» » » Жадыра жаққан жұлдыздар

Жадыра жаққан жұлдыздар

qarmaqshy-tany.kz Би өнері – тілсіз өнер, оның айтар өзіндік мағынасы бар. Мәселен, кей адамдар шаршы топ алдында мүдірмей, еркін сөйлей алса, бәзбіреулер осы тұсқа келгенде күмілжіп қалады. Бірақ бұл адамның бойында өнер жоқ дей алмаймыз. Ол өзінің ішкі сырын жазумен, қолөнермен, музыкамен, бимен жеткізе алады. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен жеткізу, халықты бұған сендіре алатын жандар да жетерлік. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы – сөз.

«Қамажайды» білмейтін қазақ жоқ. Қазақ биі дегеніміз – Ш.Жиенқұлованың «Былқылдағы», З.Райбаевтың «Қаражорға», «Келіншек», «Асау ат», «Дауылпаз», «Аққу», «Домбыра» – бұлар тарихы тереңде жатқан қазақ биі туындысының маржандары. Міне осы үдеден табылып, би өнерінің ізін жалғап келе жатқан аудандағы белгілі хореограф Жадыра Алпысбаеваны атап айтуға болады.

Білікті биші Жадыра Өміртайқызы 1980 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1997 жылы өзі армандаған Алматы қаласындағы Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің музыка факультеті, хореография бөліміне оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын 2001 жылы аудандық Оқушылар үйінде бастап, бүгінге осы мекемеде «Хореография» үйірмесіне жетекшілік етіп, қыздарды би өнеріне баулып келеді. Өнер әлеміндегі қадамын нықтап басатын маманның шәкірттері қазіргі уақытта сахна төрінде топ жарып жүр. Мұны соңғы уақытта жиі байқап жүрміз.

Талай додада бақ сынап, халықаралық, республикалық байқауларда абыроймен жүлделі орындарды иеленіп жүрген бишілерді аудан халқы мақтанышпен айтуда. «Жадыра» би үйірмесінде 40-тан астам оқушы бар. Олар жас ерекшелегіне сәйкес 4 топқа бөлініп, әр топта 12 шәкірттен дайындауда. Аудан бишілерінің алған асуы да көп. Алайда шығар биігі әлі алда. Мәселен өткен жылы «Жарқын Болашақ» өнер орталығының ұйымдастыруымен VI халықаралық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Өзбек биімен» І орынды қанжығалады. Ақтөбе қаласында Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған республикалық «Би құпиясы» хореография байқауында «Халық биі» номинациясы бойынша қатысып, ІІ дәрежелі лауреат атанды. Сондай-ақ, жақында Шымкент қаласында «Кел, билейік» тақырыбында өткен дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы хореографияның барлық бағыты бойынша фестиваль байқауында өздерінің үздік өнерімен көрермен көзайымы атанып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Жадыра жетекшілік ететін би тобындағы додаға түскен өнерпаздар небәрі 6-13 жас аралығындағы балғындар. Атап айта берер болсақ, жетістіктерінің соңы көріне қоймасы анық. Ал кәсіби бишінің біліктілігі, педагогикалық таланты мен игі ісіне деген адалдығы, би өнеріне дайындау жолындағы қажырлы еңбегі үшін бірнеше рет халықаралық, республикалық хореографиялық фестивальбайқау комитеті тарапынан Алғыс хат пен медальдарға ие болып жүр.

– Үйірмеге 1-6 сынып оқушылары қатысады. Аптасына 3 рет сабақ өтемін. Жыл сайын үйретілетін биді де жаңартып отырамын. Мысалы, бір жылда 2-3 би дайындап, оны қыздарға үйретемін. Одан әрі жарыстарға апарамыз. Әрине, шәкірттерімді мақтан тұтамын. Республикалық, халықаралық байқауларда, фестивальдерде түлектерімнің еңбегін көргенде кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Жақында Шымкент қаласынан жүлдемен оралдық. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қай қалада жарыс өтеді солардан қалыс қалмауға тырысамыз. Маусым айында Алматы қаласында байқау болғалы жатыр. Бүгінде осыған дайындық үстіндеміз, – дейді үйірме жетекшісі.

«Өнерлі жанның өрісі кең» деген емес пе? Ел аралап, талайды тамсандырған бишілер жеңісінің бір парасын жоғарыда әңгімемізге арқау еттік. Икемді, қозғалысты қиюластыра білген балдырғандар заманауи, ұлттық билерді айшықтап, көрерменін сахнаға қызықтырып, өнерінің сиқырлы әлеміне енгізіп жүруіне үйірме жетекшісінің еңбегі зор.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
26 сәуір 2023 ж. 519 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 74

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 225

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930