«Би сұлтаны» облыстық жұптық би байқауы
Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Би сұлтаны» облыстық жұптық би байқауы болып өтті.
Өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып, эстетикалық сана-түйсінігінің терең қалыптасуына және ұлтымыздың би өнерін насихаттап, оның кең ауқымда өрбуіне ат салысу және өркендеуіне ықпал жасау мақсатында
ұйымдастырылған облыстық байқауға 6 жұп қатысып, өзара бақ сынасты.
Ұлы өнерге деген жастардың бойындағы талпынысты арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, әрі қарай шығармашылық белсенділікке ынталандыру, көркем білім деңгейін арттыру мақсатында өткізілген байқауға педагог – хореограф, «Би әлемі Қызылорда» хореографтар одағының мүшесі, Абсатова Бекзат Қадырбергенқызы, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің әдіскері Бекмаханова Күміс Ұзақбайқызы, «Жадыра» би тобының жетекшісі Алпысбаева Жадыра Өміртайқызы қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Қызылорда қаласынан Әзберген Айбек пен Қуандық Алтыншаш, І орынды Қармақшы ауданынан Аитов Берік пен Сәтбергенова Жазира, ІІ орынды Арал ауданынан Ордағұлов Нұртаза мен Азнабаева Жұлдызай, ІІІ орынды
Жалағаш ауданынан Иман Бекжан мен Әлиакбар Құндызай иемденіп, бағалы сыйлықтар марапатталды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды.