Конституция
» » » АТАДАН ЖЕТКЕН АСЫЛ МҰРА

АТАДАН ЖЕТКЕН АСЫЛ МҰРА

Домбыра – қазақ халқының рухани әлемін, төл тарихы мен мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті мұра. Қос ішектен төгілген қоңыр күйде халқымыздың тағдыры, арман-мұраты, елдігі мен ерлігі, салт-дәстүрі мен дүниетанымы жатыр. Ұлттық өнерді ұлықтап, ата-баба аманатына құрмет көрсету мақсатында ауданымызда – Ұлттық домбыра күніне арналған тағылымды мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік апталықтың шымылдығы 1 шілде күні Жосалы кентінің орталық алаңында өткен ашық аспан астындағы әдеби-сазды кешпен түрілді. Онда аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның қазақтың жанымен егіз екенін атап өтті.
– Сыр елі – жыраулық өнердің киелі ордасы. Рухани өміріміздің темірқазығы саналған жыраулар дәстүрі осы киелі мекенде үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетті. Осындай рухани қазынаға бай елдің бірі – қасиетті Қармақшы ауданы. Тарихы терең Қармақшы топырағы – талай жыраулар мен шайырлардың, өнер мен сөз майталмандарының алтын бесігі. «Жүз жырауын жүзіктеген, жүз шайырдың мекені» атанған өлкемізден Қорқыт ата сынды ұлы ойшылдың ізі қалған. Бұл өңірден шыққан жыршылар мен күйшілердің мұрасы – ұлттық өнеріміздің алтын арқауы. Домбыраның қоңыр үні ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына рухани тәрбие сіңіре бермек. Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын! – деді аудан әкімінің орынбасары.

Кеш барысында домбыраның сан ғасырлық тарихы, қазақтың ұлы күйшілерінің шығармашылық мұрасы және ұлттық болмысты сақтаудағы күй өнерінің орны кеңінен насихатталды. Күмбірлеген күй мен тағылымды әңгіме көрерменге ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Іс-шаралар аясында жастардың белсенді қатысуымен әлеуметтік желілерде арнайы челлендждер ұйымдастырылды. Жас өнерпаздар, блогерлер, спортшылар мен қоғам белсенділері халық күйлері мен дәстүрлі шығармаларды орындап, төл өнерді кеңінен дәріптеуге өз үлестерін қосты. Бұл бастама жастардың домбыра өнеріне қызығушылығын арттырып, мәдени мұраны заманауи форматта насихаттауға жол ашты.
Қорқыт ата ескерткіш кешенінде қасиетті мекеннің рухымен үндескен күй кеші өтіп, ұлттық өнердің тағылымы тағы бір паш етілді. «Руханият орталығында» өткен көрме мен танымдық презентация барысында келушілер домбыра өнерінің қалыптасу тарихы, даму кезеңдері және оның қазақ мәдениетіндегі айрықша орны туралы тың мәліметтермен танысты.
Аудан кітапханаларында «Домбыра – көнеден қалған асыл мұра», «Домбыра – ұлт рухының символы» тақырыптарында әдеби-сазды кештер мен өнер сағаттары өткізіліп, оқырмандарға күй өнерінің тарихы мен тәрбиелік мәні кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар белгілі күйшілер мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен арнайы бейнесюжеттер мен сұхбаттар әзірленіп, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және LED экрандарда жарияланды. Аудан көшелерінде мерекелік бильбордтар орнатылып, қоғамдық көліктерде орындалған күйлер бейнетүсірілім арқылы көпшілікке ұсынылды. Сауда орындарында жасақталған «Домбыра бұрыштары» тұрғындарды ұлттық аспаптың тарихымен және ерекшеліктерімен таныстырды.
Ұлттық домбыра күніне арналған апталықтың шарықтау шегі 5 шілде күні орталық алаңда өтетін «Күмбірле, күміс домбыра!» атты мерекелік концертпен түйінделмек. Дәстүрлі өнердің үздік туындылары дәріптелетін концерт халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттап, тұрғындарды ұлттық құндылықтар төңірегіне топтастыратын айтулы мерекеге айналмақ.
Бауыржан ЖҮНІС
04 шілде 2026 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 401
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

21 маусым 2026 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 916

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031