» » » ТӨЛ ӨНЕРДІ ТӨРГЕ ОЗДЫРҒАН «АҚМЕШІТ»

ТӨЛ ӨНЕРДІ ТӨРГЕ ОЗДЫРҒАН «АҚМЕШІТ»

Ашылғанына жарты ғасырға жуықтаған облыстық филармонияда 7 шығармашылық ұжым жұмыс жасап келеді. Солардың арасындағы шоқтығы биігі «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі десек, шындықтан шалғай кетпейміз.  Туған халқымыздың төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында 2009 жылы құрылған бұл фольклорлық ансамбль бүгінде төрт құрлыққа болмаса да, түркі әлеміне танымал өнер ұжымдарының біріне айналды.
«Ақмешіт» қазақ композиторларының күйлері мен жаңаша өңделген халық әндерін орындау арқылы көрермен назарын  ә дегеннен-ақ өзіне аударған еді. Қазір оның қоржынында 100-ден астам шығарма бар.
Төл туындыларымыз – күй күмбезі болған Қазанғап, Құрманғазы, Әлшекей, Дәулеткерей, Ықылас туындыларымен қатар шетелдік композиторлардың классикалық  шы­ғармаларын да шебер орындайды. Сондай-ақ, Сыр өңіріне тән үш жыраулық мектептің ізін жалғастырушы жыраулармен де, вокалдық орындаушылармен де репертуарлық жоспарлар жасасып, концерттерге алып шығып жүр.
Ансамбль 2011 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Ғасырлар сазы» дәстүрлі музыкалық фестивалінде дипломант атанса, сол жылы Қызылордада өткен Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясындағы бағдарламаларда өнер көрсетіп, Халықаралық «Түрксой» бірлестігі мен облыс әкімінің арнайы сертификатына ие болды.
 Елбасының Сыр еліне келген іссапарында облысымыздың өнер биігін паш етіп, жоғары деңгейдегі кәсібиліктерін көрсеткені үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Астана, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларында гастрольдік сапарда болып, Сыр елінің төл өнерді төрге оздырған таланттарын танытты. 
2014-2015  жылдары  наурыз айында Түркияда өткен түркітілдес  елдердің  Наурыз мерекесін тойлауға арналған фес­ти­валінде өнер көрсетіп, «Түрксой» халық­аралық ұйымының арнайы дипломымен марапатталды.
Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында  достық пен ынты­мақтастықты нығайту мақсатында «Достық әуені» атты концертпен гастрольдік сапарда болып қайтты.
«ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандан­дырылған көрмесі аясындағы Қызылорда облысының мәдениет күндерінде «Жауһар мұра» атты концерт беріп, қошемет пен абырой иеленді.
2018 жылы сәуір айында Лондонда тойланған Наурыз мерекесінің құрметіне концерт беріп, қазақ фольклорының бе­делін тағы бір биікке көтерді. Осы шырайлы шараға Қазақстанның Ұлыбританиядағы және Солтүстік Ирландия құрама король­дігінің төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов қатысып, мерекемен құттықтап, өнерпаздарға ризашылық танытты.
Сондай-ақ, ансамбль Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай тамыздың соңғы аптасында елорда тұрғындарына «Астана – төрім, ордалы елім» атты концерттік бағдарламасын тартулады.
Бүгінде ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық  мақаласын  негізге ала отырып, облыс көлемінде концерттер беру мақсатында гастрольдік сапарларын жүзеге асыруда.
Ансамбльге халықаралық және рес­публикалық байқаулардың лауреаты, баяншы Нұрбай Нұрғиса жетекшілік етіп келе жатыр.
Сыр елін шетелдік қонақтарға таныс­тырар болсақ, алдынан «Ақмешітті» алып шығатынымыз тегін бе? Өйткені, ол – өн бойына ұлтымыздың сазын ғана емес, салт-дәстүрін де сыйдырған өнер ұжымы. Оның болашағы зор, ол – Мәңгілік елдің үні болып қала беретін қазақтығымыз.
Д.Беркінбаев.
syrboyi.kz

08 қыркүйек 2018 ж. 1 517 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031