Құтты өлкенің кемеңгерлері
Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қармақшы аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен Қ.Бүрлібаев атындағы Тұрмағамбет ауылдық клуб үйінде Сыр сүлейлерінің мұрагер ұрпағы, жыр жампоздарының ізін жалғастырып, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізген ұстаз, жырау Сүйінбай Ақбаевтың туғанына - 105 жыл, еңбекпен бірге дәстүрлі жыраулық өнердің биігіне көтерілген жырау Берман Бисенбаевтың туғанына 102 жыл, жанына өлеңді серік еткен, шежіреші Запа Даулетбаевтың туғанына - 95 жыл толуына орай "ҚҰТТЫ ӨЛКЕНІҢ КЕМЕҢГЕРЛЕРІ" атты ақын-жыршылардың өнер фестивалі ұйымдастырылды. Өнер фестивалін Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Алдамұратов Мұрат Жұмаділұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивалге ақын Наурызбаева Нұршат, Аслан Бермановтар арнау жырымен шашу шашса, жыршы-жыраулар Зауре Кәрібаева, Алмат Азаматов, Әлішер Мырзағалиев, Ақсұңқар Бүркітбай, Руслан Өтегеновтер Сыр сүлейлерінің шығармаларын мақам саздарымен нақышына келтіре орындап, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Мәдени шараға арнайы келіп қатысқан Сүйінбай жыраудың ұрпақтары Қожатаева Айгүл Тәсілімқызы, Сүйінбаева Ләйлә Қуанышқызы, Ақбаева Нұршаттар жырдан шашу шашып, халықтың мерейін асқақтатты.
Шара соңында Сүйінбай жыраудың ұрпақтары Қожатаев Тәсілім, Ақбаева Рая, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Даулетов Жарылқасын, Берман жыраудың ұрпағы Қанаткүл Бисенбаевалар ұйымдастырушыларға рахметін айтып, лебіздерін білдірді.
Өнер фестиваліне қатысқан барша өнерпаздар Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімнің арнайы Дипломымен және сый-сияпаттармен марапатталды. Тұрмағамбет ауылының ақын-жырауларының ұлы мерейтойлары ұлысын ұлықтаған, ақынын ардақтаған ұлағатты елдің өрелі өнегесінің айғағындай.