Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Айтыс – қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан ауыз әдебиетінің озық үлгісі. Ұлтымыздың әу бастан-ақ ұрпағына тапқырлық, суырып салмалық, сөз дәнегінің қасиетін үйіріп тәрбиелей, өнерінің көзін аша білгені осы бір қасиетті өнерде сәуледей көрінеді. Сан ғасырдан бері ел аузында жатталып, бүгінгі күнге мирас болып жеткен айтыс өнерінің жас мұрагерлері атадан қалған асыл мұраның тінін үзбей, жалғап келеді. Ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, руханиятын дәріптеген адал ұрпақтың қашанда болашағы жарқын, келешегі кемел боларына сөз жоқ. Осыған сай дүйсенбіде аудан әкімдігінің қолдауымен К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орайластырылған «Аналар – асыл жандар, ардақтылар» атты мектеп оқушылары арасында аудандық жас ақындар айтысы өтті. Сөз мәйегін саралаған сайысты аудандық Жыраулар үйі ұйымдастырды.
Ондағы мақсат – халқымыздың ескі замандардан сүрлеу тартқан ең көне поэтикалық дәстүрі – айтыс арқылы жас талапкерлердің сөздің нәрін, інжу-маржанын, әдемі халықтық әуен мен жыршылық мақам-сазын, ұтқыр ой мен тамаша теңеулерді қолдана отырып, аналар жайлы жыр өрнектерін төгілту.
Ақындар айтысына ауданның өнерсүйер қауымы, ардагерлер, жастар, жас ақындардың жанкүйерлері қатысты. Сондай-ақ оған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, жыраулар үйінің «Тұрмағамбет ақын» үйірмесінің үйірме жетекшісі Нұршат Наурызбаевалар қазылық етті.
Айтыскер ақындар 3 кезең бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, «Сәлем – сөздің атасы», «Ақындар айтысы» және «Тақырыптық айтыс» деп аталды. Үміткерлерге тақырыпты ашу, тапқырлық, ой ұшқырлығы, сөз маржанын кестелеу, қарсыласқа ұтымды жауап беру және сахна мәдениетінің сақталуы, суырыпсалмалық пен әншілік, ақындық, орындаушылық шеберліктері, көрерменмен байланыс секілді талаптар қойылып, шарттар белгіленді.
Сайысқа 7 ақын қатысып, өзара тартысты айтыс жасады. Жас талапкер ақындардың барлығының бабы бірдей деп айта алмаймыз. Әлбетте, олардың арасында сахнаға енді төселіп келе жатқаны да, 1-2 жылдың көлемінде бірнеше айтысқа қатысып, сөз сүбесінің жілігін шағып жүргендері де кездеседі. Өнерге құлаш сермеген барша жастың бойынан ұлтына, қазағына деген, оның айтыс өнеріне деген құрметі мен қызығушылығы анық сезілді. Дегенмен, елдің, халықтың алдына шығып, ұтымды ой айту, шеберлік таныту, тапқырлық ету – жүйріктің ғана қолынан келетіні белгілі.
Сахна төріне шыққан айтыскерлердің бірі – қиыннан қиыстырып сөз тауып кетіп жатса, енді бірі – тосылып қалып жатты. Ал келесі ақынымыз ауыздығымен алысқан жүйрік секілді кез келген сөз тартыстан шыға біліп, шабысынан жаңылмады. Іріктеу турынан 2 жұп сүрінбей өтсе, финалда кіл мықтыдан кім мықты дегендей, қатарластарынан оза шапқан қос ақын көпшіліктің ықыласына ие болды.
Сөйтіп, айтыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен №85 мектептің оқушысы Еркебұлан Жалғасбаев бас жүлдені жеңіп алса, I орын №250 мектеп-лицейдің оқушысы Қайсар Карабдиновке бұйырды. №106 мектептің оқушысы Жансая Асанова мен №28 мектептің оқушысы Жанел Тоқтар II орыннан көрінсе, ақындар айтысының III орынын №105 мектеп-лицейдің оқушысы Диас Тиыштыбай, №269 мектептің оқушысы Аяжан Хамит және №275 мектептің оқушысы Әділет Әлиев иеленді. Бұл бір жағынан жас айтыскердің ізденушілік, алға қарай ұмтылушылық талабы десек, бір жағынан оларды осы киелі өнерге баулып, оның сыры мен қырын үйретуде талмай еңбек етіп жүрген жетекшісінің де үлкен қажыр-қайраты деуімізге толық негіз бар.
Іс-шара түйінінде марапат иелеріне аудандық мәдениет және спорт бөлімінің алғыс хаты мен сыйлығы табысталса, оған қоса ақын ұстаз Дастан Мырзабекұлының «Анам жайлы аңыз» атты баспадан жаңа шыққан жеке кітабы сыйға берілді. Сонымен қатар «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы», аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов жас өрендерге ойсаларлық тәлімді әңгімесін айтып, ақ батасын берді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ