Ұлтты ұйыстырған ұлы күн
Ұлыс мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануда. Биылғы жылы бұл мерекені республика болып ерекше атап өтудеміз. Күн мен түн теңесіп, жыл басы Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау үлкен мəртебе. Бірін-бірі құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышы – күллі елдің қуанышы. Көріскен жамағаттың жадыраған жылы жүзі осыны аңғартқандай еді.
Бұл мерекені аудан халқы да ерекше шаттықпен тойлады. Орталық алаңда ретімен құрылған киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тартып, алаңның ажарын ашып, мерекелік шараларға ерте жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады. Биылғы жиынның тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың басым көпшілігінің қазақы үлгіде киінуі. Бұрын өнерпаздар мен көрініске қатысушы қызметкерлер ғана ұлттық киім киетін болса, бұл жолы тұрғындардың да қазақы киімге ықыласы ауған. Ерлеріміз заманауи үлгідегі шапан киіп, қыз-келіншектер қамзолы мен орамалын тағынған. Қыздарымыз шекелік пен шашбауды сән етсе, жігіттеріміз жарастыра тақия киген. Сырттай қарасақ, көзге де, көңілге де қуаныш сыйлайды.
Сондай-ақ орталық алаңда қолөнер бұйымдарының, аймақ өндірісінің өнімдерінен құралған көрме қойылды. Тарихтан сыр шерткен әрбір бұйым өткенді еске түсіріп, бұрынғы мен бүгінгінің байланысын аңғартқандай. Бұл көрмеден ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан төл өнердің туындыларын тамашалаған тұрғындар шеберлерге ризашылығын білдірді.
«Әз Наурыз – игіліктер бастауы» атты мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстың құрметті азаматтары, аймақ ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы салт-дәстүр тағылымды суреттелген қойылымдарды тамашалады. Онда қыз ұзату, беташар, бесікке салу, тұсау кесу секілді рәсімдер орындалып, ұлттық құндылықтар ұлықталды. Облыс әкіміне тұсау кесу құрметі ұсынылып, аймақ басшысы бүлдіршінге игі тілегін білдірді.
Мұнан соң, дүбірлі думан басталып, Қармақшы халқы ән мен жырға бөленді. Аймақ басшысы жиналған қауымды, аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Сұлу Сырдың жағасы күн санап көркейіп, ажарын айшықтайтын зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеруде. Мереке қарсаңында 220-ға жуық отбасы жаңа баспанаға ие болды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталады. Тағы 11 мектептің құрылысы басталады. Соның ішінде 2 жайлы мектеп Қармақшы ауданында салынады. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің құрылысы жүргізіледі. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығы Медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы елді мекендерде 16 дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Соның үшеуі осы ауданның Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында салынды. Қазір жаңа медициналық нысандарға 7 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Биыл дәл осындай 11 нысанның құрылысы жалғасып, Қармақшы және Қуаңдария ауылдарында 2 фельдшерлік-акушерлік бекет салынып, жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Осы орайда айта кеткен жөн, соңғы жылдары ауданда қарқынды жұмыстар жүзеге асуда. Индустрияландыру бағдарламасы аясында Ақтөбе ауылында «Қармақшы құс» фабрикасы іске қосылғаны мәлім. Алғашқы өнімдерінен тұрғындар дәм татып та үлгерді. Сондай-ақ кентімізде «АНК-Дәулет» серіктестігі газоблоктар өндіретін шағын зауыт құрылысын бастады. Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында 1,3 млрд теңгеге дене-шынықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Биыл Жосалы кентіндегі жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданына газ желілері жеткізіледі. Төретам кенті мен Ақай ауылы жақын күндері көгілдір отынға қосылады. Сондай-ақ, Дүр Оңғар ауылына баратын газ желісінің құрылысы басталады. Осылайша, айналасындағы ауылдарға да газға қосылуға мүмкіндік туады.
Мерекелік жиында аудан дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов, Бекмырза Еламанов сөз сөйледі.
Одан әрі өнерпаздардың халық әндері шырқалып, үлкен-кішінің мерейін асқақтатып, көңілдерін шаттыққа бөледі. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан арқан тарту, тоғызқұмалақ, гір тасын, қой көтеру, қазақша күрес секілді ойындардың өтуіне тұрғындар белсене араласты.
Күннің ызғарын, жан жылуы алмастырған, көңілдерде шаттық шалқыған күн болды. Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені қарсы алған аудан тұрғындары ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Ал кешкі уақытта мерекеге орай эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Онда танымал әндердің орындаушылары Әділет Жауғашар, Алмасхан Насыров, Нұрдәулет Карлов және аудан өнерпаздары өнер көрсетті. Орталық алаңға жиналған көпшілік керемет мерекелік көңіл-күйді сезініп, думанды кештің куәсі болды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ