Әжелер салған ән қандай...
Әже дегенде көз алдымызға ақ жаулығын тағынып, бүкіл әлемге мейіріммен қарайтын жан елестейді. Олар бір әулеттің тірегі ғана емес, күллі ұлттың ұйытқысындай көрінетіні тағы бар. Расымен, әженің аялы алақаны, айтқан ақылы, жүріп өткен жолы барлығы келешек ұрпақ үшін үлгі. Әсіресе қараңғылық пердесін түсіріп, ұйқыға кетер сәтте әженің немересіне деген ыстық ықыласы ерекше байқалады.
Тәлім-тәрбиесі мол ертегісін айтпағанда, 62 тамырыңды идіріп жіберетін әнінің өзі бір бөлек. «Әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деп өзі де бесікпен тербеліп айтатын әуен бейнебір ұланғайыр атырапты әлдилеп жатқандай. Тіпті қазақтың кемеңгерлері де әженің бауырынан қанат қаққан. Бұл жерде ең бірінші тілге тиек ететініміз жеңгелері «Телқара» деп, атын тура атамай тергеген Абайдың әжесі – Зере. Данагөй әженің «Құлыншағым, қоңыр қозым... Абайжаным» деп еміренуі өзгенің де жүрегіне жылулық ұялатады.
Тал бесікте немересі мен шөбересін әспеттеп, солар үшін мәсісіне тығып мәмпәси әкелетін әжелер бүгінде бірен-сараң. Алайда, қазақы нақышта киініп, баланы қарғадайынан әнмен тәрбиелеп жатқандар мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Бұл сөзімізге еліміздің түкпір-түкпірінен құрылып жатқан әжелер ансамблі дәлел. Олар ұмыт қалған халық әндерін насихаттайды, салт-дәстүрдің жоғалып кетпеуін ойлайды. Бейсенбі күні осындай өнегеге толы «Өмірлері өнермен өрілген» тақырыбындағы өнер кешінің куәсі болдық. Толығырақ тарқатсақ.
Аудандық Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің 37 жылдық тарихы бар. Саналы ғұмырын өнермен әрлеген әжелер аудан хал қына керемет көңіл күй сыйлады. Шығармашылық кеш ансамбльдің құрылған уақытынан бастап бүгінге дейінгі бейнекөрініспен шымылдығын түрді. Сахна төріне құрметпен ша қырылған әжелердің сыртқы кел бетіне сүйсінбеген жан қалмаған болар. Оюмен өрнектелген ұлттық нақышымыздан құралған кимешек «Қазақтың әжелері-ай» деп еріксіз таңдай қағуға тұрарлық. Олар құйқылжыта ән салғанда көрермен қауым сілтідей тына қалды. Ансамбльдің қатарында елуді еңсергендер де, алпыс ты алқымдағандар да, жетпістің желкенін тартып, сексеннің сеңгіріне шыққандар да бар. Олардың барлығы көпбалалы, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырған аяулы аналар, ардақты әжелер. Топ құрамы қазіргі таңда жаңарып, жас әжелермен толықтырылған.
Өнер кешінде аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, өнері мен өнегесі жарасқан әжелерге ақ тілегін жолдады.
– Өздеріңіз білетіндей, «Ақ әжелеріміз» 1987 жылдан бастап аудан абыройын асқақтатып, ұрпаққа ұлттық құндылықты үйретіп келеді. Тіпті өзге ұлттардың делегациясы келгенде де әжелеріміз қазақ халқының ұлттық болмысын насихаттап, көптің қошеметіне ие болған еді. Аудан мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан әжелерімізге құрметіміз шексіз. Бүгінгі шығармашылық кеш құтты болсын! Сіздерге мол бақыт, ұрпақ қызығын көруді тілейміз. Сіздер ең біріншіден мәуелі бәйтерек, әрбір үйдің ұйытқысы, шаңырақтың ақылшысысыздар. Ұзақ ғұмыр кешіп, аман отырыңыздар, – деген Самат Смағұлов әжелерімізге ауданның жоғары марапаты – «Құрмет грамотасын» табыстап, аудан әкімінің ықылас гүлі сахна төріне әкелінді.
Өлшеулі өмірде өшпестей із қалдырудың өзі бір ғанибет. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін ақ жаулықтылар әуезді әндерді нақышына келтіріп орындаса, бір жағынан бүгінге дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанда қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы болса, екінші жағынан саз өнерінің иірімін ұштастырып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуі емес пе? Осы әжелеріміз атабаба аманаттаған салт-дәстүрлердің жойылып кетпеуіне барын салып келеді. Мерекелік іс-шарада ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Ат тергеу», «Бауырынан табақ өткізу», «Арқаластыру», «Бәдік» жыры, «Қыз ұзату» сияқты салт-дәстүрден көрініс көрсетіліп, әжелердің орындауындағы халық әндерін көрермендер сүйсіне тыңдады.
Ұлағаты мен ұстанымын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, білім, өнер саласында тең еңбек еткен, бүгінде елдің құрметіне бөленген «Ақ әжелер» ансамблі – ауданымыздың мақтанышы, ұлағатты ұстаздық жолды шығармашылықпен үндестіріп, бүгінде еңбектің зейнетін көріп, бақытты әже болып отырған аналарымыздың бірлігі мен жемісті еңбегінің жемісі.
Осы жиынға арнайылап Қызыл орда қаласынан облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов пен облыстық әйел дер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы келіп, әжелердің әуезді кешіне жылы лебізін білдірді. Бүгінде ансамбльге жетекшілік етіп отырған Талмаш Жұмабаева тарихтан сыр шертіп, жылы естеліктермен бөлісіп, осы іс-шараны ұйымдастыруға қол үшін берген әрбір жанға аналық алғысын білдірді.
Жоғары деңгейде өткен шығар машылық өнер кешіне жиналған қауым әжелер салған ән мен жаңғырған салт-дәстүрдің сабақтастығын көріп, «Әжелер салған ән ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат болып жетіп, өнер өнегеміз биік болсын!» деген алғыс сезімдерін білдірді.
Иә, қазақ халқы отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған, әр күні ойын-сауық, той-томалақсыз өтпейтін халық. Соның әсерінен олар еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін өнерге жақын. Кеш көркі болған «Ақ әжелер» ансамблі де халықтың ықыласына бөленіп, оң бағасын алып үлгерген. Әнші әжелеріміздің алға жойған жоспары көп, мақсаты айқын. Ансамбль құрамы осы уақытқа дейін замана көшімен алмасып келеді. Бұл кеште де жас әжелер қатарға қосылып, әдемі үлгіні жалғауға кірісті. Ұлттық рухты оятып, салт-дәстүрді жаңғыртып жүрген асыл әжелеріміздің еңбегі шынымен бағалауға тұрарлық. Алдағы уақытта әжелер салған әдемі ән әуелей берсін дегіміз келеді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ