» » Қош келдің, әз Наурыз!

Қош келдің, әз Наурыз!

 Қылышын сүйреткен қыс кетіп, көктем айы келді. Бұл шақта табиғатта жаңару кезеңі басталып, күн мен түн теңеледі. Жылда асыға күтетін Ұлыстың ұлы күні – жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Қазақ халқы ықылым заманнан тойлайтын бұл
мереке – ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың
мерекесі. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін мейрамды қармақшылықтар да кеңінен атап өтті. Орталық алаңға ағылған көпшілік індеттен кейінгі екі жылда мұндай жиынның өткеніне қуанышты. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалармен қатар, жастар да «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген тілектерін айтып, бірін-бірі құттықтап жатты. Қазақы шапан киген көпшіліктің көркі жанға ерекше жылылық ұялатты.
Қатар тігілген қазақы киіз үйлер көздің жауын алады. Киіз үй маңында Наурыз көже дайындалып, бұрқыраған ас дәмі алыстан-ақ өзіне тартады. Жылына бір келетін жаңару күні ауданда осындай көрініспен бастау алды. Мерекелік сахна әдеттегідей ән мен жырға толы. Ұлттық киім киген аудан өнерпаздары да Наурыз тойын шаттық тойы етіп тойлауға сақадай сай. Дүбірі алыстан естіліп жатқан мерекені бастамас бұрын аудан әкімі әрбір киіз үйге бас сұғып, мерекемен құттықтады. Онда әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге бай қазақ халқының «Ұйқыашар, селтеткізер», «Ұлттық ойындар», «Құйрық-бауыр тарту», «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Тұсау кесер» секілді көріністерді тамашалады. Одан кейін гір тасын көтеріп, арқан тартысып, тоғызқұмалақ, асық ойнап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жастарға қарай жол бастады. Ұлттық ойындарға жастардың қызығушылығы артқан. Жарыса арқан тартысып, оларды тамашалап көрушілер де баршылық.
Мұнан соң, көпшілік күткен Наурыз-думан басталды. Қазақтың жаңа жылына арналған сахна көркем безендірілген. Осы бір сәтте думандатқан кернейшілер мен қазақ батырлары сахна төрінен орын алды. Нағыз мереке осы кезден бастау алды. «Сыр бойында бастау алған өркениет» атты хореографиялық композиция қойылымы көрерменге қол соқтырды. Мұнда күмбірлеген күй де, мың бұралған би де болды. Ал ат үстіндегі Керуен басы ырыс пен берекенің бастаушысындай жанға жылулық сыйлап, ыстық ықыласқа бөленді.
Думанды мерекенің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановқа берілді. Ол аудан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Нау­рыз мейрамының қазақ өмірінде алатын орнына тоқталды. Берекелі күнде халыққа бақыт пен денсаулық, бірлік пен көтеріңкі көңіл тіледі.
– «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылға үміт көп» деп аталарымыз айт­қандай, өткен жыл қармақшылықтар үшін жетістігі мол жыл болды. «Газ келді дегенше, жаз келді деп ойласаңдаршы» дегендей, Жосалы кентіне халық көптен күткен газ келді. Биылғы «Балалар жылына» орай елді ұзақ күттірген лагерь де пайдалануға берілді. Алдағы уақытта аудан халқы үшін жасалар игі істердің легі мұнымен шектелмек емес. Тайшық би көшесі абаттандырылып, кент көркіне ажар қоспақ. Ауданды өркендету жолындағы тиісті жұмыстар атқарыла бермек. 21-наурыз Самарқанның көк тасы еритін күн. Бұл күн – жер бетіндегі тыныс-тіршілік оянып, жанданатын уақыт. Сондықтан біз де көктеммен бірге Президентіміз айтқандай, Жаңа Қазақстанды құруға қадам бастық. Әз Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын! – деді аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы.
Наурыз мерекесі ары қарай аудан өнерпаздарының концертімен жал­­ғасты. Ұлысқа мерей, туысқа мей­ірім сыйлайтын татулық мере­кесін қармақшылықтар ел есінде қа­ларлықтай думанмен қарсы алды. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы әз Наурыз құт-берекесімен келсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
22 наурыз 2022 ж. 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031