тамаша. Күмәніңіз болса шақпақ сала­йын, – деп тұтынушыға тауарын өткізуге кіріскен. Бұл Төребай би ауылының тумасы Абзал Жақсылықов. Онымен аз-кем әңгімелестік. Жас кәсіпкермен тілдессең әлгі Ы.Алтынсариннің жазбасы еріксіз ойға оралады. Жосалылық Жақсылық Жалғасбаевты білмейтіндер аз. Сексеннен асса да қолынан кетпенін тастамаған қарияның балалары ғана емес, немерелерін де өзі сүйген кәсіпке баулыған. Еңбегімен еленген ақсақалдың Абзал сүйікті немересі. Еті тірі жігіттің қай шаруаға да ептілігі мен пысықтығын бірден аңғаруға болады. Көзін тырнап ашқаннан бейнетті көрген бала олжа оңай келмейтінін біледі.
Ол мектеп бітіргеннен бері «Шабан ата» шаруа қожалығында еңбек етеді. Биыл 20 гектар жерге еккен көкөніс пен картопты жаздай күтіп баптаған. 25 жастағы жас тамыз айының алғашқы күнінен бастап қазірге дейін 25 көлік қауын-қарбыз сатыпты. Дәмі тіл үйірер әміресі 200-400 теңге аралығында, ал қарбыздың келісін 40 теңгеден саудалауда.
– Қазан айына дейін халықты қауын-қарбыз, асқабақ пен картоппен қамтамасыз етеміз. Тұқымды себу, егіс алқабын баптау, тыңайтқышты дер кезінде беру, құрт түскен кездегі күтім – осының бәрін атам аптап ыстық болса да күн-түн демей өзі бақылайды. Шаруа қожалығын басқару оңай емес, аудан жастары жұмыс барысын, жерді қалай кәсіпке айналдырып, егінмен айналысуға болатынын жиі сұрап келеді. Шаруамен айналысамын деген адамға беріліп жатқан мүмкіндік көп. Егін егу әр қазақтың қолынан келеді, – дейді жас егінші.
Қалауын тапқан адамға қара жердің берер ырысы мол. Жас та болса, бас болып жүрген Абзалдың дөңгеленткен кәсібін көргеннен кейін түйген ой болды бұл. Ата, әке жолын жалғаған жігіттің еңбекқорлығына тәнтіміз. Егінді алқапты кәсіптің көзі етіп, күнкөріске ғана емес шұрайлы шаруашылық еткен Жалғасбаевтардың қызметіне халық разы.
Жастар жылында жігерін салып жұмыс істеп жүрген Абзал сынды жас кәсіпкердің еңбегін насихаттау қаламға қан жүгіртті. «Әй, бәрекелді» деуге тұрарлық азаматтың ауылға аларынан берері көп.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
09 қыркүйек 2019 ж. 1 568 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031