Аудан әкімі мерекемен құттықтады
ЖОСАЛЫ, 21 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Ардақты ағайын!
Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөз Наурыз мерекесіндегі шуақты көңілдің, нұрлы пейілдің молдығын білдірсе керек.
Тұрмыс-тіршілігін табиғат Анамен тығыз байланыстырған біздің халқымыз үшін Наурыз жаңару мен жасампаздықтың бастауы. Ұлыс жыл басы, әрқашан қасиетті, киелі саналған.
Бұл – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтатын ұлттық мереке. Баршамыздың бірігіп, игілікті істерге, жаңа бастауларға ниет білдіруіміздің нышаны.
Наурыз келгенде ақ молаяды, жарық ұзарады, тіршілік жаңарады, пейіл түзеледі.
Өкінішке орай, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың өршуін халықаралық маңыздағы төтенше жағдай деп жариялады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі барлық қоғамдық шараларды тоқтату туралы бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Жарлық шығарды.
Осы ретте, облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың өңіріміздегі барлық қоғамдық-саяси маңызы бар шаралар, жиындар, конференциялар мен мерекелік шаралар тоқтатылғаны жөнінде аймақ халқына үндеуі жарияланғаны баршамызға белгілі.
Өз кезегінде, аудан халқының қауіпсіздігі үшін жеке азаматтардың ас беру, той өткізуі мен қоғамдық орындарда өтетін діни рәсімдерге де шектеу қойылды.
Аудан тұрғындары да Наурыз мейрамын отбасында қарсы алып, инфекцияның алдын алу мен таралуына жол бермейтініне мүмкіндік туғызады.
Ауданымызда құрылған мобильдік топ мейрамхана, кафе, қоғамдық тамақтану, сауда нысандарының иелерімен кездесіп, өңірімізде індетке қарсы алдын алу шаралары жөнінде түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеді.
Қасиетті Қармақшы ауданының халқы да қашанда сындарлы сәттерде сыр бермей, талай кезеңді басынан өткізді. Бұл қатерлі індетті елдің бірлігі мен татулығының арқасында жеңеміз.
Мұндай атқарылып жатқан індетке қарсы алдын алу шараларын түсіністікпен қабылдайтындарыңызға сенімдімін.
Құрметті қармақшылықтар!
Ұлыстың Ұлы күні мерекесінде бар шаңызға мықты денсаулық, отбас тарыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін!
Әз-Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен, аудан әкімі
М.Қалдарбеков