» » » ӘЖЕЛЕР ӨРІСТЕТКЕН ӨНЕР

ӘЖЕЛЕР ӨРІСТЕТКЕН ӨНЕР


1926 жыл. Кеңестік билік «бұл мерекенің астары бар» деп сескеніп, оны тойлауға тыйым салды.  Тек арада 70 жыл өткен соң, яки 1988 жылы ұлттық рухты көтерген, жаңа тарихтағы тек қазақтардың ғана емес, азды-көпті барлық этникалық азшылықтың басын қосу миссиясы орындалды. Иә, бұл ұлттың басын біріктірген – Наурыз мерекесі. Тура осы тұста ауданда ұстаздардан құралған «Әжелер ансамблі» құрылған еді.


Біршама уақыт қудалауды көрген ұлттық мереке – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, құлақтан кете бастаған ән мен күйді қайта жаңғыртуды көздеді. Қазақ елінің құндылығын дәріптеу мақсатында құрылған ансамбль – тұсау кесер, бесікке салар, шілдехана, келін түсіру, қыз ұзату, жар-жар айту секілді дәстүрді халық санасына сіңіре білді. Әнмен жеткізді. Сол жылдары Қызылорда қаласында «Ән салайық, анашым» атты конкурс болады. Бұған әжелер бір жарым сағаттық концерт әзірлеп, жоғары деңгейде өткізеді. Ол кезде құрамда 19 адам болған. Уақыт өте көшкені мен қайтқаны болған соң, әжелер қатары азайып 10 кісі ғана қалған екен. Ешкімнің көмегінсіз тек алға ұмтылып, өз өнерін қалың жұртқа паш еткен әжелердің жеткен жетістігі де аз емес. 1996 жылы алғаш рет облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Райкүл Байназарованың ұйымдастыруымен ұстаздар арасында «Нау­рыз шапағаты» атты фестиваль өтеді. Фестивальға ат басын тіреген әжелер лауреат атанып қайтады. Сонан соң, әр екі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл фестивальға соңына дейін қатысады. Сондай-ақ, әжелер кеудесіне 20 жылдық мерекелік төсбелгі тағылды. Мұғалімдердің ІІ Республикалық семинары облыста, оның ішінде ауданда өтеді. Сол кездегі білім министрі Бердібек Сапарбаевтың бастауымен республика көлеміндегі білікті ұстаздар, директорлар қатысады. Осыған орай әжелер бір жарым сағаттық концерт қояды. Өнеріне тәнті болған министр ризашылығының белгісі ретінде бір айлық көлемінде ақшалай сыйақы жасап, «әжелер жаяу жүрмесін» деп автобус тарту етеді. 2000 жылдың сәуірінде Венгриядан бір топ зерттеушілер арнайы Жосалыға келіп, ат басын тіреді. Мақсаты – «Әжелер ансамблінің» бағдарламасындағы қа­зақтың ұлттық әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ақ қағазға түртіп алу еді. Әжелердің түрлі бағыттағы әндерін таспаға жазып, сол Венгрияда таспа түрінде баршаға таныстырған. Бұл жайында, шетелге мәлім болған әжелерді «Егемен Қазақстан» газеті үлкен мақала қылып шығарады.  Ансамбль жыл сайын дәстүрлі өткен облыстық «Қарттардың өнерге бар таласы» атты байқауда бас жүлдені жеңіп алады. Және бір рет емес, бірнеше рет.
«Қорқыт Ұлы дала сазы» фес­тива­лінде дәстүрлі халық әндері орындалып, ұлттық музыкалық аспаптар үнімен көне ғасырлар тұңғиығынан тұнық әуендер әуелеген болатын. Мұнда сырттан келген қонақтарды күтіп алған әжелердің әсем әні өзгелерді таңдай қақтырады.

Әжелер қатысқан байқаулар мен атаулы мерекелерде көрсеткен өнерін тізбектей берсек көп-ақ. Бірақ барлығы түсіміздегідей жеңіл емес, сахнада көрген әсем қойылымның артында не жатқанын да біле бермейміз. Мақсатқа жету үшін – қажырлы еңбек қажет. Ал еңбек жолында қиыншылықтың кездеспей қоймайтыны да жасырын емес.
 
– Ол кезде көбіміз мектепте жұмыс іся­тейміз. Әсіресе №26 мектептен 11-12 мұғалім болдық. Облыста сабан той өтетін болды. Соған біз қатысуымыз керек. Ал барлығын бірдей сабақтан босата алмаған директор уақыт таяғанда әрең жіберді.  Жолға түнде шыққан соң адасып кеттік. Арай мөлтек ауданына барып қонасыңдар деген ғой. Бірақ әрі айналып, бері айналып ақыры адастық. Күн суық. Автобус ішінде біріміздің киімімізді біріміз жастанып, жамылып таңды да атырдық. Күн бозарып атқанда шопыр мәшинені оталдырып, қала ішіндегі бір үйге алып келді. Мұнда да 1-2 сағаттай көз шырымын алып, ештеңе болмағандай сабан тойға барып, өнер көрсеттік. Ол кезде ашулану, ұрысу деген болған емес. Бұл – біздің ауызбіршілігіміздің, бауырмашылығымыздың нышаны болса керек, – дейді «Әжелер ансамблінің» мүшесі Талмаш Жұмабаева өткеннің қызығын еске алып.

Облыс бойынша ең алғаш құрылған әже­лердің ансамбліне қарап өзге аудандарда да құрыла бастады. Алайда, ансамбль деп аталғанымен жеке-жеке ән айтады. Біздегі әжелердей белгілі бір жүйе болмады. Ал, бұл уақытта «Әжелер ансамблі» топ болып «кел сақина, кел» деп сақина салып, киіз басу биін билейді. Киізді шабақтау, сабау, қағуды көрсетіп, қазақ қолөнерін де дәріптейді. Көбі біле бермейтін «бәдікті» де кеңінен насихаттайды.

– Бүгінгі буын Елбасының «Рухани жаң­ғыруы­мен» өткенін қайта саралап жатса, «Әжелер ансамблі» сол заматтарда рухани жаңғырды. 70 жылдық құрсаудан шыққан жұрт­­шылықты рухани жаңғыртты. Әлі де жаң­ғыр­тып келеді. Біздегі нысан да – осы болатын, – дейді «Әжелер ансамблінің» жетекшісі Үрліхан Қожахметова.

Міне, бір-бір үйдің шаңырақ шежіресін шертіп, ағайын-туыстың татулығын сақтауға, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы болып, жас келіндерді тәрбиелейтін ене институтын құрған, немере-шөберелерін алдына алып, ауыз әдебиетінің ертегі-жырын айтып жүрген әжелер мектебінің асылдары бүгінде ауданның «Әжелер ансамблінде» белсенді мүше болып, өнері арқылы ұлттық құндылығымызды халық­қа паш етіп келеді.


Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
11 желтоқсан 2018 ж. 1 597 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031