Қызым болсаң – қырымда құралайсың
Қыз − өмірдің гүлі. Қазақ халқы сол гүлін қашан да кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген. Нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіре білген. Болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп, оның тәрбиесіне баса мән берген. Қазір ше?
Қазір әлеуметтік желіде көп талқыланатын мәселенің бірі – қыз тәрбиесі. Желідегі жарқыраған суреттер талай «көздің» куәсі болды. Болып та келеді. Киім киісінен бастап, сөйлеуі, тамақ дайындауы, тіпті атқарып жүрген қызметі де талқыға түсіп жатады. Өйткені қыз тәрбиесіне немқұрайлы қарай алмайтын қасиет қазақтың қанына сіңген. Ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен бойжеткен қай ортада болсын ерекше болмысымен көзге түседі. Оның бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты дараланып тұруы тиіс. Сол үшін қазекем қызын қырық үйден тыя білген. Қызды «жат жұрттық» деп қадірлеп, төрінен түсірмеген. «Басқа үйдің отын жағып, түтінін түзу ұшыратын боласың, барған жеріңде анасы үйретпепті демесін» деп анасы қызына бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіруге тырысады. Оны ас әзірлеу, шай құю, тоқыма тоқу, ою-өрнек, төсек жинау секілді үй шаруасына үйретеді. Еңбексүйгіш, өнерлі әрі көрікті болып өсуіне ерекше көңіл бөледі.
«Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы». Иә, қазақта қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. «Қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ жырларында «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп әсем суреттеген. Қайсарлық пен өжеттілік – қазақ қызының қанында бар. Тарихта қазақ пен қырғызда ғана «аттан» десе, әйелдер атқа қонған. Жаугершілік заманда еркекті жерге қарату үшін әйелін алып қашу жеткілікті болған деседі. Себебі сол елдің еркегін басынғанмен пара-пар болған. Ал қыз алып қашу салты тек келісім арқылы жүзеге асқан. Қызды алып қашатынынан жеңгесі мен анасы хабардар болған. Өйткені олар отағасына, ағайын-туысқа басу айтады. Бірін-бірі көрмеген, танымайтын екі жас рұқсатсыз, келісімсіз отау құрмаған. Ал қазір ше? Қазір бұл салт дейді де алды-артына қарамай танымайтын қызды босағасына келін қылып түсіреді. Оның арты не болмақ? Әрине, бақытты отбасын құрудағы кедергінің бірі – осындай теріс түсінік.
Әрбір қыз бала ес біліп, етек жия бастағанынан алда үлкен оқиғаның боларына дайындалып, қобалжиды. Кейде қуанады. Себебі, қыз гүлінің енді бүршік атар шағында – құлақ тесу дәстүрін өткізеді. Оның мәні неде? Құлақ тесу дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Бойжеткеннің немесе балиғат жасқа толған қыздың құлағын тесу үшін анасы, жеңгелері мен апалары жиналады. Тұлымшағы желбіреген ойын баласының құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы өзгереді. «Сен енді сырғалы қыз болдың, бойжеттің» деп құлағына сіңіре береді. Мұнан соң ол қолына қуыршақтың орнына кесте алады. Күнделікті өмірде болып жатқан күйбең тірлікті көре бастайды. Апа-жеңгелеріне көмектесіп, өзі де оған еліктейді. Құлақ тесу тек сәндік үшін ғана емес, бұл да – тәрбие. Қыз баланы ісмерлікке, шеберлікке үйретудің бастамасы. Қыздың құлағын тесу – ата-анаға парыз болып саналады. Бүрмелі көйлекті қыздың құлағын тескен соң кигізетін болған. Осыдан соң ол өзін ересек сезінеді. Өміріне қажетті тірліктің барлығын үйренуге тырысады.
Қызын «үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» деп ерекше құрметтеп, ардақтаудың арқасында, қазақ халқында ақыл-парасатымен ел билеп, ру-тайпа басқарған көсем, шешен, би, ел-жұрты атын қадір тұтқан қасиетті аналарымыз көп болған. Мәселен, Айша бибі, Бабажан әже, Домалақ ана, Қызай ана, Абақ, Мұрын аналар... Қазақ халқының тәрбиесі қыздарды арлы, өнерлі де іскер болуға ар-абыройын таза ұстауға баулиды. Ерін қадірлеуге, құрметтеуге, отбасының ұйтқысы, перзенттерінің тәрбиешісі, ұстазы болып адамдық арына дақ түсірмейтін өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюге бағыттаған.
Түйін
Қыз тәрбиесінің түзу болуына отбасындағы жандар ықпал еткен. Абыройлы, қадірлі әке – қыз тәрбиесінің іргетасы. Ал әке сыйлаған қыз күйеуін сыйлауға қабілетті. Анасын қадірлеген адам – ана атаулыны құрметтейді. Ал сіз құралайыңызды қалай тәрбиелеп жүрсіз?
Айнұр ӘЛИ