ТҰЛПАРЛАР ҚАТЫСҚАН ЖЫР АЛАМАНЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудандық мәдениет үйінде ақын, ұстаз, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Мұхамбетқали Шыңғысовтың 90 жылдығына байланысты «Сырымды жеткіз жырларым...» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Оны аудан әкімінің қолдауымен К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі ұйымдастырды.
Жыр додасын аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев ашып, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды. Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, аудандық мәслихаттың депутаты, ақын Алтай Үсенұлы ұстаз жайында естелік айтты.
Сайыста бақ сынаған 12 үміткер шартқа сай, екі өлеңнен оқыды. Оның бірі – М.Шыңғысовқа арнау, екіншісі – ақынның өзі қолтаңба қалдырған сатира жанры. Жыр бәйгеге «Жүректан тамған тамшылар» кітабының авторы, ақын Дастан Мырзабеков, ақынның қызы Жания Шыңғысова, Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы, дәулескер ақын Айдос Рахметов қазылық етті. Мүшайра қорытындысымен қызылордалық Ғабит Кәдірбай бас жүлдені қанжығасына байласа, қазалылық Ақжол Түменбай І орынды жеңіп алды. Ал, қармақшылық ақындар Орынкүл Тынымбаеваға ІІ орын, Тұрар Бекмұрзаевқа жүлделі ІІІ орын бұйырды. Сонымен бірге, жерлестеріміз Жарқынбек Тұрымбетов, Берік Аққалиев, Орынбек Құндыбеков, Еркебұлан Серіков, қызылордалық Ұлықбек Тәңірбергенов, жалағаштық Нарбота Серәлі, шиелілік Бекжан Ержігіт, төретамдық Жұлдыз Тілеуова аудан әкімінің алғыс хаты мен қаржылай сыйлығына ие болды.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА