» » » Мәдениет – өмір мәйегі

Мәдениет – өмір мәйегі

Халқымыз қашанда өнерді бағалап, өнерпазын үкілеген. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ елінің мәдениеті мен өнері айтарлықтай өрістеді. Мемлекет басшысы да жыл сайын осы салаға айрықша назар аударып, ел мәдениетін дамытуды күн тәртібінен түсірген емес. Өйткені әр елдің мәдениетіне қарап халқының бет-бейнесін, рухани болмысын, тұрмыс-тіршілігін көруге болады.
Кез келген кештің көркін кіргізіп, әнмен әрлейтін, бимен сәндейтін мәдениет және өнер қызметкерлері төл мерекелерін атап өтті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, Сыр елінің мәдениет қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Өңірімізде Мемлекет басшысының қолдауымен бұл бағытта тың жобалар мен серпінді бастамалар жүзеге асырылуда. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеу мақсатында биылғы жыл аймағымызда «Руханият жылы» деп жарияланды. Атаулы жылға тарту ретінде 1000 орындық «Өнер орталығы» Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының, мәдениет майталмандарының қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Наурыз айында Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Бұл – аймақтың Орта Азиядағы рухани, мәдени кемелденген өңір ретінде лайықты бағалануы, – деді аймақ басшысы.
Мұнан бөлек, Нұрлыбек Машбекұлы композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Таймановты 70 жас мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ жиында өнер иелеріне Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы», «Тұран» сыйлығы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттары табысталды. 8 өнер ұжымына 60 домбыра тарту етілді. Бұл марапаттар легінен біздің жерлестеріміз де қалыс қалмады.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниеваға ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі берілсе, ақын, No107 мектептің мұғалімі Достық Тілеубергенов «Тұран» сыйлығын иеленді. Ал Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің режиссері Мадияр Махамбетов ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерейлі мерекесінде құрмет төрінен көрінген сала мамандарымен байланыстық. 36 жылдан бері кітапхана саласында аянбай қызмет етіп келе жатқан Күлшара Қаниева «Бұл мен үшін ерекше марапат болды. «Өнер орталығындағы» облыс әкімінің қолынан берілген бұл құрмет маған ғана емес, Қармақшы ауданының руханият шырақшыларына берілген марапат деп есептеймін. Себебі бұл құрметтің ішінде барлық кітапханашының еңбегі бар» десе, ұстаздық пен ақындықты тең ұстап келе жатқан Достық Тілеубергенов «Облыс әкімінің арнайы тағайындаған «Тұран сыйлығы» мәдениет пен өнерге өз үлесін қосып жүргендерге үлкен сыйлық деп білемін. Бұл марапат алғаш рет былтыр мәдениет саласының бір топ қайраткерлеріне берілген еді. Солардың қатарынан ауылымыздың тумасы, талантты ақын Шәкизада Әбдікәрімов ағамыз көрінген болатын. Биыл да осы сыйлық бірқатар азаматқа табысталды. Қазақстан Жа- зушылар одағының Қызылорда облыстық филиалына менің азды-көпті әдебиет саласына қосқан үлесімді ескеріп, осындай құрметке ұсынғаны үшін алғысым шексіз» деп ыстық ықыласын жеткізді.
Айта кеткен жөн, Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген жаңалық бар. Биыл мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» арнайы сыйлығы екінші мәрте табысталуда. Жыл сайын білімге құштар жастарға облыс әкімінің 100 гранты берілетіні белгілі. Аталған гранттан бөлек, қабілетті талапкерлерге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі өнер» мамандығына оқу үшін қосымша 10 оқу гранты бөлінбек.
«Руханият жылы» шеңберінде облыстағы 171 мәдениет үйі мен клуб «Адал адам» тұжырымдамасы аясында қайта жаңғыртылуда. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің ордасы – «Жыраулар үйі» ашылды. Биыл – дала ділмары, өз заманының қабырғалы қайраткері атанған Әйтеке бидің 380 жылдығы. Осыған орай тұңғыш республикалық командалық айтыс Сыр өңірінде өткізілді.
Руханият жылы аясында атқарылатын жұмыстар легі ауқымды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынады. Жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» бой көтеруде. Мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне үлес қосқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты да еңсесін тіктеп келеді. Жеті ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының іргетасы қаланды. Біздің аудандағы орталықтың да құрылысы қарқынды жүруде.
Қорыта айтсақ, халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі елеуге тұрарлық. Ал мәдениетке мән берген елдің келешегі кемел болары анық. Себебі мәдениеті мығым елдің бағындырар белесі, алар асуы мол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 мамыр 2024 ж. 348 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 791

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 836

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031