«ЖЫРЫМНАН МЕНІ ТАНЫРСЫҢ»
Киелі Қармақшы топырағы – жыр мен тарихы үндескен, ақындар мен жыраулардың ізі қалған қасиетті мекен. «Туған жердің топырағы да киелі» екенін ескерсек, осындай рухани құндылықтарды дәріптеп, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтау – басты парыз.
Осы орайда бүгін Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық Жыраулар үйінде Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы», жергілікті ақын Тұрмахан Омаровтың шығармашылығына арналған «Жырымнан мені танырсың» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Жастарға рухани тәрбие беру мақсатында өткізілген тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып:
-«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтінін» ескерсек атамыздың есімі де, еңбегі де ел жадында мәңгі сақталады,- деп ақын мұрасын ұлықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Кеш барысында аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, «Ұлт бірлігі Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі Дастан Нәзікбаев және ақынның жары Күлшат Махмудованың қатысуымен «Толқын өмір» атты кітабының тұсаукесер рәсімі де өтті.
Сонымен қатар ақынның жары Күлшат Махмудова сөз сөйлеп, Тұрмахан Омаровтың өмір жолы және оның ел ішінде танылған емшілік қасиеті туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Игі шарада жыр арнаған жергілікті ақындар мен ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыған белсенді мектеп оқушыларына аудан әкімінің атынан «Алғыс хат» табысталып, құрмет көрсетілді.
Айта кетсек, Тұрмахан Омаров – 2001 жылы «ҚР Құрметті байланысшысы», 2009 жылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Ең үздік қызметкері», «Ерекше тұлға» номинацияларымен марапатталған. 2014 жылы «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен, 2015 жылы ҚР халық және рухани емшілері мекемесінің наградасын иеленіп, ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталған.
Сондай-ақ «Жырымнан мені танырсың», «Таразы тағдыр», «Толқын өмір» кітаптарының авторы.
Қасиетті Қармақшы ақын-жырауларын ұлықтайды, ұмытпайды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















