МАЙТАЛМАНДАРҒА МЕЗІРЕТ
Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты. Сондықтан өнерін сүйген, өнерпазын үкілеген елдің мәртебесі қашан да биік болатыны ақиқат. Қандай да болмасын кештің көркін кіргізетін, әнмен әрлейтін мәдениет және өнер қызметкерлері сейсенбіде аудандық мәдениет үйінде төл мерекесін атап өтті.
– Қармақшы өлкесі – қасиетті өнердің киелі бесігі, жыраулық дәстүр тараған дарынды тұлғалардың мекені. Саңлақтар көтерген өнердің тұғыры әрқашан биікте. Ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бүгінгі ерекше мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Еліміздің биік рухы мен өркендеп-өсуіне қызмет етіп, халықты тамаша өнермен қуанта беріңіздер, – деді аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев.
Сонымен бірге Еркебұлан Қайырбекұлы өңірдің өркендеуі жолында еңбектенген мәдениет пен өнер қызметкерлеріне аймақ басшысы мен аудан әкімінің алғыс хаттарын сала үздіктеріне табыстады.
Шарада сөз алған Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет қызметкерлеріне алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».