» » НАУРЫЗ КЕЛДІ ЖАҢАРЫП, КҮН НҰРЫНАН НӘР АЛЫП

НАУРЫЗ КЕЛДІ ЖАҢАРЫП, КҮН НҰРЫНАН НӘР АЛЫП

Әр жылдың өзіне тән жетістігі, ерекшелігі болады. Өткен жыл да жақсы жаңалығымен, елге жайлы­лығымен есте қалды. Қа­зақ халқы ескі жылдан есіркеу тілеп, жаңа жылдан жарылқау күткен. Үстіміздегі жылда да халқымыз үшін мерейлі, мәртебелі жыл боларына ел бек сенімді. Өйткені, оны «Этноауылда» өзіндік сән-салтанатпен, ауыз­бір­лік­­пен аталып өткен Наурыз мереке­сінен айқын аңғаруға болады.
Халқымыздың салт-дәстүрін паш ететін «Этноауылдағы» Нау­рыз мерекесі даңғыра қағылып, көк­темді шақыру дабылымен басталды. Ұлыстың Ұлы күніне жұртшылық таңғы сағат тоғыздан ағылды. Саябақтың кіре берісінде ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылса, оң босағадан төрге қарай қазақы салт-дәстүрге сай әдет-ғұрыптар көрініс тапты. Көпшілік қауым алдымен «Әжелер» ансамблінің халық әндеріне сусындаса, одан жоғары №105 мектеп-лицей ұстаздарының «Бесікке салу» рәсімін қызықтады. Гүлмира Бакирова баланы бесікке қалай салу керегін көрсетсе, Майра Тайшықова батасын берді. Әрі қарай №250 мектеп-лицей ұжымы «Бастаңғы», №121 мектеп «Тұсау кесу», №1 ясли-санаториялық бақшасы тәрбиешілері «Ұйқыашар», «Селтеткізер» дәстүрін жасап, елді таң-тамаша етті. Мұнан кейін қалың қауым «Жастар үйінің» «Қыз ұзату» көрінісіне куә болса, той-думанның нағыз есте қаларлық оқиғасы – «Беташар» рәсімі болды. Бір күн бұрын Жосалы кентінің тұрғыны Света Бағдәулетованың шаңырағында айтулы қуаныш аталып өтілген-ді. Отбасының үміті, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Болатбек Нұрқашов қарашаңыраққа жалағаштық ару Гүлдана Дастанды келін етіп түсірген еді. Қазақ ырымшыл халық. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық дегендей», – жас келіннің бетін ашу бақыты – асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Арнұр Көшенейге бұйырыпты.
Наурыз – думанның атаулы кезеңі – аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың аудан қонақтары мен тұрғындарын әз-Наурыз мерекесімен құттықтауымен жалғасын тапты.
– Дәстүрлі қазақ қоғамында Нау­рыз – жыл басы, қасиетті, киелі санал­ған. Тұрмыс-салтын табиғат – Анамен тығыз байланыстырған халқымыз үшін Ұлыстың Ұлы күні жаңару мен жасампаздықтың негізі. Бұл – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың мерекесі. Игі бастамаларға ниет білдіруіміздің белгісі. Ұлыстың Ұлы күні дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді ол.
Мерекеде ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген киіз үйлер тігіліп, оған бәйге жарияланса, бірқатар ұжым нау­рыз көже пісіріп, мерекенің басты тағамынан халыққа дәм ауыз тигізді. Жарияланған бәйге қорытындысында «Жастар ауылы» – «Ұлттық дәстүрдің үздік насихатшысы», «Жігерлілер ауы­лы» – «Бал татыған наурыз көже», «Денсаулық ауылы» – «Дәстүрі жаңғырған ауыл», «Кәсіпкерлер ауы­лы» – «Үздік наурыз нақыштары», «Іскерлік ауылы» – «Ұлттық құндылық тірегі», «Бірлік ауылы» – «Рухани құндылық – ұлт қуаты» номинациясымен мадақталса, «Достық ауылы» – «Бабалар аманатын ұлықтаған», «Ынты­мақ ауылы» – «Ұрпақтар ұлағаты», «Жасам­паздық ауылы» – «Халық мұрасы – ұлт қазынасы», сонымен қатар «Татулық ауылы» – «Наурыз-думан» номинациясы үдесінен танылды. Ұлттық ойын қорытындысына келер болсақ, қол күресінен Спандияр Алмаханов І, Тимур Леденов ІІ орынды қан­жығасына байлады, ІІІ орынды Айдархан Есім місе тұтты. Гір тасын көтеру бойынша І орынды Нұрлыбек Абдуллаев, ІІ орынды Дидар Рүстемов жеңіп алса, Әділет Сқақов ІІІ орынға тұрақтады. Асық атудан Мардан Ермахановқа І, Ғибрат Ғалымжанға ІІ орын бұйырса, Әлтай Рамазан ІІІ орынды бағындырды. Ұлттық спорттың тағы бір түрі – ләңгі тебуден Ринат Сәрсенбек І орыннан көрінсе, Әлішер Нұрлыбеков ІІ және Қанали Қанат ІІІ орынды өзара бөлісті. Ал, арқан тартыста «Стадион» командасы І, «Стадион-2» командасы ІІ, сондай-ақ «С.Есқараев» командасы ІІІ орынды түйіндеді. Барлық жүлдегерлер дене шынықтыру және спорт бөлімінің марапатына ие болды.
Айтулы шарада аудан өнерпаз­дары­­ның мерекелік концерті тама­ша­ланды. Жиналған ағайын Нау­рыз-думаннан зор рухани азық алды. Азығымыз жылға дарысын. Алда, ең­бек­тің қызу қарқыны. Енді сол мерейден табыла білейік.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
27 наурыз 2019 ж. 928 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031