» » » Балғын бишілер жеңісі

Балғын бишілер жеңісі

  Аудан өнерпаздары туралы сөз етсек, марқайып қаламыз. «Сыр елі – жыр елі» дегендей, өнердің қай түрінен де жұлдызымыз жоғары. Қай сынға барса да жүлдесіз оралмайтын өнердің бір саласы бар. Ол – би өнері. Аудандық Мәдениет үйірмесіне қарасты би үйірмелері әрбір бәсекеде топ жаруда. Ол ата-ананың ақ тілегі мен қолдауы, ұстаздың дұрыс бағыт-бағдары, бишінің өнерге деген құрметінен болса керек. Бишілік өнерді биікке көтеріп жүрген балғын бишілер жуырда ғана Ташкент қаласындағы халықаралық байқаудан жүлделі оралды.
   Еске сала кетсек, өткен аптаның жұма күні аудан әкімі биші қыздарды жетекшілері, ата-аналарымен бірге сәттілік тілеп шығарып салған еді. Ақ сақалды аталардың батасын алып, аудан халқының сенімін арқалаған олар үмітті ақтап, жеңіс төрінен көрінді. Ташкент қаласындағы бұл өнер бәйгесіне 65 топ қатысыпты.
   – «Ташкент Гранд Фестиваль» халықаралық би байқауында бақ сынап келдік. Бізден өзге Қазақстаннан Алматы, Шымкент, Екібастұз қалаларынан және Қырғыстан, Өзбекстан елдерінің өнерпаздары қатысты. Бұл байқаудың басты ерекшелігі – жас ерекшелігінің болмауында. Бүлдіршіндерден бастап 65 жастан асқан әжелер ансамблі де өнер көрсетті. Біз орта және кіші топтан 40 оқушы алып бардық. 6-9 жас аралығындағы кіші топ қазақтың «Асатаяқ» атты ұлттық биін билесе, орта топ «Жетіген» атты қазақ биімен қоса классикалық «Лебединное озеро» биін сарапшылар назарына ұсынды. Барлық би түрі бойынша жүлделі І орынды қанжығамызға байладық. Фестиваль соңында әділ-қазылар хореографтармен дөңгелек үстел өткізіп, «Лебединное озеро» биінің ерекше ұнағанын атап өтті, – дейді жетекшілердің бірі Жазира Сәтбергенова.
Ал екінші жетекшіге жетістікке жетудің жолы жайлы сауал жолдадық.
– Дайындық барысында бидің әр элементіне жеке-жеке тоқталып, денені қалай ұстау керек, аяқ қалай тұру керектігі түсіндіріледі. Көрерменге шынайы әсер сыйлау үшін бір бидің өзі бірнеше ай дайындықты қажет етеді. Әр бидің өзіндік мағынасы, сюжеті мен аяқталуы болады. Сондықтан би шығаруға атүсті қарамай, көрерменге жаңаша көзқараспен жеткізуге тырысамыз. Тағы бір айта кетерлігі, кез келген жарысқа барарда ең алдымен бізді қолдайтын – ата-аналар. Олар қыздарының киімін, қажетті заттарын тауып, үнемі біздің жанымыздан табылады. Мәселен, кешегі сайыста олар дайындық барысында оқушыларды түгендеп, менің қызым, сенің қызың деп бөліп жармай бәріне бірдей қарап, барлығын киіндіріп, шаштарын дұрыстап көмектесті. Өйткені 40 баланың барлығын бір уақытта дайындау кімге болса да оңай емес. Ата-аналарымызға алғысым шексіз, – дейді Сания Молдабаева.
  Осы орайда ата-аналар да бүлдіршінінің жетістікке жетелеген жетекшілеріне дән риза екенін айтуда. Ташкенттегі сапарға баласына қолдау білдіруге барған ата-аналар да болды. Солардың бірі – көпбалалы ана Айгерім Мұратқызы.
– Аудан мәдениет үйі жанынан құрылған «Айқаракөз» би үйірмесіне 2 жылдан бері қос қызым қатысады. Айзере мен Ханбибі Бақытбек кішкентай күнінен би өнеріне ықыласты болды. Сания мен Жазира апайларының арқасында қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетіп, жарыстардан жүлделі келуде. Өзге ел болғандықтан аудан әкімдігі тарапынан көлік беріліп, жолдағы сусынмен қамтамасыз етті. Кәсіпкерлер де қаржылай көмек көрсетті. Бұл ата-аналар үшін үлкен қолдау болды. Қыздарымыздың арқасында өзге елді көруге мүмкіндік алдық. Артылған жауапкершілікті арқалап, аман-есен жүлдемен оралдық. Балаларымыздың әрбір жеңісінің артында жетекшілерінің еңбегі бар. Апайларына аналық алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді ол.
   Би өнерінде айтарлықтай орны бар жетекшілерден білім алатын бүлдіршіндердің биік белестерді бағындыруы заңдылық. Мамандыққа адалдық деген осы шығар, сірә. Ал біз өз тарапымыздан би өнеріне баулып жүрген жетекшілерге де, қолдаушы ата-анаға да, балғын бишілерге де жарайсыңдар дегіміз келеді. Себебі кез келген істе жоғары жетістік көрсету тынымсыз еңбектің нәтижесі. Ал әрбір жеңіс – аудан абыройы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
01 тамыз 2024 ж. 798 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 965

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930